Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп әлеуметтік желідегі парақшасында ERG және Integra Construction KZ компанияларымен бірге марқұмдардың отбасыларына қолдау көрсететінін мәлімдеді. Көмек әр отбасыға жеке беріліп, мемлекеттік қолдауға қосымша төленеді.
— Әрине, ешқандай ақша ата-анаға баласын қайтара алмайды. Бірақ осындай сәтте ешбір отбасы қайғысымен жалғыз қалмауы керек. Еліміз осындай ауыр кезеңдерде әрдайым бірлігін көрсетіп келеді. Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына, қарулас жолдастарына көңіл айтамын. Оларға күш-жігер, сабыр мен төзім тілеймін, — деді Шахмұрат Мүтәліп.
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 12 әскери қызметші қаза тапты. Үш адам құтқарылып, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!