Қазақстанда Алатау қаласына арналған ерекше сот жүйесін құру ұсынылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, инвестициялық даулар ағылшынның жалпы құқық үлгісіне негізделген арнайы сотта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Мемлекет басшысы 28 қазандағы Жолдауында Алатау қаласын инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы іскерлік орталыққа айналдыру мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, халықаралық деңгейдегі инвестициялық жобаларды тарту үшін құқықтық кепілдіктер мен сот төрелігінің сапасы шешуші рөл атқарады.
Президент Алатауда коммерциялық дауларды қарауға арналған Инвестициялық сот және қаланың арнайы құқықтық режиміне қатысты өзге мәселелермен айналысатын Азаматтық сот құрылуы қажеттігін айтты.
– Алатау қаласын инвестициялар мен кәсіпкерлік үшін қолайлы ортаға айналдыруға бағытталған жедел даму жобасының маңызы көпшілікке түсінікті болды деп есептеймін. Кез келген халықаралық юрисдикцияның ұзақ мерзімді тартымдылығының басты шарты – тиімді сот төрелігі. Сондықтан Алатауда сот төрелігін жоғары сапада жүзеге асыратын жүйе құру қажет. Ағылшынның жалпы құқық үлгісіндегі Инвестициялық сот коммерциялық істерді қарайды. Арнайы құқықтық режимге қатысты қалған мәселелер Азаматтық соттың құзыретіне беріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке 2027 жылғы қаңтар айының соңына дейін «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгізуді тапсырды.
Президенттің сөзінше, инвесторлардың сенімін арттыру үшін заңнаманың тұрақтылығы мен олардың құқықтарын қорғау тетіктері маңызды.
– Адал әрі жауапты кәсіпкерлердің инвестициялық мүдделеріне ең күшті әрі сенімді құқықтық кепілдік – Конституция екенін еске салғым келеді, – деді Президент.
Осылайша, Алатауда жеке инвестициялық сот құру ұсынысы заңнамалық өзгерістерді қажет етеді. Жолдауда бұл соттардың жұмысын бастағаны хабарланған жоқ. Алдымен тиісті түзетулер әзірленіп, заң шығару тәртібімен қаралуға тиіс.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!