Ә дегеннен, Қазақстанда бір палаталы заң шығарушы орган өз жұмысын бастады. 28 тамызда Астанада өткен бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттар ант беріп, төраға мен оның орынбасарларын сайлады, тұрақты комитеттердің құрамын жасақтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құрамның алдына заң сапасын көтеру, халықты толғандырған мәселелерді шешу және мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерді жалғастыру міндетін қойды. Ал 31 тамыздағы отырыста Вице-президент пен Премьер-министрдің кандидатуралары қаралып, бекітілді. Сонымен…
23 тамыздағы сайлау қорытындысымен Құрылтайға 5 саяси партияның өкілдері өтті. Жаңа органның 145 депутаты Қазақстан халқына адал қызмет етуге, елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, Конституция мен заңдарды сақтауға ант қабылдады. Осы рәсімнен кейін Құрылтай басшылығын сайлау жұмысына кірісті.
Құрылтай төрағасы лауазымына Мемлекет басшысы Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды. Жасырын дауыс беру нәтижесінде депутаттар бұл ұсынысты қолдады. Сайланған төраға өзіне жүктелген жауапкершілікке тоқталып, алдағы жұмыста әр шешімнің мақсаты айқын болуы керектігін айтты.
– Жүзеге асырылып жатқан реформалардың ауқымы бізден қажырлы еңбекті талап етеді, әрбір шешімнің артында нақты мақсат тұруы тиіс, — деді Айбек Дәдебай.
Бұдан кейін оның ұсынысымен Құрылтай төрағасының үш орынбасары сайланды. Бұл қызметтерге «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева, «Әділет» партиясының депутаттары Динара Зәкиева мен Нұрлан Бекназаров келді. Дания Еспаеваның Мәжіліс басшылығында, Нұрлан Бекназаровтың Сенатта жұмыс істеген тәжірибесі бар. Динара Зәкиева бұған дейін Мәжіліс депутаты, кейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған. Алғашқы отырыста заң жобаларын салалар бойынша қарайтын сегіз тұрақты комитет құрылып, төрағалары сайланды.
| Комитет | Төрағасы |
| Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар | Серік Егізбаев |
| Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары | Үнзила Шапақ |
| Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік | Марат Қожаев |
| Өңірлік және инфрақұрылымдық даму | Әмірбек Оспанбеков |
| Әлеуметтік-мәдени даму | Асхат Аймағамбетов |
| Қаржы және бюджет | Ольга Перепечина |
| Цифрландыру, инновациялар және ғылым | Дархан Ахмедиев |
| Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика | Наталья Годунова |
Президент алғашқы сессияда Құрылтайға берілген өкілеттіктерді түсіндірді. Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға депутаттардың келісімі қажет. Құрылтай Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлап, қызметінен босата алады. Сондай-ақ республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есептерді бекітеді, Үкіметке сенімсіздік білдіруге және оның жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс енгізуге құқылы. Мұндай құзырет депутаттардың қабылданған шешімдер үшін жауапкершілігін де арттырады.
Заң шығару жұмысына қатысты қойылған талап та нақты. Бұрын Мәжіліс қабылдаған заңдарды Сенат қайта қарап, құқықтық сәйкестігін тексеретін. Енді бір палаталы орган жағдайында осы жұмыстың сапасын қамтамасыз ету қажет. Мемлекет басшысы заң жобаларын сарапшылармен талқылауға, әр норманың азаматтар өміріне ықпалын мұқият бағалауға назар аударды.
– Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы мақсатта әзірленіп жатқан «Е-Parliament» ақпараттық жүйесін Құрылтай жұмысына бейімдеу тапсырылды. Заң жобаларын талдауға жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндігі де айтылды. Дегенмен, Президент технология кәсіби құқықтық сараптаманың орнын баса алмайтынын ескертті.
Бірінші сессияның заңнамалық жұмысына цифрлық активтерді дамыту, орта білімге жасанды интеллектіні енгізу, Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру мәселелері енгізілмек. Білікті мамандар мен инвестиция тартуға арналған «Алтын виза», көші-қон саясатын жетілдіру, «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын әзірлеу жөнінде де тапсырмалар берілді. Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселесіне жеке тоқталған Президент олардың білім алуына, медициналық және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігіне жағдай жасауды, өңірлерде тиісті орталықтар ашуды тапсырды.
Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі де күн тәртібіне шықты. Мемлекет басшысы Үкіметтің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заңмен тыйым салу ұсынысын қолдады. Сонымен бірге, мұндай заң қабылданған жағдайда оның орындалу тетігін алдын ала ойластыру қажет екенін айтты. Демек, алғашқы отырыста тыйым күшіне енген жоқ, оны заңнамалық тұрғыдан қарау міндеті қойылды. Онлайн-платформалар мен масс-медиа саласында азаматтардың құқықтарын қорғауға қосымша шаралар қабылдау қажеттігі де көтерілді.
Экономикалық мәселелердің ішінде Ұлттық қор қаражатын пайдалану жайы назар аудартты. Президент ұзақ мерзімде әлеуметтік және экономикалық пайда әкелетін стратегиялық жобаларды, соның ішінде Ұлттық қор есебінен қаржыландыру жоспарланғанын жеткізді. Оның айтуынша, қаражаттың тиімділігі келешек ұрпаққа қалатын нәтижемен өлшенуге тиіс. Бұл тұста заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға басымдық берілетіні айтылды.
Алғашқы сессиямен қатар Үкіметтің жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін доғару рәсімі өтті. 28 тамыздағы Президент Жарлығында жаңа құрам бекітілгенге дейін Үкіметке өз міндеттерін атқара беру тапсырылды. Сондықтан бұл шешімді атқарушы биліктің жұмысы тоқтады деп түсінуге болмайды.
31 тамызда Құрылтай мемлекеттік басқару жүйесіндегі келесі тағайындауларды қарады. Президент Вице-президент лауазымына Ерлан Қаринді, Премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновті ұсынды. Мемлекет басшысы Қариннің реформаларды іске асыруға қатысқанын және мемлекеттік басқарудағы тәжірибесін атап өтті. Вице-президентке билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, депутаттармен және Үкіметпен тығыз жұмыс істеу міндеті жүктелетінін түсіндірді. Бектеновтің кандидатурасын ұсынғанда оның Үкіметтегі жұмысын оң бағалап, басталған инфрақұрылымдық жобаларды жалғастыру қажеттігіне тоқталды.
Дауыс беру кезінде Ерлан Қариннің кандидатурасын 141 депутат қолдап, төртеуі қалыс қалды. Олжас Бектеновке 137 депутат қолдау білдіріп, жетеуі қалыс қалды. Депутаттардың келісімінен кейін Президент тиісті жарлықтарға қол қойып, Е.Қарин Вице-президент, О.Бектенов Премьер-министр болып тағайындалды.
Өзіне көрсетілген сенімнен кейін сөз алған Ерлан Қарин конституциялық өзгерістердің қоғамдық өмірде орнығуына мән берді. Ол реформалардың жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашқанын айтып, ендігі жұмыстың мазмұнына тоқталды.
– Ендігі мақсат – жаңа конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмір қағидатына айналдырып, қоғамдық санада орнықтыру, — деді Ерлан Қарин.
Үкімет басшысы алдағы жұмыстың өлшемі ретінде экономикалық өсім мен халық табысын атады. Ол инфляцияны төмендету, жұмыспен қамту арқылы азаматтардың табысын арттыру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысын жалғастыру міндеттеріне тоқталды.
– Президент мырза, жыл қорытындысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін қамтамасыз етеміз, — деді Олжас Бектенов.
Сол күні мемлекеттік басқару жүйесіндегі тағы бір тағайындау жарияланды. Президенттің Жарлығымен Аида Балаева Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне келді.
Алда жаңа институттарды жасақтау жұмысы жалғасады. Президент алғашқы сессияда Халық Кеңесі қыркүйектің екінші жартысында құрылатынын мәлімдеді. Заңнамалық бастама көтеру құқығы берілетін бұл орган қоғамдағы түрлі топтың ұсыныстарын мемлекеттік деңгейге жеткізуге тиіс.
Құрылтайдың алғашқы күндерінде басшылық сайланып, жұмыс бағыттары белгіленді, бірқатар жоғары лауазымға келісім берілді. Ендігі жауапкершілік қабылданатын заңдардың сапасынан, бюджет қаражатына жүргізілетін бақылаудан және жұрт көтерген мәселелердің шешілуінен көрінеді. Алғашқы отырыста айтылған сөздердің салмағын да осы жұмыс айқындайды.
Ердәулет ҚАЛИЕВ.
Коллажды жасаған автор
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!