Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

“Қалдырған ізің мәңгілік…”: Ұстазға деген ұлы құрмет

07.10.2026, 8:05 85

Ұстаздар күніне орай Арал аудандық орталық алаңда ұлағатты ұстаздарға арналған «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты салтанатты мерекелік кеш өтті.

Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның жүрегіне ізгілік пен адамгершіліктің дәнін себетін, болашаққа бағыт-бағдар беретін ұлы тұлға. Кештің өзегіне айналған осы ұлы ұғым мерекелік бағдарламаның әрбір сәтінен көрініс тапты.

Салтанатты кештің шымылдығы «Ұстаздық – ұлы миссия» атты әсерлі прологпен ашылды. Жүз оқушы мен ұстаздар қатысқан композицияда білім жолының әр кезеңі көрініс тауып, шәкірт пен ұстаз арасындағы мәңгілік байланыс айшықталды. Ардагер ұстаздың жүрекжарды жыры мен түрлі мамандық иесі болған ұстаз түлектерінің құттықтауы көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Ұстаздар мерекесіндегі мерейлі кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ұстаздар қауымана өзінің ізгі тілегін арнап, аудандағы білім саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Мерекелік шара барысында ауданның білім саласында еселі еңбек етіп жүрген үздік ұстаздар облыс және аудан әкімінің алғыс хатына ие болып, еңбектері лайықты түрде ұлықталды.

Кеш барысында ұстаздарға арналған әндер шырқалып, күмбірлеген күй, мың бұралған би, терме мен музыкалық композициялар орындалып, мерекелік кештің мазмұнын байыта түсті.

Аудандық Оқушылар үйі мен Өнер мектебінің өнерпаздары, ұстаздар мен оқушылардан құралған шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін ортаға салды.

Кештің сәнін елімізге танымал өнер иелерінің арнайы өнер көрсетуі келтіріп, ұстаздарға арналған мерекелік ән шашуды одан әрі әсерлі етті. ARO лақапатымен қазақ сахнасында кеңінен танылып жүрген жас музыкант Арман Сейтжапар және жерлесіміз әнші, сазгер Үкітай Ерниязовтардың сахнаға төріне шығып, өз өнерлерін тарту етуі кештің сәнін аша түсті.

Бұдан бөлек әсем ән мен әуезді музыка, тағылымды қойылымдар мен жарқын көңіл күй және түрлі түсті отшашулар көрерменге көтеріңкі мерекелік атмосфера сыйлады.

«Қалдырған ізің мәңгілік…» атты бұл кеш ұстазға көрсетілген ұлы құрметтің, шынайы алғыстың және мәңгілік тағылымның жарқын көрінісі болды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: