Өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Биыл вегетациялық кезеңде «Шардара» су қоймасына жоспарланған көлемнен артық су келіп, Солтүстік Арал теңізіндегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге жеткен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Жансұлтанұлы баяндады.
«Су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында 68 каналды бетондау жобалары әзірленіп, олардың бір бөлігі халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар Қызылжарма науа каналының құрылысы, Қазалы ауданындағы коллекторлық жүйені қайта жаңғырту және бірқатар каналды тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде», — деді Қайрат Жансұлтанұлы.
Спикердің айтуынша, орман шаруашылығы саласында жыл басынан бері мыңдаған гектар аумаққа сексеуіл және өзге де ағаш көшеттері отырғызылып, орман қорын толықтыру шаралары қолға алынды. Орман өрттерінің алдын алу мақсатында жаңа техникалар сатып алынып, өртке қарсы жолақтар салу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Елді мекендерді көгалдандыру жоспары аясында облыс бойынша бүгінге дейін ондаған мың ағаш көшеті егілді.
«Балық шаруашылығында да оң көрсеткіштер қалыптасты. Алты ай ішінде өңірде 2300 тонна балық ауланып, 1808 тонна балық өнімі 12 мемлекетке экспортталды. Қазіргі уақытта облыста 11 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Сонымен қатар акваөсіру бағытында көл-тауарлы балық шаруашылықтарының саны 80-ге жетіп, бұл салаға мемлекеттік қолдау көрсетілуде», — деді спикер.
Баспасөз конференциясында тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері өңірде жиналған қалдықтардың 35 пайызы өңделген. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша жаңа өндірістік жобалар іске асырылып, бірнеше ауданға арналған сұрыптау кешендері кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Сонымен бірге жаңа полигондар салу және қолданыстағы инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында облыста кең көлемді сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен мыңдаған тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштері «Таза Қазақстан» онлайн-платформасы арқылы жедел қаралып, басым бөлігі оң шешімін тапқан.
«Экологияны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану, орман қорын молайту және қалдықтарды басқару бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады. Бұл бағыттағы негізгі мақсатымыз – өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру», — деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Жансұлтанұлы Қайрат.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!