Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

24.09.2026, 7:00 61

Керек

Елді билейтіндер халықты қамырдай илейтіндер, тура сөйлегенді сүймейтіндер, ұры-қарыға тимейтіндер болмауы керек. Елді  алға  сүйрейтіндер  болуы  керек.

Неліктен?

Білетін не боларын ол біздің халық дейміз. Жұмақты жәннат дейміз, тозақты тамұқ дейміз. Атауын өзгертсек те қалыбы анық дейміз. Біз болсақ измдердің бір емес, жүзін көрдік. (Социализм, коммунизм, капитализм, т.б.). Ертеңге сенімдіміз, түседі жарық дейміз. Алайда әр  дәуірді  неліктен  дәріптейміз?!

Кез  келіп  тұр

Айтыскер мен актерлер, әншілер мен боксерлер депутат болып отырса, дұрыс емес бұларың дейтін кісі жоқ шығар. Сол депутат мырзалар аз отырса көп сынар, көп отырса аз сынар, қолпаштайды оларды елдегі игі «жақсылар». Кез келіп тұр тағы  да  осыларға  бақ  сынар.

Кім  болады?

Қазақ: «Ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болады» дейді. Біздің бұған қосары­мыз: «ләббай тақсыр шенеунік, уәде бергіш  депутат  болады».

Арғы  жағын  айтпаймын…

Әлеуметтік желіде жазылған бір шындықты көзім шалып қалды. Кейбір елде полиция ұсақ ұрыларды ұстайды екен де, ірі ұрыларды қорғайды, яғни, күзетеді екен. Қандай елді айтып отыр­ғанын  іштерің  білсін…

«Білгіштер»  бар

Бір «білгіш» «албандарда қыжалат деген сөз бар, ондай сөзді басқа рудан естімепін» деп айды аспаннан бір-ақ шығарыпты. Қынжылу, жетіспеу деген мағынаны білдіретін бұл сөз барлық қазақ­қа  аян. Оны бір ғана руға  телу – барып тұрған ақымақтық. Ақымақпен сөз  таластырмай-ақ  қоялық.

Пастың  пайдасы  көп

Футболдағы (аяқдоптағы) пас деген – допты тебу емес, басқа ойыншыға допты дәлме-дәл беру деген сөз. Пастың пайдасы да көп, ойыншының айласы да көп. Пасты дұрыс берген ойыншының абыройы асқақ. Бірақ, көбіне олардың есімдері назардан тыс қалады да, допты торға кіргізген ойыншы дәріптеледі. Өмірде де, өнерде де осыған ұқсас жағдайлар жиі кездеседі.

Түр  мен  тіл

Түрі тіліне ұқсамайтын, тілі түріне келмейтін  кісілер  пайда  болды.

Обырлар

Қазақтың нанын жегендер, балын ішкендер аз емес. Алдына келгеннің бәрін жегендер де бар. Обырлар қақалмай  тұрмыс  оңалмайды.

Ода  ма,  мода  ма?

Орыс тілінде жоғары лауазымы бар адамдарға «Ваше высокопревосходительство», «Ваше превосходительство», «Ваше благородие», «Светлейший», «Гос­подин» секілді әсіре мақтау айту қалып­тасқан. Кейінгі кезде біздің қазақ­тар да олардан қалыспайтын дағдыларын байқатып жүр. Басшыларға жалбақтау ода ма, әлде  мода  ма?

Сүмелек

Желде ұшатын ебелек, отқа ұшатын көбелек толып жүр ғой, не керек?! Осыларға  ұқсайтын  қаптап  кетті  сүмелек.

Қайсы  бірін  айтайын?

Қауқылдасып кездесіп, қия алмастан тарқайтын кісілер де азайыпты, байқаймын. Сәлемі де сатулы, ықылас, ниет кеміген, қайсы  бірін  айтайын?!

Көрермен,  тыңдаушы  және  оқырман

Футболдың да, бокстың да көрермені де, жанкүйері де көп. Әншілердің де тыңдаушылары аз емес. Ал поэзияның оқырманы  санаулы.

Дәлелдеп  ал

Әйел секілді еркектер бар. Еркек секілді әйелдер бар. Мықты екеніңді білейін, кімнің  кім  екенін  дәлелдеп  ал.

Ас  ішкенде

Интернатта тұрғанда ас ішкенде бірінші және екінші деп аталатын дәм болатын. Біріншісі – сұйық, екіншісі – қою. Енді  үшінші  ас  пайда  болыпты. Ол – телефон.

Лай  туралы

Кірпіш берік болса да сапасы бол­маса лайдан қалап қойған қабырға қашанға дейін  шыдайды?

Мүмкін  ғой…

Қошқардың барма алдына, мүмкін ғой сүзіп кетуі, жылқының барма артына, мүмкін ғой теуіп кетуі, жаманның барма жанына, бойында болған жамандық  мүмкін  ғой  жұғып  кетуі.

Жауап  таппадым

Мыстан  кемпір неге арық? Қарбаланың мұрны неге қызыл? Буратиноның мұрны неге  ұзын?  Бала  кезден осы сауалдарға жауап  іздедім.  Таба  алмадым,  шыным.

Екі  түрлі

Бас тарту  деген  сөздің екі түрлі мағынасы бар екен. Біріншісі – құрметті қонаққа бас тарту, екіншісі – ұсынған нәрседен бас тарту. Неге екі түрлі? Арасы алшақ. Оны жиі қолданған қазағымыз біледі.

Кейіпкерлер

Өзім оқып шыққан кітаптардың кейбір кейіпкерін немесе соларға ұқсас кісілерді өмірде жиі жолықтырып жүрмін. Кейбір күнде көріп жүрген кісілеріме  ұқсамайтын кейіпкерлерді көп  кітаптан  таба  алмай  жүрмін.

Кім  біледі?

Қағбада сәждеге жығылып, Рим Папасы­ның қолын сүйіп, құрмет көрсеткен, шіркеуде құлшылық жасап, Сина­гогада дұға оқытқан кісі қандай дінді ұстанады?

Ондай  да  бар

Тісі бар да, тілі жоқ, тілі бар да, тісі жоқ, басқалармен ісі жоқ, ниеті бар, күші жоқ, пенделердің ішінде жүр әйтеуір кісі боп.

Аз  ғана  кеңес

Тіліңді түсінбейтін шала қазаққа сәлемдеспе, өйткені саған сол тілде жауап  қайыра  алмайды.

Кеңкелеспен ешқашан керілдеспе, өйткені сырттай бақылап отырған ел кімнің  ақымақ  екенін  айыра  алмайды.

Кім  озды?

Адалдық пен арамдық, жомарттық пен сараңдық итжығыс болып жатқанда Әділетті Әзәзіл жүндей түтті, шабақ­тарды аузы арандай Жайын жұтты, пысықтардан пасықтар озды, тектілікті ептілік  жеңді.  Барлығын  көзіміз  көрді.

Аралас

Орыстың түсіндірме сөздігіндегі «П» әрпінен басталатын әдемі сөздер жетіп артылады. Мәселен, Президент, превосходство, правитель, Парламент, председатель, писатель, поэт, правда, победа, праздник, т.б.

Алайда дәл осы әріптен басталатын жаман сөздер де аз емес. Мысалы, предатель, преступник, подонок, проститутка, пакость, позор, т.б.

Өмірде де жақсылық пен жамандық аралас екенін осы жағдайдан да аңғаруға болады.

Керегі  не?

Біздің елге арзанға беретін майы жоқ ботқаның – орыс пісірген кашаның керегі  не? Бізге көк жәшіктен күнде көретін торайларын бағып жүрген Машаның кере­гі не? Бізге Құрылтайға барсам елдің сөзін сөйлеймін деп бетіне лағып жүрген Матай Ашаның керегі не? Осылардың  ел-жұртқа  берері  не?!

Тындық

Ата-бабамыз бізге қазыналы жерді қалдырды, оны жыртып тындық, астында жатқан кенін алып, құртып тындық. Салт пен дәстүрін қалдырды, ескірген деп қырқып тындық, шөл бассын деп айра­нын да қалдырды, құрт қайнатпай іркіт  қылдық, ана сүтіндей тілін қалдыр­ды, оны  да  жұтып  тындық.

«Ауру»  ару

Бір   мекемеде қазақ тілінен сабақ берген  кісіден  естігенімді айтайын. Сабақ алып жүрген қазақ қызының ана тілінде  дұрыс сөйлей алмайтынын бетіне басқан  ол  қызға: «өзің қандай әдемі арусың, түрің де әдемі, алайда, ана тілін білмеуің ұят екен» деген ғой. Ертеңіне қыздың ата-анасы келіп: «біздің қызымызға неге дөрекі сөйлейсің?» десе керек. Сөйтсе, олар ару деген сөзді ауру деп түсініпті.

Неге?

Аптадан аптаға, айлардан айларға, жылдардан жылдарға жетіп келеміз. Қиын өткелден, жолдардан кептелген өтіп келеміз. Тосса да сан сынақ, бәріне көнеміз. Алға жетелер арманға сенеміз. Алайда, арт жаққа алаңдап қараймыз неге  біз?!

Амал  жоқ

Сөзінің  салмағы жоқ, пайдадан зала­лы көп, алайда, қорғаны көп заржақ­қа тоқтау салар жұртымның амалы жоқ, шындықты бетке айтқандар шығады жала­лы боп. Осыны көргеннен соң қина­лып,  қалам  жүдеп.

Көршің  соқыр  болса…

Сиырдың бүйрегіндей бөлшек-­бөлшек болып тұрған Ресейде «Біртұтас Ресей» («Единая Россия») деп аталған саяси  партия  бар.

Ал бізде көп жерде әлі күнге дейін әділетсіздік болып келсе де, «Әділет» деп аталған саяси партия бар.

«Көршің соқыр болса, көзіңді қыс» деген  осы  шығар.

Орманда

Жап-жасыл қарағайдың қылқаны көкке қарап тұрса, әппақ қайыңның бұтақтағы жапырақтары төмен қарай салбырап кетеді екен. Маған екеуі де ұнайды. Біреуінен қайсарлықты, біреуі­нен елгезек пейілді көремін. Тұтасқан қалың  орманға  екі  қасиет  те  тән.

Қайтып  келмейді

Зымырап  өткен күн, ауыздан шыққан сөз қайтып келмейді. Қитұрқы амал да, қатыгез ажал да айтып келмейді. Жалаңаш туған жан қабірде жалаңаш жат­қанын  қайтып  көрмейді.

Дұрыс  па?!

Үйлену тойында кейбір қонақ жас­тарға: «Қозы Көрпеш-Баян сұлудай, Төлеген мен Қыз Жібектей болыңдар!» деп тілек айтып жатады. Қозы мен Баян қызық көрмей өліп кетті. Төлеген қаза тапқан соң Қыз Жібек Сансызбайға тиіп кетті. Оларды өнеге қылу дұрыс емес секілді.

Көп  жейтіндер

Дойбы және ханқамауда екі немесе үш жеп биге шығу деген бар. Өмірде одан да  көп  жейтіндер  аз  емес.

Дұрыс  айта  ма?

 «Қонақ аз отырып, көп сынайды» дейді. Сол қонақ көп отырса, аз сынайды. «Құданы Құдайдай сыйла!» дейді. Құдайды ас беріп сыйлағанды қайдан көрдің? «Құдайдың көзі көріп тұр, құлағы естіп тұр» дейді. Алланың көруші, естуші екенін білсек те, құлағы мен көзі бар  дегенді  естімеппіз.

«Ләббай,  Тақсыр!»

Мақтан сүйгіш, дақпырт қуған бұл елде ел басқарған пендеге төселеді кілем де, қарсы алады жамырап, соғылады шапалақ, біреу қолын сүйеді, біреу бата береді. Менменсінген басшыға осы емес пе керегі?! «Ләббай, Тақсыр!» дейтіндер соншалықты  көп  еді.

Неге?

Совет Одағы кезінде болған екен оқу тегін, пәтер тегін, аурухана тегін, демалыс үйі тегін. Бірақ, еркін болды ма елім?

Еркін елде ақшаң болса, керек заттың бәрі бар. Бірақ, неге кісі көп, өткен күнді сағынар.

Кім  жасады?

Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла Адамды жасады. Жасай береді қашанғы? Қалғанын Жер бетіне келген адам жаса­ды. Жақсылық та, жамандық та содан кейін  пайда  болды.

Түбірі  бір

Бұдан бұрын сығандардың табор деген сөзі қазақтың тобыр дегенінен шыққан шығар деген болжам айтқан едім. Орыстың толпасы да ата-бабамыз­дың толып кеткен деген сөзіне байла­нысты ма деген ой келеді. Тобыр айда­ғанға көнетін табын секілді. Тобыр, табор,  толпаның  түбірі  бір.

Толып  жүр

Өткен  жылдарға  үңіліп, тарихқа шолу жасасақ, елді ала тайдай бүлдіргендерді Жантық дедік, жармақ дедік, жағымпаз дедік, опасыз дедік, шолақ белсенді дедік. Олардың дәурені кел­меске кетті дедік. Бірақ, олардың сарқыты, арам­дардың  жұрнағы қазір де арамыз­да толып жүр ғой. Тек есімдерін  атай  бермейміз.

Қашан?

Ескерткіш тұғырында, көше атауында әлі күнге дейін Абайды Абай Құнанбаев, Ахметті Ахмет Байтұрсынов деп жазып жүрміз. Ескіден қалған әдеттен қашан құтыламыз? Билік басындағылар мен шенеуніктер ататегін қазақ ғұрпына сай  өзгертсе, халық та сол үрдісті қабылдар  еді.

Алаңдарлық  жай

Журналист болғысы келген аби­туриентке әңгіме кезінде: «Қандай кітап оқыдыңыз?» деген сұрақ қойдым. Ол «Абай жолын» оқыдым» деп жауап берді. «Бұл кітапта Абайдан басқа қандай кейіп­кер бар?» деп сұраған едім, айта алма­ды. «Абайдың әкесі кім?» деген сауал да жауапсыз қалды. Бұл жағдай Абайдың туған күнінде болды. Сонда шәкіртіміз мектепте не оқыған? Аттес­татты қалай алған? Таңғаларлық және алаңдарлық  жай.

Күмәні  бар

Әжелеріміз бір іске кірісер алдында «бісмілләсін» айтып алғаннан ке­йін: «Менің қолым емес, Бибі Бәтиманың қолы» деп жиі айтатын. Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатима (Бәтима) есіміне байланысты айтылған сөз медет тілеуден туса керек. Ислам дінін берік ұстанып келген кісілер Пайғамбардың алғашқы әйелі Қадишаны да, кейінгі әйе­лі  Айшаны  да  анамыз  дейді.

Алғашқы пайғамбарды Адам ата, алғашқы әйелді Хауа ана деп атаған орынды шығар. Ал одан кейінгі араб әйел­дері қазаққа ана болып есептеле ме? Дәл  осыған  көп  кісінің  күмәні  бар.

Мәселе  мүйізде  ме?

Мүйізі үлкен бұғылар мен текелер, қошқарлар бар. Соларды көргенде «мү­йізі қарағайдай» кісілер есіме түседі. Мүйізін қағып алса, тоқал ешкідей болып  қалады.

Шар  соғу  заңы

Бильярдта туыс және бөтен деген ұғым бар. Туысты іштен соғады, бөтенді сырттан соғады. Айырмашылығы сол ғана. Дәл осы ойынның шар соғу заңы тіршілікте  де  жиі  кездеседі.

Біртуар  ма?

Біртуар ма тек мансапқа ұмтылған, ұялмаған жұртынан, май ағатын ұрты­нан? Көзге күліп, ғайбаттайды сыртыңнан. Меніңше ол қатарынан кем туған.

Біле  ме?

Осы жұрт біле ме, кім жаман, кім жақсы?! Еріншек, кер кеткен, дәрменсіз, солқылдақ, самарқау, тартыншақ, ойы да жымысқы, сөзі де тым үстірт депутат болмақшы.

Қызыл  тіл

Сүйегі жоқ қызыл тіл отыз екі тістің тасасында жасырынып тұра бермейді. Шыға сала сөйлейді. Кейде дұрыс. Кейде бұрыс. Көп адам соны да білмейді.

Тау,  теңіз  және  дала

Тау етегінде тұрған жоқпын. Алайда етегі жайлау, басы қыс таудың асқақтығы ұнайды.

Теңіз жағасында тұрған жоқпын. Алайда теңіздің тереңдігі, тулаған тол­қындары  ұнайды.

Далада туып-өстім. Сондықтан да жусан  иісі  бұрқыраған  даланы  таудан да, теңізден  де  артық  көремін.

Жақсы  көремін

Жиналыс өтіп жатқанда жарық өшіп қалса да сөйлеуін тоқтатпаған шешенді жақсы  көремін.

Көк мылжың малтасын езіп сөйлеп жатқанда залдан шығып кеткен тыңдау­шыны  да  жақсы  көремін.

Еркіндік

Ұл баланың  еркіндігі  ер жеткенде тұсала  ма?

Қыз баланың еркіндігі бойжетіп, тұрмыс  құрғанда  шектеле  ме?

Еркіндік – еріккеннің ермегі емес, кешегіні аңсау емес, бүгінге бой ұсыну, ертеңге елеңдеу. Арзан ойын, күлкі­ден бой тартып, кем-кетік болса мінез-­құлықты  түзеу.

Жұлдыз

Аспандағы жұлдыз көрінбейді күндіз. Тулардағы жұлдыз, жағадағы жұлдыз, пагондағы жұлдыз, кеудедегі жұлдыз көпшілікке күндіз көрінер деп тұрмыз. Дарақы әншіні, сумақай ақынды, тағы бір көлдеңен көк аттыны жұлдыз дейді. Неге  олай  атайтынын  білмей  жүрміз.

Белгілі  жай

Масақтан дән, қамырдан нан шығады. Жүректен сөз, жыр менен ән шығады. Құнарлы топыраққа шыққан шөп те, әрине, күн көзіне құлшынады. Егер жауын жаумаса тез қурайды, кісідей дем алмаған тұншығады. Байланысты барлығы бір-бірімен, әлімсақтан жұртқа да белгілі жай, соны неге түсінбей жүрсің әлі?

Мәні  болмайды

Абайдың: «Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та, бар, қалан!» деген жыр жолдарын әр жерде кейде тыныс белгісін мүлде  қоймай,  кейде  қате  жазып  жүр.

«Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан!» десе қалай түсінесіз?

Тыныс белгілері дұрыс қойылмаса, сөздің  мәні  болмайды.

Білмейді

Інінен ұзап шықпайтын суырға ұқсай­тын басшылар да болады. Олар маңайынан басқа ештеңені көрмейді. Сондықтан көзі жетпеген жерде не болып  жатқанын  білмейді.

Қоқысқа  кімді  лақтырды?

Бір бейнебаян көрдім. Осыдан бірнеше жыл бұрын Украинада өздерінің көңілінен шықпаған әлдебір шенеунікті ұстап алған жергілікті халық оны қоқыс жәшігіне  лақтырып  жіберіпті.

Біздің елде де осылай жасаса қайтер еді? Әй, бірақ, онда қоқыс жәшіктері жетпей  қалады-ау.

Биылғы жылы қоқыс жинауға миллиондаған қаржы бөлініпті. Бәлкім, осы жағдай  да  ескерілген  шығар.

Болады

Ұшталған қаламның да мұқалатын кезі болады. Қанша сабыр сақтасаң да, жүйкенің жұқаратын кезі де болады. Шын дарынның қысылғанда айтатын сөзі  де  болады.

Дұрыс  шығар

Көп сөйлеп, мылжыңдамай, үндемей отырған да ырыс шығар. Тұрғанда бас істемей, ашуға тізгін берсең ұрыс шығар. Қолыңа тас ұстамай, аузыңмен құрт тісте­ген  дұрыс  шығар.

Кімнен  қорқу  керек?

Голливудтың фильмдерінен Кинг-Конг, Годзилла, Дракула секілді кісі шоши­тын, атынан ат үркетін кейіпкерлерді көргенде өзіміз тұрып жатқан жерді ойлаймын. Бізде де биені түгімен, түйені жүгімен жұтып жатқан жалмауыздар мен обырлар аз емес. Кинодағы кейіпкерлерден  емес, солардан  қорқу  керек.

Ел  жаңа  ма?

Биыл, яғни, 2026 жылы желтоқсан айында  еліміздің тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады екен. «Елу жылда ел жаңа» дейміз. Сонда еліміздің жаңаруын тағы 15  жыл  күту  керек  пе?!

Кім  кінәлі?

Шетелден келген әншілердің концертіне 100 мыңнан бастап 300 мың теңгеге дейін тұратын билет алатын қазақ­тарды кітап дүкенінен неге көрмейміз? Олар мазмұны терең, көркем жазылған кітаптың өзін он мың теңгеге де сатып  алмайды.

Біздің  қоғамның  сиқы – осы.  Осыған кім кінәлі? Ата-ана ма, мектеп пе, Үкімет пе?  Жауабын  таба  алмадым.

Аз  және  көп

Қарап отырсаң көшіргіштер көп, өшіргіштер аз. Ақиқатты даттаушылар көп, ақтаушылар аз. Жалғанды мақтау­шылар көп, шындықты жақтаушылар аз.

Не  деуге  болады?

Бір нақұрыс: «Совет елінде тудым!» депті. Бірақ, ол Совет Одағының құрамында болған қазақ жерінде туған. Кіндік қаны тамған жерді туған жерім деуге батпайды екен. Топырағы мен тамырын танымайтын  сорлыға  не  деуге  болады?!

Қадірлей  біл!

Жалп етіп сөнуден жаман не бар? Жарқ етіп жанудан артық не бар? Сондықтан да, ағайын, жанып тұрған шырақты өшірме. Жарық беріп тұрған майшамды  да  қадірлей  біл!

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: