Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Желтоқсан көтерілісіне көзқарас – лакмус қағазы

04.09.2026, 6:00 41

HALYQLINE.KZ

Биыл Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл толмақ. Арада өткен 40 жылда қаншама қаһарман бұл күнге жете алмай арманда кетті, көз жұмды, бақилық болды. Желтоқсан көтерілісі тек Кеңес Одағы аумағында ғана емес, бүкіл әлемдік деңгейдегі қопарылыстарға жол ашты. Ең алдымен Балтық жағалауы елдері мойнына ілінген құлдық қамытын атып ұрып еркіндікке ұмтылды. Кеңес құрамында болған Орта Азия елдері Мәскеу жаққа жиі жалтақтайтын. Бірақ сонда да олар өз жолдарын тапты. Алып империяның орталығы мен одақтас республикалар арасында ондаған жылдардан сіңіп қалған холоптық психология біртіндеп жойылып келеді.

Тек тәуелсіздігін әсіре сақтықпен ең соңынан жариялаған Қазақстанда жағдай басқаша. Біз әлі күнге Ресейдің отаршыл басқыншыл мемлекет екендігін, елімізде деколонизация мен десоветизация үрдістерінің неге жүргізілмегендігін ашық айта алмай келеміз. Сондықтан да идеологиялық жұмыстарымыз сүреңсіз, жартыкеш. Шенеуніктеріміз ең өзекті – ұлттық мемлекеттігімізді нығайту тақырыбын, мемлекеттік тілді жан-жақты орнықтыру идеясын анадайдан айналып өтуге тырысады. Мәскеумен арадағы байланыста әлі күнге ләббайшылдық сақталынып келеді. Соның салқыны Желтоқсан көтерілісіне байланысты көзқарастардан да айқын байқалады.

Өкініштісі, арада қырық жыл өтсе де қаншама комиссия құрылып, жұмыс істегеніне, толып жатқан заңдық тергеу-тексерулер өткеніне қарамастан әлі күнге Желтоқсан көтерілісіне саяси баға берілген жоқ.

Міне, бүгінде Тоқаев билігі елде түбегейлі өзгерістер жасау ниетімен жаңа Конституция қабылдап, билік тармақтарының жаңа бейнесін қалыптастырып жатыр. Оңдысы – олардың көпшілігі отыз-қырық жастағы мүлде жаңа кадрлар. Яғни жаңа ұстанымдар, жаңа көзқарастар пайда болады деген сөз.

Желтоқсан көтерілісінің 40 жылдығына дейін алда әлі де үш жарым ай бар. Яғни Құрылтайдың бұл оқиғаға саяси баға беретін, желтоқсаншылардың құқықтық мәртебесін айқындайтын заң жобасын жасап, қабылдауына уақыт та, мүмкіндік те толық жеткілікті. Желтоқсан көтерілісіне көзқарас – лакмус қағазы іспетті.

Желтоқсан көтерілісіне оңды көзқарас қалыптаса бастаса, онда жаңа реформалардан үміт күтуге болды. Түбегейлі өзгерістер сенімге бастайды. Егер Құрылтай депутаттары мен атқарушы орган вертикалы бұл мәселеге мән бермегенсіп, бұрынғыдай көзін жұмып өте шыққысы келсе, онда реформалардың арты ашылады да қалады. Онда ештеңе өзгермейді, бәрі баяғысынша қала береді деген сөз.

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: