Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі

07.10.2026, 8:30 95

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданында ұлағатты ұстаздар қауымының кәсіби мерекесіне орай «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде өткен мерекелік іс-шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, барша білім саласының қызметкерлері мен ардагерлерін мерекемен құттықтады.

— Мұғалім болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – адам тағдырына әсер ететін, ұлттың болашағына тікелей ықпал ететін қасиетті жол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным» деген болатын. Соңғы жылдары қасиетті Сыр өңірі мен қазыналы Қазалы ауданында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың, Үкіметтің, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен білім саласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асуда.

Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр ауылында 300 орындық «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Биыл аудандағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 6 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарына 270 миллион теңге қаржы бөлініп, білім ошақтарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың барлығының түпкі мақсаты бір – оқушыға сапалы білім беру. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу жолындағы адал еңбектеріңізге табыс, өздеріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби абырой тілеймін!

Шәкірттеріңіздің жүрегіне әрдайым жол тауып, мерейлеріңіз үстем болсын, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Бұдан кейін білім саласында толағай табысқа жетіп, шәкірттерді шыңға шығарып жүрген бірқатар ұстаз марапат төрінен көрінді. Олар облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың, аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ ауданның білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен сала ардагерлеріне 75, 80 жас мерейтойларымен мерекелік құттықтаулар табысталды. Мұнан соң мерекеге орай сахна төріне аудан әкімінің ықылас гүлі шығарылып, барша ұстазға құрмет көрсетілді.

Ұлағатты ұстаздардың мерейін үстем еткен көңілді кеште аудан өнерпаздары мен өнерді жанына серік еткен аяулы ұстаздар мен өнерлі оқушылар ән-күйден шашу шашып, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.

Айта кетейік, бүгінде ауданымызда 37 білім ошағы, ал жалпы аудандағы білім беру ұйымдарында 2500-ден астам ұстаз жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде толымды жұмыс істеп келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: