Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теміржол Перовскіні астанаға қалай айналдырды?

16.07.2026, 6:40 53

Ақмешіт бекінісінің қабырғасынан алыс емес жерде, Сырдария­ның арғы жағалауында, 1904 жылдың күзінде бөтен тілде сөйлескен адамдар лагерь құрды. Олардың қо­лын­да сызба, компас, өлшеу құралдары болды, ал жергілікті тұрғындар алыстан келген бұл топтың не істемекші екенін толық түсіне алмай, ұзақ уақыт бақылап жүрді. Ке­йін мәлім болғандай, бұл – паровоз депосы­ның іргетасын қалауға келген құрылысшылар еді, ал олардың артында тұрған жоба – Ресей империясының Орта Азиямен байланысын нығайтуға арналған Орынбор – Ташкент  теміржолы  еді.

Осыған дейін бұл жер қаншама ғасыр бойы басқа қарқынмен өмір сүрген. 1818 жылы қоқандық Омар хан бұйрығымен салынған Ақмешіт бекінісі  хандықтың солтүстік форпосты ретінде қызмет етіп, керуен жолдарының торабында отырды. 1853 жылдың 28 шілдесінде генерал Василий Перовский бастаған орыс әскері бекіністі штурммен алды, содан кейін оның атын Форт-Перовский деп өзгертті. 1867 жылы Сырдария облысы құрылғанда, бекініс сол облыстың құрамындағы Перовск уезінің орталығы мәртебесіне ие болды, облыстың өзінің басты қаласы әрі басқармасы алыстағы Ташкентте орналасқан еді. Осылайша, Перовск уездік қала ретінде шаруашылығын кірпіш зауыты мен жел диірмендерінің көлемінде ғана жүргізе берді. Қала өмірінің қарқыны баяу еді – керуен келеді, базар қызады, тағы да тыныштық орнайды. Мұндай ырғақ ғасырлар  бойы  бұзылмаған қалыпты тіршілік  болды. 

Дегенімен, империяның Ташкентке дейінгі теміржолды жет­кізу жоспары бәрін бір сәтте өзгертті. 1904 жылы депоның алғашқы құрылыстары – он алты тұраққа арнал­ған веерлі корпус, паровоздар­ды бұратын айналмалы шеңбер, қазандық ғимараты бой көтерді. Ал бір жылдан кейін, 1905 жылдың  1 шілдесінде, Орынбор – Ташкент бағытында тұрақты пойыз қозғалы­сы ашылды. Сол күні Перовск стансасына алғашқы пойыз келгенде, қаланың бұрын-соңды көрмеген оқиғасы болғаны сөзсіз – жергілікті тұрғындар, көпестер, шенеуніктер темір доңғалақтың ызылын тыңдап, буы аспанға көтерілген «темір атты» көзімен көру үшін жиналды. Сол сәттен бастап Перовскінің тарихы екіге бөлінді: теміржолға дейінгі баяу өмір  және теміржолдан кейінгі мүлде  басқа  қарқын.

Вокзал ғимаратының өзі де қала­ның жаңа келбетін паш еткендей… Сол дәуірде Ресей империясында кең тараған «модерн» стилінде салынған бұл ғимарат, жаңа мода мен жаңа заманның нышаны ретінде қала орталығынан бір жарым шақырым жерге тұрғызылды. Оның қасында су мұнарасы, депо ғимараттары, қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер бой түзеді. Ресей үлкен эн­циклопедиясының деректері бойынша, локомотив депосы 1904 жылы, ал вокзал ғимараты 1905 жылы аяқталған, екеуі де қала тарихындағы алғашқы ірі индустриялық құрылыс­тар  болды. 

Теміржолдың артынан адамдар да ағылды. Тамбов, Самара, Саратов, Воронеж   өлкелерінен  потомство­лық теміржолшы отбасылары көшіп келді, себебі жергілікті жерде темір­жол мамандары жоқтың қасы еді. 1906 жылға қарай депода 159 адам жұмыс істейді. олардың арасында машинис­тер,  слесарьлар,  кочегарлар бар. Осы  жаңа  тұрғындардың  келуімен  қаланың  ұлттық құрамы да түбе­гей­лі  өзгерді. 1905 жылғы  деректер  бо­йынша  Перовскіде 11 756 адам тұр­ған, оның 3309-ы – орыс, 2865-і – қазақ, 1988-і – «сарт» деп аталған орта азиялық отырықшы халық, 1861-і татар болған, ал қалғандары поляктар, немістер, кавказдықтар мен еврейлер еді. Мұндай этникалық алуандық бұрын Перовск сияқты шағын уездік қалаға тән құбылыс болмаған, ал енді көше бойында әртүрлі тілде сөйлес­кен адамдарды кездестіру қалыпты  жағдайға  айналды. 

Сауда да мүлде жаңа сипат алды. Стансаға негізінен ұн (248 337 пұт), тұз, қант, мануфактура тауарлары мен бакалея тасымалданса, ал қала­дан ең көп шығарылған тауар – балық болды, оның көлемі 349 900 пұтқа жеткен. Бұл сан Сырдария өзенінің қала экономикасындағы орнын және балық аулау кәсібінің теміржол арқасында қалай өркендеге­нінен хабар береді. Бұрын жергі­лікті базарда ғана сатыла­тын балық енді алыс өлкелерге дейін жеткізіле бастады. Сауда қарқынының  өскенін қаладағы үш қонақ үйдің – «Север», «Коммерческая», «Метрополь» атты мекемелердің ашылуынан да байқау­ға болады, себебі олар енді тек жергілікті саудагерлерге емес, теміржол арқылы келген саяхатшылар мен коммерсанттарға да қызмет көрсете бастады.

Білім беру жүйесі де осы өзгеріс­тен тыс қалмады. Қалада орыс және қырғыз (сол кездегі атаумен қазақ) балаларына арналған интернатты үш сыныптық училище, бірнеше приход мектебі, «орыс-жергілікті мектеп», мешіттер жанындағы алты мектеп, татар мен еврейлерге арналған жеке училищелер қатар жұмыс істеді. Төрт мешіт, православ шіркеуі және еврей ғибадатханасы бір-біріне жақын тұрып, әртүрлі дін өкілдерінің де осы қалада тұрақтап қалғанын аңғартады. Мұның бәрі теміржолдың келуі­мен пайда болған жаңа экономикалық мүмкіндіктердің тікелей нәтижесі еді, себебі сауда мен өнеркәсіп өркендеген жерге әрдайым білім мен дін мекемелері де ілесіп отырады. 1917 жылдың 30 қазанында Перовскіде кеңес өкіметі орнағаннан кейін де қаланың теміржолмен байланысқан тағдыры үзілген жоқ, керісінше тереңдей түсті. 1925 жылы қала Ақмешіттен Қызылорда болып қайта аталып, Ресейдегі Орынбордан Қазақ Автономиялы Республика­сының астанасы дәл осы жерге көшіп келді, ал 1925 жылдың 28 тамызында Перовск стансасы  да Қызылорда стансасы болып өзгер­тілді. Астаналық мәртебеге ие болудың артын­да, сөз жоқ, 1905 жылы қаланған теміржол торабының экономикалық негізі жатты. Егер Перовск сол кезде шалғай, көлікпен байланыссыз қала болып қалғанда, оны астана етіп таңдау үшін ешқандай  негіз  болмас  еді.

Бүгінгі Қызылорда тұрғыны вокзал ғимаратының жанынан өткенде, сол ғимараттың қабырғасы бір ғасыр­дан астам уақыт бұрын қаланың тағдырын мүлде басқа арнаға бұрғанын көбіне ойламайды да. Десе де, тарих осылай – кейде бір теміржол желісі, бір вокзал ғимараты ғана қаланың кейін­гі жүз жылдық дамуының бағытын айқын­дап кетеді. Перовскінің шалғай уездік қаладан облыс орталығына, кейін республика астанасына дейінгі жолы дәл осы 1905 жылғы оқиғадан бастау алды, ал бұл – қала тарихындағы теміржолдың рөлін қаланың бүкіл экономикалық және әлеуметтік болмысын қайта құрған күш ретінде қарастыруға  толық  негіз  береді.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ,

Суретті  түсірген автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: