Қазақстанда ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Құрылтайға салық салудағы әділдік мәселесін зерделеп, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Мемлекет басшысы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында салық жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексі ауқымды реформаның негізін қалағанымен, құжаттың жекелеген нормаларын қолдану кезінде кәсіпкерлер түрлі қиындыққа тап болып отыр.
Президент салық заңнамасы экономиканың нақты жағдайына бейімделуге тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке бизнестің ұсыныстарын ескеріп, заңнамадағы қайшылықтарды жою және артық әкімшілік жүктемені қысқарту тапсырылды.
Салық реформасына қатысты Мемлекет басшысы ірі байлық иелеріне қолданылатын мөлшерлемені қайта қарау мәселесін де көтерді.
– Салық салудағы әділдік мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Меніңше, ірі байлық иелері үшін жоғары салық мөлшерлемесін енгізуді талқылайтын уақыт келді. Заңды жолмен алынған активтерге қандай да бір шектеу қою көзделіп отырған жоқ. Мұндай әрекет Конституцияға қайшы болар еді. Әңгіме әр азаматтың еліміздің дамуына әділ әрі мөлшерлес үлес қосуы жөнінде болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Үкімет пен Құрылтай бұл ұсыныстың құқықтық және экономикалық негіздерін зерттеп, тиісті шешімдер ұсынуы қажет.
Мемлекет басшысы салық жүйесін әділ ету үшін оның ашықтығын арттыру маңызды екенін де айтты. Ол жасанды интеллект және цифрлық технологияларды пайдалану арқылы салық түсімдерін ұлғайтып, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге болатынын жеткізді.
Жолдауда жоғары мөлшерлеменің нақты көлемі, оның қандай табысқа немесе активтерге қолданылатыны, сондай-ақ күшіне ену мерзімі жарияланған жоқ. Сондықтан бұл бастама әзірге талқыланатын ұсыныс болып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!