Бүгін Шиеліде Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байдрахмановтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Елім деп соққан жүрегі» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпара таратты.
Рухани іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөз сөйлеп, Дәулетбек Байдрахмановтың қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
— Жалпы жұртшылық Шиелі өңірін ақындар мен жазушылардың, сүлейлердің, Еңбек Ерлерінің мекені ретінде жақсы таниды. Осындай киелі топырақтан елдің руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көптеген тұлғалар шықты. Солардың бірі – ақын, журналист, қоғам қайраткері Дәулетбек Байдрахманұлы.
Дәулетбек Байдрахманұлының өмір жолы – туған жерге адал қызмет етудің, еңбекқорлық пен білімге ұмтылыстың, азаматтық ұстанымның жарқын үлгісі.
Ардақты ағамыздың тұңғыш өлеңдер жинағы «Гүлім болсын ұсынған» 1988 жылы жарық көрді. Кейін «Жүректегі жауһарлар», «Отан деп соққан жүректер», «Алдаспан», «Жырдастан», «Шиелі жұлдыздары» секілді жыр жинақтары оқырман қауым мен әдеби сыншылар тарапынан жоғары бағаланды.
Оқырманға ақынның «Қайсар қыз» , «Топ жарған» поэмалары да кеңінен таныс. Бұл шығармаларда Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспанбетова мен Жалағаш өңірінің еңбеккер қызы Айнаш Балғабаеваның өнегелі өмір жолы жырланған. Ал «Сұрмерген» поэмасында Ленинград шайқасында ерлік көрсеткен жерлесіміз Дүйсенбай Шыныбековтің қаһармандық бейнесі сомдалған. Сондай-ақ, соңғы жылдары жарық көрген «Елінің ері» , «Елін сүйген Әбдіманап» атты очерк-естеліктері Бақыт Сарбалаұлымен бірлесіп жазылған құнды еңбектердің қатарында.
Дана халқымыз «Ел еңсесі азаматымен биік» дейді. Халықтың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан Дәулетбек Байдрахманұлының өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Мүшәйра барысында облыстың түкпір-түкпірінен келген ақындар Дәулетбек Байдрахмановтың шығармашылығына арналған жүрекжарды жырларын оқып, ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын арқау еткен туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Тағылымды кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысып, қаламгердің қазақ әдебиеті мен ұлттық руханиятқа қосқан зор үлесіне құрмет көрсетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!