Қазақстанда цифрлық теңгені қолдану аясы біртіндеп кеңейіп келеді. Kazinform сарапшылармен бірге жаңа ақша формасының қарапайым теңгеден айырмасын, бюджет қаражатын бақылаудағы мүмкіндігін және азаматтарға қандай пайдасы болуы мүмкін екенін талдады.
Цифрлық теңгені Ұлттық банк шығарады. Ол криптовалютаға жатпайды және жеке бағамы болмайды. Бір цифрлық теңге әрдайым бір теңгеге тең. Сондықтан оны бағасы өсетін инвестициялық актив ретінде қарастыруға болмайды.
Жаңа жүйенің маңызды мүмкіндігінің бірі – ақшаның жұмсалу шартын алдын ала белгілеу. Мәселен, жол салуға бөлінген бюджет қаражатын басқа мақсатқа жұмсауға техникалық шектеу қоюға болады. Қаражаттың бас мердігерден соңғы орындаушыға дейін қалай қозғалғанын да бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Экономист Бауыржан Ысқақов мұндай тетік әлеуметтік төлем, субсидия мен бюджет қаржысын мақсатты жұмсауды бақылауға көмектесуі мүмкін екенін айтады.
Ұлттық төлем корпорациясының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында цифрлық теңге платформасында 336,6 млрд теңге шығарылып, 265 цифрлық шот ашылған. Ресми White Paper құжатында 61 233 транзакция тіркелгені көрсетілген. Пилоттық жобалар инфрақұрылым, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлікті қолдау және басқа да бюджет бағыттарын қамтыды.
Биыл цифрлық теңгені мемлекеттік сатып алуда қолдану да кеңейіп жатыр. Ұлттық банктің сатып алу порталындағы бірқатар 2026 жылғы тендерде төлем цифрлық теңгемен жүргізілетіні көрсетілген.
Қарапайым азамат үшін ең қызық мүмкіндіктің бірі – интернетсіз төлем жасау. Ұлттық банк офлайн төлем сценарийлерін сынаған. Мұндай мүмкіндік байланысы әлсіз шалғай елді мекендерде немесе интернет уақытша істемей қалған кезде қажет болуы мүмкін.
Цифрлық теңге толық анонимді болмайды. Ұлттық банк банктік құпия талаптары сақталатынын мәлімдеген. Киберқауіпсіздік маманы Абылай Исин цифрлық жүйеде аппараттық қорғаныс модульдері, резервтік жүйелер мен антифрод құралдары қарастырылғанын, сонымен бірге технологиялық бақылау мен жеке деректерді қорғаудың шекарасы нақты белгіленуі қажет екенін айтады.
Қазір Қазақстандағы цифрлық теңгенің негізгі бағыты қарапайым төлемді алмастырудан гөрі, бюджет қаржысының қозғалысын ашық етуге және бағдарламаланатын төлемдерді сынауға көбірек бағытталған. Оның күнделікті өмірде қаншалық кең қолданылатыны азаматтарға беретін нақты артықшылықтарына байланысты болмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!