Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Онда 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, бюджет қаражатының игерілуі және салық базасын ұлғайту мәселелері қаралды.
Мәжілісте облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев баяндама жасады.
Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне кіріс көздерін ұлғайтуды, бюджет және салық түсімдері бойынша қалыптасқан олқылықтардың орнын толтыруды тапсырды.
«Қала, аудан әкімдіктері, резерв көздерін өз аумақтарыңыздан іздестіріп, жұмысты жандандыру қажет. Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, жоспарланған түсімдерді толық орындауды қатаң тапсырамын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Өткен жылдардағы салық берешектерін өндіріп алу және алдағы уақытта берешектің өсуіне жол бермеуге қатысты Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктеріне, мемлекеттік кірістер, полиция және экология департаменттеріне нақты міндеттер жүктелді.
Сондай-ақ экологиялық талаптардың сақталуын қадағалай отырып, рұқсатсыз қызметтерді анықтау және қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін төлемдер толық түсуі қажет. Еңбекақы қорын заңдастыру, жасырын табыстар мен төлемдерді анықтау керек. Осы мақсатта банк аударымдарымен қолма-қол ақша айналымына талдау жүргізіп, салық салу базасын кеңейтуге басымдық беру тапсырылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!