Өзін инвестициялық брокер ретінде таныстыратын кейбір жобалар клиенттердің ақшасын жеке тұлғалардың банк карталарына қабылдаған болуы мүмкін. «Ақ жол» фракциясы депутаттық сауалында осындай деректерді келтіріп, бірнеше интернет-жобаның қызметін тексеруді сұрады.
Құжатта NTXPrime жобасы NTXPRIME UK Limited деген британдық заңды тұлғаны көрсететіні айтылған. Алайда партия жинаған мәліметке сәйкес, бұл ұйым Ұлыбританияның заңды тұлғалар тізілімінде де, қаржы реттеушісі FCA тізілімінде де жоқ. Сауалда клиенттерден төлем жеке тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталарына қабылданғаны туралы материалдар бар екені көрсетілген.
«Қолда бар материалдарға сәйкес, клиенттердің төлемдері жеке тұлғалардың — дропперлердің банк карталарына қабылданған», — делінген сауалда NTXPrime жобасына қатысты.
Депутаттар GlobalReachOut және Blu-Alliance жобалары да қаражат тартудың ұқсас үлгісін қолданатынын мәлімдеген. Ал JPM Analytics жобасы Freedom Finance Europe Ltd арқылы жұмыс істейтінін жариялағанымен, сауал авторларының мәліметінше, Freedom Finance қолдау қызметі оны мақұлданған агенттерінің қатарында жоқ деп хабарлаған.
Фракция аталған мәліметтердің барлығына кешенді тексеру жүргізуді сұрады. Депутаттар жарнама берушінің шетелде орналасуы Қазақстанда таратылатын жарнаманың заң талаптарына сәйкестігін тексеруге кедергі болмауға тиіс екенін атап өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!