Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Апатты үй – ажалдың «апаны»

29.10.2026, 8:20 48

Қазақстандағы апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер жайы күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Бүгінде қауіпсіз баспанаға мұқтаж мыңдаған отбасының мәселесі толық шешілмеген. Соңғы 3 жылда ел бойынша 352 апатты және ескі үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынған. Десе де, бұл жұмыс тұрғын үй қорын жаңартуға жеткіліксіз болып тұр. Осыған байланысты Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков Үкіметке апатты үйлердің тұрғындарын көшіру жөніндегі бірыңғай жол картасын әзірлеуді ұсынды.

Депутат Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында елдегі тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстарының қарқынына назар аударды. Оның мәліметінше, республикада 61 367 көппәтерлі  тұрғын үй бар. Соның 1 037-сі апатты жағдайда болса, 3 347-сінің тозығы жеткен. Депутаттың бағалауынша, мұндай баспаналарда тұратын және қауіпсіз үйге көшуге мұқтаж меншік иелерінің саны 27  мыңға  жуықтайды.

– Соңғы үш жылда тұрғын үй-коммуналдық инфра­құрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде өңір­лер­де 352 апатты жағдайдағы және тозығы жеткен тұрғын үй бұзылып, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынды. Бұл көрсеткіш жалпы республика тұрғын үй қорының тек  0,3%-ын ғана қамтып отыр, — делінген  депутаттық  сауалда.

Яғни, мәселе тек ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа ғимарат салумен шектелмейді. Ең бастысы – қауіпсіз баспанаға мұқтаж азаматтардың барлығын қамтитын нақты  әрі  орындалуы  міндетті  жоспардың  болуы.

Депутат келтірген мәлімет бойынша, 2029 жылға дейін әкімдіктер апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына 895 көппәтерлі үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл көшуі тиіс меншік иелерінің жалпы санының шамамен  42%-ын  ғана  қамтиды.

Ал қалған 15 653 меншік иесі ескі әрі қауіпті үйлерде қалып қоюы мүмкін. Демек, қолданыстағы жоспарлар толық орындалған  күннің өзінде тұрғын үй мәселесі шешілмеген отбасылар  болады.

2025 жылы апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғырту бағытында мәслихаттар мен әкімдіктердің өңірлік ренова­ция бағдарламаларын қабылдау жөніндегі құзыреті заңнамалық тұрғыдан күшейтілген. Дегенімен, депутат­тың айтуын­ша, өңірлерде бағдарламаларды іске асыру қар­қыны әркел­кі, ал бірқатар аймақта жоспарланған жұмыс көлемі қажеттілік­ті  толық  өтемейді.

– 2026-2029 жылдарға арналған реновация жоспарлары бойын­ша, мысалы Батыс Қазақстан облысында 334 апатты және тозығы жеткен үйдің ішінде тек 3 үйдің меншік иелерін жаңа тұрғын үйге көшіру жоспарлануда, бұл қауіпсіз тұрғын үйге деген қажеттіліктің 1%-ын ғана құрайды. Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының жоспарлары бойынша осындай тұрғын үйлер тек 2-19%-ға дейін жаңартылады. Басқа өңірлердегі көрсеткіш 20-75%-ды құрайды. Осылайша, көптеген өңір бойынша жағдай сын  көтермейді, — деді  депутат.

Айтуынша, Астана  қаласы,  Жамбыл  және  Павлодар облыс­тарының  әкімдіктері 2029 жылға қарай мәселені толық шешуге дайын. Сонымен қатар, 15 мыңнан аса меншік иесінің апатты және  тозығы  жеткен үйде қалып кету қаупі бар екеніне баса  назар аударды.

Бәріне белгілісі, апатты үйлердің мәселесін кейінге қалдыру адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді. Өйткені, апатты үй – ажалдың «апаны». Мұндай ғимараттарда өрт қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдер де жоғары болады. Сондықтан, тұрғындарды көшіру жұмысы тек құрылыс жоспарының көрсеткіші емес, әлеуметтік және қауіпсіздік мәселесі ретінде де қарастырылуы  кезек  күттірмейді.

Апатты баспана мәселесі Қызылорда облысына да тән. Облыс­тық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының ресми сайтта 2026 жылдың 12 қаза­нында жариялаған мәліметіне сәйкес, өңірде сараптама қорытындысы­мен апатты деп танылған 69 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 63-і Қызылорда қаласында болса, үшеуі Қармақшы ауданында, екеуі Сырдария ауданында және біреуі Жала­ғаш  ауданында  орналасқан.

Басқарманың дерегінше, жалғыз баспанасы апатты деп таныл­ған 673 тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл – мәселенің тек ғимаратт­ардың техникалық жай-күйімен шектелмейтінін көрсететін маңызды көрсеткіш. Өйткені, мұндай азаматтар үшін басқа жерге көшу – таңдауға болатын мүмкіндік қана емес, қауіп­сіз  өмір  сүрудің  қажетті  шарты.

Өңірде  осы  бағытта  белгілі бір жұмыстар атқарылып жатыр. 2024 жылы облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлініп, 2025 жылғы  наурызда  тұрғындарға 135 пәтер табысталған. Соны­мен  қатар,  апатты  жағдайдағы  3  үй  бұзылған.

2026 жылы тағы 135 пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге қарастырылған. Мұны кезекте тұрған тұрғындарды баспанамен қамтуға бағытталған қадам деуге тұрарлық. Десе де, апатты деп танылған үйлердің саны мен баспанаға мұқтаж азаматтарды ескерсек, мәселені кезең-кезеңімен шешуді  жалғастыру  қажет.

Облыстағы тұрғын үй қорының жағдайына да назар аудару керек. Ресми мәліметке сүйенсек, өңірдегі 1 505 көппәтерлі тұрғын үйдің 601-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл статистика – жалпы қордың шамамен 40%-ы. Демек, апатты үйлерді көшірумен қатар, әлі де пайдалануға болатын, бірақ жөндеуді қажет ететін ғимараттарды жаңғырту мәселесі де өзекті екенін байқаймыз.

Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков Үкіметке 3 негізгі ұсыныс  жасады.

Біріншіден, реновация жобаларының орындалуын бақылау үшін Үкімет жанынан арнайы комиссия құру қажет. Оның құрамына Құрылтай депутаттары мен өңір әкімдері тікелей қатысуы керек. Бұл жоспарлардың орындалуын бақылауға және өңірлердегі  мәселелерді  жедел  анықтауға  мүмкіндік  береді.

Екіншіден, Үкімет  апатты  және тозығы  жеткен үйлердің әрбір меншік иесін көшіру мерзімдері көрсетілген бірыңғай жол  картасын әзірлеуі керек. Мұндай  құжатта қай өңірде қанша тұрғын үй жаңартылатыны, қанша отбасы  көшірілетіні және жұмыстың  қай  уақытта  аяқталатыны  нақты  белгіленуге  тиіс.

Үшіншіден,  реновация бағдарламаларының орындалу нәтижесін  әкімдердің  жұмыс  сапасын  бағалау рейтингісіне енгізу  ұсынылды. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жауап­кершілігін күшейтіп, тұрғын үй мәселесін шешуге деген ынтасын  арттыруы  мүмкін.

Қорытындылай айтқанда, апатты үйлерді жаңарту тек құрылыс саласының міндеті емес екені анық. Мұны мыңдаған отбасының қауіпсіздігіне, тұрмыс сапасына және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін мәселе деп қарастырған жөн. Қызылорда облысында апатты үйлердің тұрғындарын көшіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатса да, ескі тұрғын үй қорын  жаңғырту  міндеті  әлі  де  алдымыздан шығатынын жасыра алмай­мыз.

Сол себепті, ендігі маңызды мәселе – жоспарланған пәтерлер­дің санын көбейту әрі көмекке мұқтаж әрбір отбасының тағдырын нақты есепке алу, олардың қашан және қандай жағдайда қауіпсіз баспанаға көшетінін айқындау. Бірыңғай жол картасы  осы  міндетті  жүйелі  шешудің  маңызды  тетігі  бола алады.

Әйтпесе, шыбын жанын шүберекке түйіп отырған отба­сылардың саны азаймақ емес. Апатты үй ажалдың «апаны» іспеттес. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» десек, түйткілді тақырыптың  шешімін  жан-жақты  қарастырғанның  да  еш  әбестігі  болмайды.

Рыскелді  ЖАХМАН

Фото: Жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: