Заң, тәртіп және парасатты көшбасшылық – қоғам дамуының басты құндылықтары. Заң мен тәртіпті құрметтеу – саналы қоғамның белгісі, ал сенім мен жауапкершілік – тиімді басқарудың негізі. Осындай мазмұнды іс-шаралар мектеп басшыларының кәсіби дамуына ықпал етіп, білім беру ұйымдарында әділдік, тәртіп және жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға қызмет етеді. Дебат турнирі мектеп басшылары үшін жай ғана пікірсайыс алаңы емес, кәсіби тәжірибе алмасудың, тың бастамаларды талқылаудың және ортақ мәселелерге бірлесе шешім іздеудің маңызды ортасына айналды. Өйткені білім беру ұйымындағы тәртіп тек бақылаумен шектелмейді. Ол – ортақ ережелерді сақтау, өзара құрметті қалыптастыру, сенімді нығайту және әрбір адамның өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы десек, осы қағидаларды ту еткен мектеп басшылары арасында «Заң және тәртіп: бақылау, сенім және жауапкершілік» тақырыбында мазмұнды әрі тартысты дебат турнирі өтті. Осы мақсатта мектеп басшыларының кәсіби біліктілігін арттыру, өзара тәжірибе алмасуын дамыту және құқықтық мәдениетін нығайту бағытында «Заң және тәртіп: бақылау, сенім және жауапкершілік» тақырыбында мектеп директорлары арасында дебат турнирі ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, білім беру ұйымдарындағы тәртіп пен бақылаудың маңызын саралау, өзара сенім мен жауапкершілікті арттыру, қауіпсіз әрі құқықтық қоғам қалыптастыру жолында мектеп басшылары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Қармақшы аудандық білім бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес мектеп директорлары арасында «Директор SKAP» айдарымен №85 мектеп базасында өткізілді. Аудандық білім көшбасшыларының дебат турнирінде сөз кезегі дебат үйлестірушісі Айжан Сатжанқызына беріліп, ережесімен таныстырды. Аталған пікірсайыс алаңы мектеп директорларының кәсіби біліктілігін, шешендік шеберлігін, сыни ойлау қабілетін және басқарушылық ұстанымдарын саралаған маңызды іс-шара болды. Аталған іс-шараға 26 мектеп басшысы қатысты. Қатысушылар заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп, өзара сенім мен жауапкершілік мәселелерін талқылап, өз көзқарастарын нақты дәлелдермен жеткізе білді. Дебат турнир барысында білім ордамыздың басшысы Жасұлан Жұматайұлы өзінің терең білімін, ұтымды уәжін, шешендік өнерін және парасатты көшбасшылық қасиеттерін жоғары деңгейде көрсетті. Әрбір пікірін салмақты дәлелдермен негіздеп, өз ұстанымын сенімді түрде қорғаған мектеп басшысы кәсіби біліктілігі мен азаматтық көзқарасын таныта білді. Нәтижесінде Жасұлан Жұматайұлы облыстық кезеңге жолдама алып, білім ордамыздың мерейін үстем етті. Бұл – табандылық пен ізденістің, білім мен тәжірибенің, сондай-ақ ел болашағына деген жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Жетістік – тек бір адамның жеңісі емес, бұл – ортақ мақсат жолында жұмылған ұжымның бірлігі мен еңбегінің жемісі. Мектеп басшысының осындай биік белестен көрінуі ұстаздар қауымына шабыт беріп, білім ордасының абыройын асқақтата түседі. Өйткені нағыз көшбасшы – тек бағыт көрсетуші ғана емес, әділдік пен жауапкершілікті ісімен дәлелдейтін, өзгеге үлгі болатын тұлға. Заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау, сенімді нығайту және жауапкершілікті сезіну өскелең ұрпақ тәрбиесінде де ерекше маңызға ие. Сондықтан мұндай пікірсайыстар басшылардың кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, білім беру ұйымдарында әділеттілік пен ашықтық қағидаларын нығайтуға ықпал етеді. Жасұлан Жұматайұлының бұл жетістігі құтты болсын! Алдағы облыстық кезеңде де сәтті өнер көрсетіп, биік белестерді бағындыруына тілектеспіз. Білім мен парасатты, әділдік пен жауапкершілікті ту еткен көшбасшының алар асуы әлі де биік болсын! Заң үстемдігі салтанат құрған жерде сенім нығаяды, ал парасатты көшбасшылық бар жерде жарқын болашаққа жол ашылады. «Сөзді жүйесімен сөйлеу – өнер, жүйесіз сөйлеу – әлек» деген Ахмет Байтұрсынұлының осы бір тағылымды сөзі сөз мәдениеті мен шешендік өнердің мәнін айқындайды. Ойды жүйелі жеткізу, дәлелді пікір айту және өз ұстанымын сауатты қорғау – нағыз көшбасшыға тән қасиеттер.

Турнир қатысушыларды қарсы алу және тіркеу рәсімінен басталып, кіріспе бөлімде дебат бағдарламасымен таныстыру жүргізілді. Одан кейін қатысушылар жұптарға бөлініп, пікірсайыстың алғашқы және екінші іріктеу раундтарында өзара бақ сынады. Дебат барысында мектеп басқаруындағы заңдылық пен тәртіп, бақылаудың тиімділігі, сенімнің рөлі және басшы жауапкершілігі секілді өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар өз ойларын нақты дәлелдермен жеткізіп, қарсы тараптың пікіріне сыни көзқараспен қарап, шешендік шеберліктері мен логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Әр раунд пікір алмасуға, тың идеялар ұсынуға және басқарушылық шешімдердің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді. Ал финалдық кезеңде үздік қатысушылар өздерінің білім деңгейі мен көшбасшылық қабілеттерін тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік алды. Іс-шара барысында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарында заманауи әрі креативті тәсілдерді қолдану, мектеп ортасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және басқару үдерісінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Турнир қорытындысы бойынша аудандық білім бөлімінің әдіскері Тоқшылықова Ақтолқын Каналбекқызына және Байқоңыр қаласы прокуратурасының прокуроры Серік Меруерт Серікқызына сөз кезегі беріліп, қатысушылардың нәтижелері сараланып, үздіктер марапатталды. Сонымен қатар дебат алаңы мектеп директорлары арасындағы әріптестік байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жаңа бастамаларға жол ашатындығын тілге тиек етті.
Сөздің жүйесі – ойдың айнасы, ал парасатты пікір – көшбасшылықтың көрінісі. Ендеше, заң үстемдігі мен өзара сенім салтанат құрған ортада ғана қауіпсіз қоғам мен сапалы білімнің берік негізі қаланады.
Гүлназ Сарсембаева,
«Шабыт» орталығының жетекшісі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!