Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маңызы  бар  мамандық

08.08.2026, 6:00 38

HALYQLINE.KZ

САТИРА

Мамандықтың да, қызметтің де алуан түрі көп. Біреулер бас қатырып оқымай-ақ жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Мен тұратын ауылда жолдың шетінен «Жолаушы» деген кафе ашылды. Сол кафеде жұмыс істеген екі адамды жақсы танимын. Біреуі – жиырма жастағы Гуля, екіншісі – Титок деген жігіт. Олардың қызметтері мынау. Титок кафеге 200 метр қалғанда жол үстінде кетіп бара жатқан автокөліктердің дөңгелегін жарып тастайды. Ол үшін Тәкең жолдың үстіне шеге қағады. Дөңгелегі жарылған жүргізуші амал жоқ, кафеге келіп түстенеді. Әрі қарай Гуля өз қызметін жалғастырады. Гүлекең бетін опалап, шашын бұйралап, төсін томпайтып, бөксесін қомпайтып кафеге келгендердің алдынан «ағай» деп сызылып шыға келеді. Мұны көрген кез келген жүргізушінің енді дөңгелегі емес, жүрегі жарылады. Сұлу бикеш еліктің жаңа туған лағындай аяғын қалт-құлт басып, майысып бір столға отырады. «Үйінен қырық қадам аттаған еркек – бойдақ» демекші, әлгі еркек қызға «не ішесің, не жейсің, не әперейін?» деп, түлкі-бұлаңға салады.

Мұндай ұсыныстарды ұтымды пайдалана білетін Гуля көзін қысып, кафедегі өтпей тұрған қымбат арақ-шараптар мен фирмалық тағамдарды алып беруін өтінеді. Көлік жүргізуші есі кетіп қыздың айтқанын орындайды. Оның ойы – кафеден кейін Гуляны мас қылып, машинасына салып алу. Ар жағы айтпаса да түсінікті… Бірақ, Гүлекең арақ ішіліп, тамақ желінгеннен кейін, сыртқа шығып кетеді. Сол кеткеннен енді қайтып келмейді. Жас қыздың құшағында армансыз балқимын деген бейшара еркек қырғын есепшотты төлейді. Арам ойы іске аспай қалады. Сөйтіп, кафе қожайыны екі қызметкерінің арқасында бизнесін қыздырып байып жатыр. Ал, мына мамандықтың қызметі тіпті басқаша.

Талтаңбайдың мекеме басқарғанына бақандай он бес жыл болды. Қарамағында соңғы жылдары штаттан тыс бір адам қызмет жасайды. Ол есепші емес, кадр бөлімінің бастығы да емес, тіпті қандай маман иесі екені де жұмбақ. Әйтеуір, маңызы бар мамандық. Бір күні Тәкең сол жұмбақ маман иесін кабинетіне жеке шақырып алды.

— Слушай, ешкім жоқ па? Айтпақшы, сенің қолыңнан бәрі келеді, дұрыс па? – деді.

— Құдайға шүкір, басеке, не айтсаң да орындауға әзірмін, — деп әлгі маман басын жерге жеткенше иді. Бастығына адал екені пошымынан анық көрініп тұр.

— Кешегі облыстан мекеменің қаржы айналымын тексеруге келген қара жігітті не істедің, бәрі дұрыс па? Бізден бірдеңе тапты ма, таппады ма? — деп Талтаңбай жекіріп қояды.

Соңғы кездері тексеру көбейіп кетті. Мазасы болмай жүр.

— Тауып көрсін, қатырдым, мекемеде мақсатсыз жұмсалған қаржы жоқ деп жаздырдым. Басеке, бәрі дұрыс, қара жігіт арақ ішпейтін дана жігіт екен, 15 күнде алқаш қылып жібердім. Тәке, «Бюджет деген семіз, ебін тауып жеңіз» деген жаңа мақалды естідіңіз бе?

— Естімедім, бірақ керемет мақал екен. Жарайсың, айтпақшы салық комитетінен тексеруге келген сары қызды не істедің?

— Оны да қатырдым. Ол сары қыз байға тимеген кәрі қыз екен, күйеуге шығарып жібердім. Байғұс маған өте риза болып кетті.

— Қатырыпсың, еңбегіңді ескеремін, енді мұқият тыңда, өте маңызды тапсырма…

— Қандай тапсырма?

— Бізде жұмыс істейтін бас есепші бар емес пе?

— Текежан ба? Ол – өте жақсы адам.

— Не?..

— Ааа, ол – өте жаман адам.

— Иә, сол Текежанды ебін тауып жұмыстан тез арада кетіру керек.

— Бұйрығыңыз орындалады, әміршім.

Талтаңбай тапсырманы тапсырды да, алшаң басып кабинетінен шығып кетті. Енді ол құпия операцияны келесі бөлмеде жасырын бақылап отырады. Өйткені, соңғы кезде бас есепші Текежан мен басекеңнің есеп-қисабы бір-біріне үйлесімін таппай жүр. Шындығын айтқанда Талтаңбайға жақпай жүр. Сәлден кейін қолында калькуляторы бас есепші Текежан келді:

— Басекең қайда?

— Не айтқалы келдің, ол жиналысқа кетті, — деді маман.

— Екі жүз елу мың теңге анда кетті, бір миллион теңге мында кетті.

— Тәке, есебіңді қоя тұршы, мен саған бір қызық айтайын ба? — деп әлгі ерекше маман маңырай жөнелді. Қалай болғанда да Тәкеңді есептен алжастыру. Жұмыстан аластату.

— Ол қандай қызық? Одан да мен саған бір қызық айтайын, — деді де, Текежан қағаздарын аударыстыра бастады.

— Сіз бірінші мені тыңдаңызшы, осы мекемеде қызмет жасағаныңызға қанша жыл болды?

— Қырық жыл…

— Қырық жылда бірде-бір демалысқа шықпапсыз… Санаторияға, яғни, курортқа демалып қайтсаңыз қайтеді?

— Рақмет, жұмыстан қолым тимейді, менің айтайын дегенім, жиырма бес… — дей беріп еді, маманның қалта телефоны шыр ете қалды. Ар жағынан Талтаңбай гүрілдеп тұр:

— Не болды, кететін болды ма?

— Әлі келіспей жатыр, басеке.

— Тез, тапсырманы орында…

Талай бастықты көрген Текежан да бірдеңені сезгендей мұртын жыбырлатып тұр. Қайтадан баяғы әуеніне көшті:

— Жиырма бес…

— Қайдағы жиырма бес? Ол дәуреніңіз өтіп кетті, енді қайтып келмейді. Жұмыстан шаршап жүргеніңіз көрініп тұр. Тәке, сіз деген сондай керемет, сұлу, тамаша адамсыз.

— Қойыңыз енді, мекемеде менен жаман адам жоқ еді, көп мақтап жібердің, бала.

— Мақтасам мақтайыншы, сізді бүгін, арқалайсың мекеменің ауыр жүгін.

— Айттым ғой, менің тынығатын уақытым жоқ деп… Мына, жиырма бес…

— Ту, Тәке, тыңдашы, санатория деген тамаша, курорт, пальма ағашы.

— Пальма дегенің ана басында ранетка өсетін бе? — деді Текежан таңданып. Ол ауданда үй мен кеңседен басқа жерге аяқ баспаған еді.

— Қайдағы ранетка, бауынти өседі… Пальманы сілкіп-сілкіп қаласың, төбеңнен бауынти жауады. Райский наслаждение…

— Қой, басым жарылып қалар.

— Таудан ағып жатқан сарқырама. Табиғаты қандай тамаша…

— Кет әрмен, мен жүзу білмеймін, суға батып кетермін.

— Сосын бар ғой, Тәке, санатория деген – ну орман. Ақ аю, қара аю, аңның түр-түрі бар.

— Ойбай, орманнан қорқам, қасқыр жеп қояр, — деп, Тәкең бет бақтырар емес.

— «Құдай-ай, сені қасқыр жеп қойса, тіпті жақсы болар еді-ау», -дейді ерекше маман есепшіге естіртпей.

Қалта телефоны тағы шырылдады. Талтаңбайдың шыдамы таусылып барады. Текежаннан бүгін құтылмаса болмайды. Ертең жоғарыдан тексеріс келе жатыр. Ауданның аузын жапқанмен, ол жақтың аузын жабу қиын. Ауыздары өте үлкен. Көмейлері терең…

— Не болды?

— Курортқа барғысы келмейді.

— Саған не болған, бармаса барғыз. Айла-әдістерің қайда? Мен саған не үшін айына ақша төлеп отырмын?

Бұл жолы Талтаңбайдың дауысы қатты шықты. Бас есепші бір айға кетсе болды. Шаруасы шешілгелі тұр.

— Ағасы, қалай болғанда да санаторияға демалып қайтқаныңыз дұрыс болады, — деп, жұмбақ маман айтқанынан қайтар емес.

— Өй, сен жындымысың, мен емес, санаторияға өзің барып қайтсаң қайтеді? Осы, менің демалысқа шыққаным саған неге керек болып тұр, әлде біреуге орным керек болып тұр ма?

— Жо… жоқ, сізді бір түрлі аяп жүрмін. Жұмыс, жұмыс деп, тіптен жүдеп кеткенсіз, — деп Текежанды құшақтап алды. Қорсылдап жылай бастады. Текежан бұл жігітті жек көреді. Амалсыздан құшақтап тұр. Бұл келгелі мекемеде талай адам жұмысынан хош айтысты.

— Сенің қызығыңды манадан бері тыңдадым, енді сен менің қолымдағы қызықты тыңда, мына жиырма бес…

Әлгі жігіт Текежанның сөзін тағы бөліп әкетті:

— Ол қандай қызық? Жиырма бес, жиырма бес деп, өтіп кеткен жасыңызды еске түсіре бермеңізші. Мен де жиырма бесімде сұлу жігіт болдым, қыздар соңымнан жүгіріп жүретін.

— Қайдағы жиырма бес жас, менің қолымда Басекең және сенің қызықтарың бар. Мекемеден 25 миллион теңгені жымқырып кеткен қағаздарыңды реттеп, дайындап қойдым. Облыстан келе жатқан тексерушінің алдына жайып саламын.

— Қайдағы 25 миллион? — деп, жігіт жүрегін ұстап қалды.

Талтаңбай және телефон шалды.

— Қандай жаңалық бар?

— Басеке, жаман жаңалық. Текежан бәрін біліп, жіпке тізіп отыр. 25 миллион…

— Не деп оттап тұрсың, тез менің кабинетіме кел.

Талтаңбайдың маңызды маманы алды-артына қарамай кабинеттен тұра қашты.

— Ау, қайда кеттің? — деді Текежан миығынан күліп.

— Санаторияға кеттім…

— Санатория емес, темір торға кетпесеңдер жарар еді, — деп, бас есепші басын шайқады.

Әттең-ай, мемлекеттің қыруар қаражаттары осындай жатыпішер жемқорлардың құлқындарына кетіп жатыр ғой…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: anekdot.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: