Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент: БҰҰ абырой-беделі тоқырауға ұшырап, халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті

28.10.2026, 11:20 55

HALYQLINE.KZ

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Құрылтай отырысы басталды. Жиында Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, әлемдегі тұрақсыздық пен өзара сенім дағдарысының күшейгенін айтты.

Мемлекет басшысының сөзінше, тәуелсіздік пен егемендікті қорғауға қатысты бірқатар мәселе әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Сондықтан алға қойылған міндеттерді орындау үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау маңызды.

«Бүгін мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларыммен бөлісемін, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталамын. Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз. Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем елдері арасындағы текетірестің күшейгенін, ірі мемлекеттер арасында өзара сенім дағдарысы қалыптасқанын атап өтті. Сонымен қатар бақылаусыз көші-қонның артуы кейбір Еуропа елдерінің қауіпсіздігіне кері әсер еткенін айтты.

«Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет. Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды. Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ. Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді», деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауы республикалық телеарналардан және Ақорданың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.

Дереккөз: egemen.kz

Фото: Ақорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: