Қазақстанда «Арал – Каспий» магистралі мен «Бақты – Аягөз» теміржолының құрылысы елдің халықаралық транзиттік мүмкіндігін кеңейтпек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа автомобиль жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен мың шақырымға қысқартады, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Мемлекет басшысы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында логистика инфрақұрылымын дамытуды ел экономикасының стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде атады. Оның айтуынша, әлемдік сауда жолдары өзгеріп жатқан жағдайда Қазақстан халықаралық жүк тасымалындағы мүмкіндігін тиімді пайдалануы қажет.
Президент 2027 жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу жоспарланғанын мәлімдеді. Жаңа бағыт Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін қосымша 20 миллион тоннаға арттыруға тиіс.
— Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады. Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Арал мен Каспийді байланыстыратын магистральдың құрылысы Қазақстанның транзиттік бағыттарын дамытудағы маңызды жобалардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Жаңа жол жүк тасымалының бағытын қысқартып, тасымалдау уақытын азайтуға мүмкіндік бермек.
Мемлекет басшысы теңіз жолдарының осалдығы күшейген сайын құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызы артып келе жатқанын айтты. Осыған байланысты Қазақстан Еуразиядағы жетекші логистикалық орталықтардың біріне айналуға ұмтылуы керек.
— Әлемдік логистика ауқымды өзгерістер мен жедел даму кезеңіне аяқ басты. Теңіз жолдарының осалдығы құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттырды. Қазақстан осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуы тиіс. Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына бағытталған жүк тасымалының шамамен 85 пайызы біздің аумағымыз арқылы өтеді, – деді Президент.
Тоқаев қолданыстағы транзиттік мүмкіндіктермен шектелуге болмайтынын да атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан халықаралық жүк ағындарын өткізуші ел ретінде ғана қалып қоймай, оларды ұйымдастыруға белсенді қатысуы қажет.
Осы мақсатта отандық логистикалық операторлардың қызметін дамыту, жүктерді жинақтау және бөлу орталықтарын құру, сондай-ақ ірі көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастыру міндеті қойылды.
Президент Үкіметке аталған инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауды тапсырды.
Коллаж: Halyqline.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!