Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлуді тапсырды

28.10.2026, 11:18 62

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыру жоспары әзірленеді. Оны жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Мемлекет басшысы 28 қазандағы Жолдауында елдің барлық өңірінде құрылыс қарқынын арттырып, әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту қажеттігін айтты. Президенттің сөзінше, тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеру үшін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілік толық зерттелуге тиіс.

— Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз. Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ. Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке облыстардың әлеуметтік нысандарға деген нақты қажеттілігін анықтау жұмысын жедел аяқтауды тапсырды. Жаңа құрылыстар мен қолданыстағы нысандарды жаңғырту осы талдау нәтижелеріне сүйеніп жүргізілуге тиіс.

Мемлекет басшысы ел экономикасының көрсеткіштеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көлемі 19 мың доллардан асады. Экономикасының ауқымы бойынша Қазақстан әлемде 47-орынға көтерілмек.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Ал алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан жоғарылаған.

Президент осы экономикалық мүмкіндіктерді өңірлердің инфрақұрылымын жақсартуға бағыттау керектігін атап өтті.

— Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қалалардың дамуына да арнайы тоқталды. Оның пікірінше, әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы қажет. Бұдан бөлек, Үкімет пен әкімдіктерге қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеу міндеті қойылды.

— Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс. Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қалаларды қауіпсіз, жайлы әрі көрікті ету жұмысын «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен байланыстырып, өңірлерді дамытуда инфрақұрылым сапасына басымдық беруді тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: