Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек

07.10.2026, 8:55 75

HALYQLINE.KZ

Кеше Шиелі ауданы Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, ұлағатты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

– Сіздерді төл мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әрбір адамның болашағының жарқын, келешегінің кемел болуы үшін сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп, тәуелсіз еліміздің болашағы — өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде мұғалімнің орны ерекше. Өйткені жас ұрпақтың бойына адамзатқа ортақ асыл қасиеттерді сіңіріп, білім мен ғылымға жетелейтін де – ұстаз.

Сондықтан Ұстаздар күні – қоғамдағы орны айрықша, мәртебесі биік мерекелердің бірі.

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген халқымыздың тағылымды сөзі бүгінгі күннің өзекті қағидасына айналып отыр. Білімі мен ғылымы дамыған мемлекет қана цифрландыру дәуірінде бәсекеге қабілетті болатыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, кәсіби мәртебесі мен беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Білім саласы – елдің ертеңін айқындайтын, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететін аса маңызды сала. Үкіметтің және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың қолдауының нәтижесінде өңірімізде білім беру саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Ауданда білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, білім сапасын арттыру, заманауи талаптарға сай білім беру нысандарын салу және өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Биылғы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданымыз облыс көлемінде орташа 84 балл көрсеткішімен үздік нәтижелер қатарынан үшінші орын иеленді. Бұл – ұстаздарымыздың еселі еңбегінің, кәсіби біліктілігінің және шәкірттерге деген шынайы жанашырлығының нәтижесі.

Құрметті ұстаздар!

Сіздердің еңбектеріңізге толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, өздеріңізге зор денсаулық, бақ-береке және қажымас қайрат тілеймін! Білімді де тәрбиелі, елжанды жас ұрпақты тәрбиелеуде, халқымыздың рухани байлығын арттырып, ынтымағын нығайтуда атқарып жүрген еңбектеріңіз жемісті болсын!

Мәртебелеріңіз биік, абыройларыңыз асқақ болсын! Егемен еліміздің еңсесі биік, тұғыры нық болсын! — деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков.

Мерекелік іс-шара барысында бірқатар ардақты ұстаздарға Қызылорда облысы әкімінің және Шиелі ауданы әкімінің «Алғыс хаттары», сондай-ақ облыстық және аудандық кәсіподақ комитеттерінің марапаттары табысталды.

Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасып, ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше мерекелік әсер сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: