Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарасақал Ерімбеттің тағы бір мұрасы

24.09.2026, 6:20 64

Бүгінгі  әңгімені  Қарасақал  Ерімбеттің  Жани­яз Орынбеков көкеміздің Қызылбай Қарабалаевтан жазып алған, бұрын жарияланбаған бір шумақ өлеңі айналасында өрбіт­кім келіп отыр. «Бұрын жарияланбаған» деу себебім, Қарасақал Ерімбеттің өлеңдерін, дастандарын халыққа паш еткен Әбсат­тар Оспанов пен аяулы ағамыз Сардарбек Қожа­ғұл­овтың  жинақтарында  кездестірмедім.

Нақтылап кетейін, «Мұратбай болыс пен Қарасақал Ерімбеттің Әзіретке барғанда, Ерімбеттің айтқаны» деп Қызылбай Қара­балаев атамыздан Жанияз Орынбеков көкеміз жазып алған, мен сол көкеміздің көне дәптерінен  алып,  сіздерге  жеткізіп  отырмын.

ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы – Ислам дінінің Орта Азия, Қазақ жерінде кең етек алған кезі. Осы кезеңде қазақтың көптеген азаматы Бұхара, Хорезм, Хиуа медреселерінде діни ұстаздарынан дәріс алып,  рухани ілімді толық игеріп, елге ишан болып оралды. Қарасақал Ерімбет те сол кезең­де Хиуадағы «Шеккі Хазірет» медресесінде оқып,  білім  алған.

«Қарасақал руы негізінен мал шаруашылы­ғымен айналысқан. Малдың жағдайына байланысты қыста Қуаңдария, Жаңадарияның бойын, қыс қатты жылдары Бұхара, Хиуаға, Бохан тауларына дейін көшіп барған, жазда Ақсақал тәуіп, Жыланды-Сәркені жайлаған. Қуаңшылық  жылдары Жайықтың бойына дейін көшіп барған.

Қарасақал балаларының тілін Қарақалпақстан, Хиуадан келген сарт дүмше молдалар сындырған. Ол миссионерлер ауыл-ауылды жағалап, оншақты баланың басын біріктіріп оқытқан. Бұлар көбіне-көп жазу үйретпей, құран  аяттарын  жаттаттырған. Осы себепті халықтың жазба сауатты болуы кешеуілдетілген.

Сол   уақыттың Қарасақалдан шыққан  ел ағалары, билер ойласа келе мешіт салуды ұйғарғ­ан. Олар Орысбай би, Мұратбай болыс, Ділекеш, Бисембай, Қарасақал Ерімбет, Ақылбайлар еді. Билердің бұл бастамасын Қарасақал­дың  байлары Күңбас, Күңбасұлы Қос­пан, Айтас, Сәмбет, Әйімбет, Ізтілеу, Сайлы­бек қолдап, мешіт салуға қаражатты аяма­ған. Бірінші болып Күңбас бай 40 атанды базарға айдаттыр­ған. Менің әкем Рыстығұл айтып отыратын, «Қазалы қаласынан 10 түйе­ге күйген кірпіш артып берді, Ақишанның мешітіне жеткіздім» деп. Күйген кірпішті мешіттің еденіне ыза өтпесін деп қырымен қалаған. Мұны Сәмбет бай алдырған дейтін. Мешітті салуға тек Қарасақалдар емес, Әлім-Шөменнің байлары да атсалысқан. Мешіттің кірпішін Қуаңның бойына бастырт­қан, ұстаны Үргеніштен әдейі алдырған. Кірпіштің  формасы Сараман-Қоса  мұнарасының кірпіші  сияқты  жұқа,  жалпақ.

Мешіт салынып біткесін Мұратбай болыс, Қарасақал Ерімбет Хиуаға үлкен мешітке барған. «Біз мешіт салып болдық, мешітке имам керек, бала оқытатын молда керек, соған жәрдемдес»  деп. Хиуаның үлкен молдасы: «Үргеніштің бір мешітінің имамы Ақпанбет деген ишан менің қолымда 13 жыл оқып кетті. Мен сендердің мешіт салдырғандарыңа ырза болғаным сондай, өзім имам болып Үргенішке барамын, өз адамдарың Ақпанбетті жаңа салынған сендердің мешіттеріңе жіберемін» дейді. Мәселе тез арада шешіліп, Ерімбет пен Мұратбайға Ақпанбетті ертіп жібереді. Қара­сақал Ерімбет Хиуада оқыған Ақпанбетті бұрыннан  біледі  екен.

Мешітке имам келген соң халық жиналып, ас беріледі. Бірінші рет өз имамымен ата-­бабаға құран бағышталады. Сонсоң мешітті ұстап тұру туралы келісім жасалады. Жылда берілетін пітір, зекетті мешітке беретін болып келіседі». (Б.Рыстығұлов, «Өмір өткелдері»).

Бұл – әкемнің мұрағат кітабынан үзінді, оқырманға кіріспе ретінде ұсынып отырмын. Әкем атам Рыстығұлдан жазып алған. Ал менің атам Қызылбай атамен екеуі құрдас, замандас. Талай қиын-қыстау кезеңді бірге өткізген досы.

Соңғы кезде кейбіреулер «Қарасақал Ерімбет Хиуаға өзі барып, Ақпанбетті ертіп әкелді» деп әңгіме таратып жүр. Бұл – жаңсақ пікір. Қарасақал  Ерімбеттің:

…Айтайын  қайдан  асыл  сөз,

Қой  бағып  едім  жасымнан?! — деген бір шумақ өлең жолдарын негізге алып, атамыздың жас кезінде де, кейінгі «Жарлылық – оның өзі үлкен жұмыс», «Жоқшылық алжастырар ақылыңнан» атты өлең жолдарын оқып отырсаң, ол кісінің бай болмағанын аңғарамыз. Ал енді Хиуаға баруға қаражатсыз, көліксіз, қорғансыз бір өзінің шамасы келмесі анық. Хиуаға жету үшін біріншіден, апталап жүретін болғандықтан, ауыстырып мінетін жетекте атың болу керек, екіншіден, жолда ішіп-жейтін тамақ керек, оған қаражат керек, үшіншіден, бірге жүретін бес-алты қосшы керек, өйткені ол заманда Қызылдың ішінде ұры-қары көп, не тонап кетеді, не өлтіріп кетеді. Бұны атамыздың әңгімелерінен естіп өстік. Рыстығұл атамыз – Үргенішке, Хиуаға керуенмен, сауда-­саттықпен  көп  барған  адам.

Жоғарыда айтып өткендей, мешіт салуға тек Қарасақалдар емес, Қуаңның бойында отыр­ған Әлім-Шөменнің байлары да атсалысқан. Сол ел ағаларының, билердің ұйғарымымен мешіт құрылысы аяқталған соң, мешіттің бой көтеруіне ұйытқы болып, басы-қасында жүрген  Мұратбай болыс пен Қарасақал Ерімбет Хиуаға  жол  тартқан. Мешітке  имам  керек.

Енді Ақпанбетке таңдау қалай түсті, соны айтайық. Ақпанбет – Қарасақал тайпасының пірі болған Қарахани қожа Бахының шөбересі. Менің ойымша, Қарасақал Ерімбет «мешітке имамдыққа кімді қоямыз?» дегенде, Қарахани қожа Ақпанбетті өзі ұсынған. Ақпанбет Хиуада Қарасақал Ерімбет оқыған «Шеккі хазірет» мед­ресесінде  дәріс  алған, екеуі  бірін-бірі  таниды.

Хиуадағы «Шеккі хазірет» медресесіндегі діни ұстаздар әдейілеп Ақпанбетті сұрап келген Мұратбай болыс пен Қарасақал Ерімбетке «Ақпанбет –Үргеніште бір мешіттің имамы, оны неге сұрайсыңдар, басқа адам берсек болмай ма?» дегенде, Ерімбет атамыздың Әзіретке айтқан, Жанияз Орынбеков көкеміздің Қызыл­бай  Қарабалаевтан  жазып  алған, бұрын  жарияланбаған  бір  шумақ  өлеңі:

Емшексіз асырайды құс баласын,

Гәухардың бақа сақтайды дүр данасын.

Туады құстан құмай, арадан пал,

Інжілдің ғалым шешеді шын мағынасын.

Киіктен мүшкілан бар, перуз тастан,

Яһудтың ахых ашады шекарасын.

Тумыштан – тұлпар туады, Жампоздан – нар,

Әр елдің өзі таниды диуанасын.

Енді бұл жерде «диуана» сөзіне тоқтала кетейік. «Диуана» сөзі – рухани ізденіс жолына түскен адам, діни және моральдық құндылықтарды таратушы дегенді білдіреді. Диуа­налар – көбіне сопылық жолды ұстанатын адамдар. Олар өзінің өмірін Құдай жолына арнап, материалдық дүниеден бас тартқан. Диуана­ның өмір салты көбіне қарапайымдылыққа, мінез-құлықтың тазалығына және адамдарға рухани көмек көрсетуге негізделген.

Мінеки, Қарасақал Ерімбеттің «Әр елдің өзі таниды диуанасын» деген өлең жолдары­нан түсінгеніміз: Қарасақал тайпасының пірі бол­ған, Қарахани қожа Бахының шөбересі Ақпанбет ишанды «Асылдың сынығы – Айдынның тұнығы», өзіміздің пір тұтқан қожа ұрпағы, еліміздің жол көрсетер пірі болады» деп, арнайы  іздеп  барып,  сұрап  алғанға  ұқсайды.

Елге келген соң, Ақпанбетті ендігі жерде піріміз осы деп таныстырып жатса, әлде­біреу Ерімбетке  «Адуынды ел едік, нанның уағынан, қожаның ұрпағынан сақта демекші, тақсыр­ға тіліміз тиіп кетсе, назасына қалмаймыз ба?» деп сұрапты. Сонда Ерімбет «Сыйласаң – пірің,  сыйламасаң – бірің  болады» деп жауап  беріпті. Мұны естіп тұрған Ақпанбет «Ерекеңдікі дұрыс. Мен көндім. Халықтан ұлық  емеспін»  деген  екен.

Пір (парсы тілінде – қария, ақсақал) – сопы­лық ұғымдағы ақиқат жолды нұсқаушы, шарапатты рухани ұстаз, кәсіп иесін қолдау­шы, батагөй ақсақал. Ақиқатты қалап, тариқат жолына  түскен  әрбір шәкірттің кемел пірді табуы шарт болған. Жол нұсқаушы пір – рухани кәмелеттікке жеткен, ұстаздық жасауға өз пірінен рұқсат алған, пайғамбардан бастау алатын  рухани  жалғастықтағы  адам.

Қарасақал Ерімбеттің Әзіретке айтқан әлгі бір шумақ өлеңінен, тектен-тек Ақпанбет ишанға таңдау түспегенін көрсетеді. Сол кезеңдегі рухани азығы мол болыс-билер, көзі ашық ел ағалары, мына дүниеден өткен, ақиқатты ту еткен, өзінің адал ісімен халқына еңбегі сіңген жандардың рухын сыйлап, аруа­ғын құрметтеуге жастарға, жаңа буынға жол көрсетер пірін сайлап алу басты міндет екенін ұққан. Бұл тұрғыда Ақпанбет – ишан болу үшін арнайы діни мектепте оқып, діни ұстаздан теориялық білім алып, оны тәжірибесімен сабақтастырып, рухани ілімді жан-жақты игерген адам. Және ұстазынан ижаза (ресми құжат) алып, ишан атанып, бұл ілімді паш етуге рұқсат алған, рухани ілімді толық игерген кемел адам.

Көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген терең ойлы нақыл сөзі бар. Көреген ғалым ел боламыз десек, ұрпақтың тәрбиесіне көп мән беру керектігін меңзеп отыр. Ал сол ұрпағымыздың шыншыл, әділетшіл, білімді, еңбекқор, ұстанған ұстанымынан қайтпайтын, ар-намысты, өз тілін, халқын құрметтейтін, рухани бай ұрпақ  болып өсуі – бүгінгі буын ел ағаларының, ақсақал­дарымыздың  алдында  тұрған  парызы.

Аталарымыз айтып отыратын «Құдай атқан оңалар, Аруақ отқан оңалмас» деп. «Құдай атқан» деген тіркес – тағдырдың, жазмыштың салған ауыртпалығын меңзейді. Ал «аруақ атқан» – ата-баба аруағы разы болмайтын, обалға, қиянатқа, әділетсіздікке ұрынған істі аңғартады.

Ендігі біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа өткенді саралап, ата-баба аруағы разылығы үшін қиянатқа, әділетсіздікке жол бермей, ата-бабамыздың игі істерін бұрмаламай, шындықты  жеткізу.

Қарасақал  Ерімбет  Көлдейбекұлының  мұрасын  халыққа  зерделеп жеткізуші

Абаш  РЫСТЫҒҰЛОВ.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: