Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбек нарығында техникалық мамандарға сұраныс артады

08.09.2026, 11:20 62

Қазақстанда алдағы кезеңде еңбек нарығындағы сұраныстың жартысынан астамы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарына тиесілі болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Кадрларға қажеттілікті кешенді болжау нәтижесіне сәйкес, мамандарға ең жоғары сұраныс ауыл, орман және балық шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және экономиканың басқа да салаларында қалыптасады.

Министрлік еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу үшін білім беру бағдарламаларын жаңартып жатыр. Осы мақсатта 20 өңірлік карта әзірленіп, оларда 2 мыңнан астам жаңа мамандық айқындалған. Сонымен қатар қолданыстағы кәсіптердің қалай өзгеретіні де көрсетілген.

Жаңа мамандықтар қатарында цифрлық сыңар технологияларымен жұмыс істейтін және өндірістік процестерде жасанды интеллектіні қолданатын мамандарға басымдық беріліп отыр.

2026 жылы Жаңа мамандықтар атласының негізінде 1 983 білім беру бағдарламасы жаңартылған. Салыстыру үшін, 2022 жылы мұндай өзгеріс небәрі жеті бағдарламаға енгізілген еді.

Қазір білім беру бағдарламалары жасанды интеллектінің ықпалын ескере отырып өзектендіріліп, микробіліктіліктер мен өндірістік оқыту элементтері енгізілуде. Бұл жоғары оқу орындары мен колледждердегі даярлықты еңбек нарығының нақты сұранысына жақындатуға бағытталған.

50 мың студент кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп жүр

Кадрларды тәжірибеге бейімдеп даярлау бағытында дуальды оқыту жүйесі де кеңейіп келеді. Бүгінде 76 жоғары оқу орнының 50 мың студенті 6 мың кәсіпорын базасында дуальды білім алып жатыр.

Мәселен, Қостанай облысындағы жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 138 студенті білім алуда. Биыл олардың 62-сі жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларында жыл сайын 10 мыңнан астам студент дуальды оқыту мен өндірістік тәжірибеден өтеді.

Осылайша, жоғары және кәсіптік білім беру жүйесінде мамандарды тек теориялық тұрғыдан емес, нақты өндіріс жағдайында даярлауға басымдық беріліп отыр. Негізгі мақсат – оқу орнын бітірген түлектің еңбек нарығына дайын болып шығуы және кәсіпорындардың кадр тапшылығын азайту.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: