Семей орманындағы өрт – 2023 жылғы тарихи факт. Режиссер Төребек Бейсебаевтың «38. Соңғы нүкте» фильмі – қазақ киноөндірісіндегі тақырып игерудегі оперативтіліктің көрсеткіші.
Көп жағдайда өмірде болған оқиғаларды жарты ғасыр өткен соң ғана экранда ашуға талпыныс жасап жатады. Жаратылыста өмір парақтары мен кейіпкерлері жаңарып тұрады. Адамдардың ойы да. Буын өкілдері де.
Өмірде болған оқиғалардың уақытында ашылғаны, соңғы нүктенің қойылғаны алға жылжу үшін маңызды. Шынайы факті мен көркемдік шындықтың үндестік жауапкершілігін қашанда идея авторлары көтереді.
Халық қазынасына түсірілген фильмнің осал болуға құқы жоқ. Фильмнің авторлары көркемдік сапасы жоғары туынды ұсынған.
Көрермен өз елінің ішкі күйін тереңірек түсініп, ойлануы үшін экран өнері де әлеуметтік-психологиялық зерттеу, көркемдік баяндау, ағартушылық функциясын адал атқарғаны маңызды.
Фильмнің кәсіби деңгейі мен жобаға топтасқан мамандардың шеберлігі жоғарғы деңгейде.
Оператордың жұмысы мықты. Режиссер мен драматургтың символдық шешімдері идеяны толық ашқан. Актерлердің ойыны шынайы. Ерекше типаждар кейіпкерлердің мінездемесін дәл ашады. Басты рөлдегі актер Асан Мажиттің фактурасы ерекше, потенциалы өте жоғары.
Өртті алқаптағы апаттан тірі шыға алмаған 14 орманшының отқа оранған күйін бейнелейтін кадрлар трагедияның масштабын айқындайды. Ағаш қайта гүлдейді, адамның жаны мен оның өзімен бірге жерленген армандары қайта келмейді.
38-учаскедегі басты кейіпкердің паралельді жанталасы – табиғат апаты мен адамның әділетсіздіктің алдындағы шарасыздығын ашады.
Идеяның негізгі принципі бүкіл орманды табиғи апатты өрттен құтқаруға қауқарың жетпеуі мүмкін. Бірақ, өз елінің табиғи ресурсын тонап, ағашты ұрлап кесіп, сатып жүргендермен бір болмауға құқың бар.
Фильм идеясының ашатын параллеь шындығы – адам мен табиғаттың жаратылысы бір-бірімен байланысты. Ішкі күйі өртеніп тұрған кейіпкердің тығырыққа тірелген эмоциялары бейне бір шарпып өткен оттың алауы сияқты. Тіпті, тозақ оттарының бейнесіне тең.
Фильм басты акцентті мамандыққа деген адалдыққа қояды. Қолын лас істерден тартып қалып, адамшылдық ұстанымдарына берік болу да – қаһармандық іс. Фильмдегі басты кейіпкер осындай. Дәл бүгінгі заманда тұлғалық ірілікті насихаттау саясаты – маңызды миссия.
Фильмде сүйкімсіз кейіпкер көп. Мемлекеттік қызметтегі жауапты деген адамдардың жауапсыздығы. Халықтың қауіпсіздігіне жауап береді деген қызметкерлердің ұрылармен сыбайлас болуы. Өз елін тонаудан арланбаған қарақшылар.
Табиғаттың заңында қылмыскерлер жазасыз қалмайды.
Авторлар орманшылардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы туралы мәселені ашық көтерген. Мардымсыз жалақы, тұрмыс тауқыметі, халықтың жүйкесін жұқартқан несие жүйесі – бұл әлеуметтің ішкі күйін терең зерттеп шыққан фильм.
Орманшылардың тақырыбы да отандық кинода алғаш рет экранға шығып отыр. Бұл фильм – осы саланың кәсіби мамандарына өз жауапкершіліктері мен техникалық-базалық мүмкіндіктерін сыни көзқараста қайта сараптау үшін жақсы материал.
«38. Соңғы нүкте» фильмі – табиғат пен орманшылардың қауіпсіздігін параллельді көрсете отырып, әлеуметтік мәселені ашық талқыға салған фильм.
Гүлзат КӨБЕК,
киносыншы,
Өнертану PhD докторы,
«Тұран» университетінің профессоры.
Арнайы «Халық» газеті үшін
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!