Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда 70-ке жуық медициналық нысан салынады – Тоқаев

28.10.2026, 11:22 73

Қазақстанның өңірлерінде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары мен балаларды оңалту орталықтары бар. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордың қаражатын елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тиімді жұмсау қажеттігін айтты. Президенттің сөзінше, қордың негізгі міндеті ел байлығын сақтап, оны келешек ұрпақтың игілігіне жарату болғанымен, бүгінгі өзекті мәселелерді шешуді кейінге қалдыруға болмайды.

— Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату. Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік тек қаржылық жинақ қалдырумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, технологиясы дамыған, экономикасы бәсекеге қабілетті, заманауи инфрақұрылымы бар және азаматтардың өмір сүру деңгейі жоғары мемлекет қалыптастыру қажет.

Осы мақсатта Ұлттық қордан бөлінетін қаражат бірінші кезекте халыққа тікелей пайда әкелетін жобаларға бағытталмақ. Мемлекет басшысы қаржының жұмсалуына қатаң бақылау орнатып, әр жобаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымын қамтамасыз етуді тапсырды.

— Бірақ Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек. Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады, – деді Президент.

Жолдауда өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын кеңейтуге басымдық берілді. Жоспар бойынша, ел аумағында 70-ке жуық медициналық нысан салынады. Олардың арасында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше қажеттіліктері бар балаларға бейімделген спорт залдары болады.

Бұған қоса, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталмақ. Осылайша, жаңа құрылыс бастамалары денсаулық сақтау саласымен қатар білім, мәдениет және бұқаралық спорт инфрақұрылымын да қамтиды.

— Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа нысандардың құрылысына жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту қажеттігін де атап өтті. Бұл ретте мердігерлердің материалдық-техникалық мүмкіндігі мен тәжірибесіне мән берілуі тиіс.

Жолдауда жарияланған жоспар аясында медициналық және әлеуметтік нысандардың нақты қай елді мекендерде салынатыны, олардың әр өңірге бөлінетін саны мен пайдалануға беру мерзімі әзірге нақтыланған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: