Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралда адамдықтың айнасына айналған қойылым сахналанды

30.09.2026, 20:10 28

HALYQLINE.KZ

Адам ғұмырының ең күрделі сәттері кейде сахна төрінде сөйлейді. Күлкі мен мұң қатар өріліп, көрерменнің жүрегіне үнсіз сұрақ тастайтын сондай тағылымды кеш Арал төрінде өтті.

Яғни, аудандық мәдениет үйінде Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының гастрольдік сапары аясында халық жазушысы Флорид Буляковтың «Отыз ұлың болғанша…» атты мұңды комедиялық қойылымы көрермен назарына ұсынылды. Қарттық дейтін кемел кезеңнің қадірменді жандары қонақ болған бұл кештің 1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде өтуінің өзі ауданның аға буынына үлкен тарту болды.

Қойылымның өзегі ретінде өмірдің талай белесін артқа тастап, ғұмырының соңғы кезеңінде жалғыздықтың салмағын сезінген төрт кейуананың жан тебірентерлік тағдыры суреттеледі. Бір қарағанда қарапайым көрінетін кейіпкерлердің өмірі арқылы шығарма адам баласына аса қажет мейірім мен махаббаттың, жанашырлық пен жылылықтың бағасын терең ұғындырады.

Сахнадағы әрбір сөз бен әрбір әрекет көрерменді өз өміріне үңілдіргендей әсер қалдырды. Қойылым бірде күлдірсе, бірде жүректі шымырлатып, «Адамға адамнан артық не керек?», «Қарттықтағы жалғыздықтың өтеуі не?» деген сауалдарды санаға салмақ салмай-ақ сіңіре білді. Бабаларымыз «бір тұтам» деп пайымдаған өмірдің ең әсерлі шақтарын сахна төрінде шебер суреттеген жандар қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Қызылорда облысының құрметті ардагері Бақытбек Алпысбайұлы бастаған бір топ өнер майталмандары болды.

Бұл тек театрландырылған қойылым емес, адамдық қасиеттердің қадірін еске салған рухани сырласу болды. Қойылымды көпшілікпен бірге тамашалаған аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев аудан ардагерлеріне және гастрольдік сапармен ауданған арнайы келген өнер ұжымына ерекше алғысын білдіріп, аудан әкімінің арнайы Алғыс хатын табыстады.

Көрермен ықыласына бөленген сахна саңлақтары екі қойылған қойылым барысында кейіпкерлердің жан әлемін шынайы жеткізіп, аралдық ағайынға әсерлі өнер кешін сыйлады.

Аралдық көрермен театр ұжымын зор қошеметпен шығарып салып, өнерпаздарға шығармашылық шабыт пен толағай табыс тіледі.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: