Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда сирек және түсті металдардың стратегиялық қорын қалыптастыру мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы Үкіметке жер қойнауын зерттеу тәсілдерін жаңартып, маңызды металдардың қорын басқарудың ұлттық жүйесін әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Президенттің айтуынша, әлемде жоғары технологиялық өндірістердің дамуына байланысты сирек және стратегиялық маңызы бар металдарға сұраныс артып келеді. Қазақстанның минералдық ресурстарға бай болуы осы саладағы мүмкіндіктерін кеңейтеді. Алайда табиғи байлықты тиімді пайдалану үшін геологиялық барлау жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру қажет.
– Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік. Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жер қойнауын заманауи технологиялардың көмегімен зерттеу, геологиялық деректердің ашықтығын қамтамасыз ету және кен орындарын барлауға жеке инвестиция тарту қажеттігін атап өтті.
Президент стратегиялық металдардың қорын басқарудың ұлттық жүйесінде тау-кен жобаларын ұзақ мерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін тетіктер болуы керектігін айтты. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарттар жасасу арқылы олардың өніміне алдын ала кепілді сұраныс қалыптастыру ұсынылды.
– Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет. Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс. Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сирек және түсті металдардың ұлттық стратегиялық қорын қалыптастыру ұсынысын да қарастыру қажет екенін айтты. Мұндай бастаманың түпкі мақсаты – Қазақстанның әлемдік өндіріс тізбектеріндегі орнын нығайту және шикізатты экспорттаудан жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға көшу.
Сонымен қатар Президент өнеркәсіп жобаларын жоспарлауда өңірлердің нақты мүмкіндігі мен нарықтағы сұраныс ескерілуге тиіс екенін жеткізді. Ол Qarmet сияқты ірі металл өндіруші кәсіпорын жұмыс істеп тұрған жағдайда тағы үш облыста ұқсас өндіріс ашу жоспарларының экономикалық негіздемесіне күмән келтірді.
– Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Үкіметке стратегиялық металдар жөніндегі ұсыныстарды кәсіпкерлермен бірге талқылап, жыл соңына дейін Президенттің қарауына енгізу тапсырылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!