Бүгін Қазалы ауданында Спорт күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде өткен мерекелік іс-шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, аудан спортшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, спортшылардың жарқын жетістіктері үшін аудан жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.
«Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен ауданымызда спорт саласында ауқымды жобалар іске асырылып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыру – біздің ортақ міндетіміз» деп, спорт инфрақұрылымын, соның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салуға тапсырма берген болатын. Соңғы 4 жылда Қазалы ауданында Қ.Пірімов, Ү.Түктібаев ауылдарынан бұқаралық спортты дамыту мақсатында заманауи спорт кешендері, бірқатар елді мекенде спорт алаңдары мен ойын алаңдары салынып, пайдалануға берілді. Биылғы жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында құны 398,5 млн теңгені құрайтын жаңа спорт кешені пайдалануға берлісе, жуық арада ғана облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен 628,7 млн теңге ге аудан орталығы Әйтеке би кентінде және 537,1 млн теңге ге Қожабақы ауылында заманауи спорт кешендері ел игілігіне пайдалануға берілді. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі аясында Әйтеке би кентінде 2 спорт алаңы ашылды. Алдағы уақытта Қазалы қаласында да жаңа спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта ауданымызда 35 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл – аудан халқының 45 пайызы. Спортшының жолы жеңіс пен жеңілістен, қуаныш пен толғаныстан тұрады. Нағыз спортшы үшін ең бастысы – мәреге жету ғана емес, сол жолда тоқтамау. Өйткені бүгінгі кішкентай жеңіс – ертеңгі үлкен жетістіктің бастауы. Сіздерге сарқылмас күш-қуат, отбастарыңызға құт-береке, дендеріңізге саулық тілеймін», — деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Салтанатты іс-шарада ауданның спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азамат Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, облыс әкімінің, облыс әкімі орынбасарының және аудан әкімі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне жалғасып, ардагер спортшыларға аудан әкімінің мерекелік сыйлықтары табысталды.
Айта кетейік, қазыналы ауданның спортшылары әлемдік додалар мен ел біріншіліктерінде әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, еліміздің атын әлемге танытуда. Бүгінде халықаралық аренада көк туымызды көкке көтерген қазалылық спортшылар жыл басынан бері Халықаралық турнирлерде 11 алтын, 16 күміс, 8 қола медаль еншілесе, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 14 алтын, 19 күміс, 27 қола медаль иеленді. Өткен жылы Хорватия астанасы Загреб қаласында ересектер арасындағы грек-рим күресінен өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз Айдос Сұлтанғали көк туымызды көкке көтеріп, халқымызға тарихи алтын медаль сыйлады. Биыл шілде айында Индонезияның астанасы Джакарта қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз Толыбай Зарина алтын медалін жеңіп алып, Азия чемпионы атанды. Наурыз айында Тараз қаласында қол күресінен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Қашмұрат Дәурен, Спасов Игорь алтын медаль еншілесе, Ибрашов Әділбек қола медаль иеленіп, Азия чемпионатына жолдама алды. Қырғызстан Республикасында маусым айында қол күрестен өткен Азия чемпионатында Қашмұрат Дәурен жастар арасында Азия чемпионы атанған болатын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!