Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан қарызға белшесінен батқан ел ме?

09.07.2026, 7:00 43

«Бір  қазақстандық  нәрестенің  кіндігі кесілмей  жатып,  мойнында 9000 доллардай қарыз тұрады» деген қаңқу сөзді құлағымыз шалып қалды. Дүкенге кірсең, базарға барсаң, әркім «елді қарызға белшемізден батырды» деп күңкілдейді. Ал Ұлттық банктің ресми есебінде басқа статистиканы байқаймыз. 2026 жылдың басындағы дерек бойынша еліміздің жалпы сыртқы қарызы 181,8 миллиард долларды құраған, оның мемлекет тікелей жауап беретін бөлігі небәрі 9 пайыздан сәл асады. Сонда қай дерек шындыққа жақын, қай дерек қорқынышты әсірелеу? Осы сауалдың жауабын білу үшін біз елдің борыш дәптерін парақтап, кімге қанша қарыз екенін, ақшаны қайдан тауып, қалай қайтарып жатқанын шолып шықтық.

Сыртқы қарыз дегеннің өзі жұртшылық ойлағандай біркелкі дүние емес. Ел ішінде тіркелген кез келген компанияның, банктің, мемлекеттік басқару органының шетелдік кредитор алдындағы міндеттемесі – бәрі бір қазанға салынады. Қазақстандағы Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ сияқты алып жобаларда жұмыс істейтін шетелдік инвестордың өз тобындағы қазақстандық еншілес кәсіпорынға берген қаражаты да халықаралық әдістеме бойынша «Қазақстанның сыртқы қарызы» болып есептеледі. Дәл осы тұста жұрт шатасады, миллиардтаған доллардың үлкен бөлігін салық төлеуші қайтармайтынын білмей, бүкіл соманы өз мойнына артып алады. Мән-жайды таразылап  көрейік.

Қазақстан Ұлттық банкінің мәлі­метінше, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елдің жалпы сыртқы қарызы 181,8 миллиард долларға жетті. Бұл – тарихтағы ең биік белес. Тек өткен жыл ішінде көрсеткіш 17,2 миллиард долларға өсіп, соңғы он жеті жылдағы ең үлкен қарқынды – 10,4 пайызды көрсетті. Ұлттық банктің түсіндіруінше, өсімнің 12,8 миллиард доллары төлем балансы операциялары есебінен, ал қалған 4,3 миллиард доллары валюта бағамы мен құндық өзгеріс­тер  салдарынан  болған.

Қарызды жан басына шаққанда цифр тым көп көрінуі мүмкін, деген­мен оны дұрыстап талдап қараған жөн.  Мемлекеттің сыртқы қарызын халыққа бөлсе, әр адамға тоғыз мың доллардан астам тиесілі болатыны айтылған. «Альпари» сараптамалық департаменті директорының орынбасары Наталья Мильчакова бұл көрсеткіш  жалғыз Қазақстанда емес, бүкіл  әлемде  бар  екенін  ескертеді.

– Қазақстандықтар мемлекеттің қарызы үшін өздерін әлем алдында борыш­кер сезінбеуі керек. Мысалы, Ұлыбританияда жан басына шаққандағы қарыз жүз елу мың долларға пара-­пар. Бельгия, Норвегия, Финляндияда жүз мың долларға тең. АҚШ-та алпыс мың, Германияда жетпіс мың, Ресейде үш жарым мың долларды құрайды. Мұнда халық саны үлкен рөл атқарады, — дейді  Наталья  Миль­чакова.

Сонымен қатар цифрдың салма­ғын ЖІӨ-мен өлшеу әдеті бар. Сырт­қы қарыздың жалпы ішкі өнімге қатынасы фирмааралық берешекті қосып есептегенде жыл ішінде 56,6 пайыздан  59,4 пайызға дейін көте­рілді. Ал фирмааралық қарызды алып тастап есептесек, көрсеткіш 25,3 па­йыздан 30,1 пайызға өсті. Тәуе­келді бағалайтын экономистер дәл осы екінші санға қарайды, өйткені фирмааралық берешек дегеніміз – шетелдік ананың өз баласына берген ақша­сы іспеттес, оны қайтару бойынша мемлекетке  тікелей  жүк  түспейді.

Жұрт «Қытайдың құрсауында қалдық» деп жиі айтады, бірақ нақты цифр басқаны айғақтайды. Қазақстан халықаралық ұйымдарды қоспағанда, жалпы алғанда жүзден астам мемлекетке қарыз. Ал ең көп қаражат алған ел – мұнайлы алыптардың отаны емес, кішкентай Нидерланд. Себебі әлемдегі ірі компаниялардың басым бөлігі дәл сол елде тіркелген, Қазақстандағы жобаларға ақша  сонымен  жүреді.

2023 жылдың қазан айындағы LS порталы жариялаған Ұлттық банк құрылымы бойынша несие беруші елдердің ондығы былай реттелген (көрсеткіштер – миллиард доллармен, жақшада бір жылдағы өзгеріс):

Кредитор ел / топСома (млрд $)Жыл. өзгеріс
Нидерланд42,5+2,1%
Ұлыбритания14,0−7,8%
Халықаралық ұйымдар13,0−0,3%
Ресей12,5−18,3%
АҚШ11,3−9,6%
Франция11,2+0,4%
Бермуд аралдары (офшор)9,4−0,03%
Қытай≈9,0−3,1%

Дереккөз: Қазақстан Ұлттық банкі, LS сараптамалық порталы, 2023 ж. қазан.

Бұл кестенің ішіндегі ең қызық жайт – Қытайдың орны. Бәрі айтып жүрген Аспанасты елі несие беру­ші тізімде ондықтың аржағында тұр, оның үстіне берешегіміз азайып келеді. Дүниежүзілік банктің 2026 жылғы сәуірдегі дерегі осы ойды нықтай түседі. Орталық Азияда Қытайға қарыз үлесі бойынша Қазақ­стан ең төмен деңгейде, оның сырт­қы қарызының небәрі 3,6 пайызы ғана Қытайға  тиесілі.

ЕлСыртқы қарыздағы Қытай үлесі
Қырғызстан30,5%
Тәжікстан16,1%
Түрікменстан13,4%
Өзбекстан7,5%
Қазақстан3,6%

Дереккөз: Дүниежүзілік банк деректері, 2026 ж. сәуір.

Көрші елдер бір ғана кредиторға арқа сүйеп, тәуелді болып қалғанда, Қазақстан қарызын әртараптандырып үлгерген. Қаржы саласындағы сарапшылардың түсіндіруінше, бір кредиторға шектен тыс тәуелділік елдің қаржылық икемділігін шектеп, экономикалық саясатта еркіндігінен айырады. Сол себепті Қытайдың Қазақстандағы рөлі көршілерден өзгеше. Мұнда Аспанасты елі көбіне кредитор емес, инвестор ретінде қатысады. Жобаға қаржы салған тарап табысқа қарай дивиденд алады да, тәуекелді өзі көтереді, мемлекет мойнына  қарыз  артылмайды.

Қарыздың  қай  валютамен  алын­ғаны  да  көп  нәрсені  аңғартады. Қазақстан Ұлттық банкі жазғандай, соңғы он жылда қарыз құрылымы күрт өзгерген. АҚШ долларымен алынған бере­шек 2016 жылғы 131,1 миллиард  доллардан 2026 жы­лы 119,3 мил­лиард долларға дейін азайса, өзге валюталардың  салмағы  артқан:

Валюта2016 ж.2026 ж.Өзгеріс
АҚШ доллары131,1 млрд119,3 млрдазайды
Еуро2,5 млрд5,6 млрд2 еседен астам өсті
Ресей рублі0,46 млрд6,6 млрд≈14 есе өсті
Қытай юані0,055 млрд6,3 млрд115 есе өсті
Теңге4,4 млрд12,5 млрд≈3 есе өсті

Дереккөз: Қазақстан Ұлттық банкі, 2026 ж. мамыр.

Юаньмен алынған қарыздың он жылда 115 есе өсуі де – бір қарағанда қорқынышты сан, бірақ абсолютті көрсеткіште ол небәрі 6,3 миллиард доллар, жалпы соманың кішкене ғана бөлігі. Теңгемен алынатын міндеттемелердің үш есеге өсуі, керісінше, оң үрдіс саналады, өйткені ұлттық валютадағы қарыз  бойынша  бағам  тәуекелі  болмайды.

Сыртқы қарызды дұрыс түсіну үшін оны бөліп алып қарау керек. 2026 жылдың басындағы Ұлттық банк құрылымы бойынша жалпы сома төрт үлкен бөлікке жіктеледі. Бұған дейінгі жылдардағыдай ең үлкен үлес фирмааралық берешекке тиесілі болса да, оның салмағы біршама азайып, мемлекет пен банк секторының  қарызы  жедел  өсіп  жатыр.

СекторҮлесі (шамамен)Сипаты
Фирмааралық берешек49,4%Шетелдік инвестордың еншілес кәсіпорынға қаржысы
Басқа секторлар≈30%Корпоративтік және квазимемлекеттік қарыз
Банк секторы10,1%Екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық банк
Үкімет (мемл. басқару)8,8%Тікелей мемлекет жауап беретін борыш

Дереккөз: Қазақстан Ұлттық банкі, 2026 ж. қаңтар (алдын ала бағалау).

Кестеге қарасаңыз, мемлекет тікелей жауап беретін бөлік небәрі 9 пайызға жуық. Сарапшылар осы цифрды халықаралық стандартпен салыстырғанда қауіпсіз деңгей деп бағалайды, яғни жақын жылдарда тікелей бюджет дефолтының қау­пі жоққа тән. Алайда мамандар нақ осы арада бір «көрінбейтін қауіп­тің» барын ескертеді. Ресми статис­тикада квазимемлекеттік сектордың, яғни мемлекеттің үлесі бар ұлттық компаниялардың қарызы Үкіметтің борышы болып саналмайды. Бірақ олар шетелден қаржы тартқанда көбіне мемлекет кепіл болады.

Тарихта бұл «жасырын жүктің» қалай ауырлайтынын көрсеткен мысалдар бар. 2015 жылы шілдеде «ҚазМұнайГаз» компаниясының 4 миллиард доллар қарызын Ұлттық  банк  төлеп  берген, оның өтемі ретінде мұнай  компаниясының 10 пайыз акциясын алған. Сол жылы мемлекет «Қазақстан темір жолы» компаниясының 350 миллион доллар сыртқы қарызын да Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан несие алып өтеген. Демек квази­мемлекеттік  сектор  сүрінсе, есеп айырысу  түбі  салық  төлеушіге, яғни қарапайым  халыққа  келіп  тіреледі.

Бұл мәселенің көлемі қаншалық екенін Жоғары аудиторлық пала­та өткен жылғы есебінде ашып көрсетті. Палатаның дерегінше, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ау­қат қорының борышы 10,99 триллион теңгеге, «Бәйтерек» ұлттық бас­қару­шы  холдингінің  берешегі 9,88 триллион теңгеге жеткен. Аудиторлардың  байламынша,  бұл  компания­лар  қарыз  алған  ақшаның нақты инвестицияға бағытталған үлесі 25-30 пайыз­дан аспайды, басым бөлігі бұрынғы  берешекті  жабуға  кетеді.

Осы деректерді талдаған экономист Рахымбек Әбдірахманов мұны отбасылық тұрмыспен салыстырып, өткір  тұжырым  жасады.

– Егер отағасы не отанасы үнемі кредит алып, оның жетпіс пайыздан астамын тек бұрынғы қарызын қайтаруға жұмсаса, ол адамның масқара тірлігінен туыс, таныс, дос, көршілерінің бәрі шошынып, жаға ұстар еді, — дейді экономист  Рахымбек  Әбдірахманов.

Қарыз алу бар да, оны қайтару бар. DalaNews пен Tizgin.kz порталдарының деректеріне сүйенсек, Қазақ­стан 2026 жылы 51,9 мил­лиард доллар көлеміндегі сыртқы қарызын өтеуі тиіс. Бұл сома елдің жалпы сырт­қы борышының шамамен үштен біріне тең, оның үстіне бір жылдық республикалық бюджет көлемінен де асып түседі. Цифрдың салмағы осы салыстырудан-ақ айқын аңғары­лады. Дегенмен, мамандар дабыл қағуға әлі ерте дейді, өйткені қарыздың құрылымы оны бірден қайтаруды талап етпейді. KZNews.kz са­раптамасынша, сырт­қы қарыз­дың 88,1 пайызы ұзақ­мерзімді міндетте­мелерге жатады, яғни бір жылдан асатын мерзімге алынған. Ел бүгін-­ертең берешегін беру үшін мил­лиардтаған доллар іздеп сабылмайды. Бұған қоса өтеу көзі де бар, Ұлттық қордағы валю­талық активтер мен алтын-валю­та резерві осы мақсатта сақтан­дыру қыз­метін  атқарады.

Үкіметтің қарызды басқару тәсілі негізінен қайта қаржыландыруға, яғни ескі қарызды жабу үшін жаңа, тиімдірек қарыз алуға құрылған. Биылғы маусым айында ғана Қаржы министрлігі тағы да сырттан қаржы тарту туралы шешім қабылдады. Халықаралық қайта құру және даму банкінен 92,3 миллиард иен (шама­мен 600 миллион доллар) несие алу көзделген, оны өтеу мерзімі 11 жыл, алғашқы 5 жылы – жеңілдік кезеңі. Азия инфрақұрылымдық ин­вес­тиция­лар банкінен 400 миллион доллар, бар-жоғы 1,2 пайыздық мөлшерлемемен қарыз алу да мақұлданған. Бұған қоса Ұлттық банк халық­аралық нарыққа 1,5 миллиард доллар көлемінде еурооблигация шығаруды  жоспарлап  отыр.

Тартылатын қаражат республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Ал қарыз­дарға қызмет көрсету мен оларды өтеу республикалық бюджет қара­жаты  есебінен  жүзеге  асырылады.

Халықаралық қаржы институттарының несиесі коммерциялық қарызға қарағанда тиімдірек, мөлшерлемесі төмен әрі мерзімі ұзақ саналады. Сол себепті Үкімет дәл сол жолды таңдап отыр. Бірақ мұның екінші жағы да бар. Жыл өткен сайын жаңа қарыз алып, ескісін өтеу әдеті бюджетке қызмет көрсету шығынын үстемелейді. Әлемдегі арзан ақша дәуірі аяқталып, мөлшерлемелер өскен қазіргі кезеңде сырттан қарыз алу бұрынғыдан әлдеқайда қымбатқа  түседі.

Қарыз туралы әңгіме мемлекеттік қазынаның жалпы жағ­дайын  білмей  толық  болмайды. Ел ақшаны қайдан тауып, қайда жұмсайды? 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет бұл сұраққа нақты жауап береді. Экономика минис­трі  Серік  Жұманғарин Үкімет  отырысында  келтірген цифрлар  бойын­ша  рес­публикалық  бюджеттің  кірісі 2026 жылы 19,2 триллион теңге, ал шығысы 27,7 триллион теңге деңгейінде белгіленген.

Көрсеткіш2026 ж.2027 ж.2028 ж.
Бюджет кірісі19,2 трлн тг21,2 трлн тг23,2 трлн тг
Бюджет шығысы27,7 трлн тг28,8 трлн тг29,8 трлн тг
Ұлттық қор трансферті2,77 трлн тг2,77 трлн тг2,77 трлн тг
Бюджет тапшылығы (ЖІӨ-ге)2,5%0,9%

Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі, «Әділет» АҚЖ, 2026-2028 жж.

республикалық бюджет туралы заң.

Кіріс пен шығыстың арасындағы алшақтық бірден көзге түседі, кіріс 19,2 триллион болса, шығыс – 27,7 триллион теңге. Айырмашы­лықты, яғни бюджет тапшылығын жабу үшін мемлекет екі жолды пайдаланады – Ұлттық қордан трансферт алады және қарызға барады. Қазынаны толтыратын негізгі бұлақтар – салық түсімі, кеден төлемдері, мұнай-газ секторының кірісі және Ұлттық қордан құйы­ла­тын  қаражат.

Мемлекет мұнайға тәуелділіктен арылуға тырысып жатыр. Жаңа бюджет ережесі бойынша 2026 жылы Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту мүлде көздел­меген, тек жыл сайынғы кепіл­дендірілген трансферт – 2,77 триллион теңге қалдырылды. Мұнайға қатысты емес тапшылықты биыл ЖІӨ-ге шаққанда 4,9 пайыздан 2028 жылы 2,7 пайызға дейін төмендету межеленген. Қарапа­йым тілмен айтсақ, билік «көрпеге қарай көсіл» қағидасына көшіп, мұнай ақшасына аз қарап, өз қара­жатымен күн көруге ұмтылып отыр.

Кірістің өсуі сыртқы саудаға да тікелей байланысты. Үкімет болжамынша, экспорт 2026 жылы 77,1 миллиард доллардан 2028 жылы 83,7 миллиард долларға де­йін өседі, ал импорт 67,7 миллиард доллардан 75,2 миллиард долларға дейін артады. Оң сауда балансы сақталады деп жоспарланған. Дүние­жүзілік банктің бағалауынша, мұнай бағасының жоғары болуы 2026 жылы кірісті ұлғайтып, бюджет тапшылығын қысқартып, елдің сыртқы позициясын нығайтады.

Қазақстан экономикасын тек ішкі көзбен емес, сырттан қараған бағамен де өлшеген жөн. Халық­аралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк сияқты ұйымдар елдің қаржы жағдайын үнемі сараптап, болжам жасап отырады. Олардың ортақ тұжырымы – Қазақстан экономикасы 2025 жылғы қарқынды өсімнен кейін 2026 жылы баяулайды.

2025 жылы ел экономикасы сенімді түрде 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім 300 мил­лиард доллардан асқан. Бірақ алда­ғы жыл басқаша болмақ. Дүние­жүзілік банк ЖІӨ өсімі 2026 жылы 4,6 пайызға дейін төмендеп, 2028 жылға қарай 3,5 пайыз дең­гейінде тұрақтанады деп болжайды. Халық­аралық валюта қоры одан да сақ – 2026 жылға арналған болжамын 4,4 пайызға дейін төмендеткен. Ал Үкіметтің өзі 5,4 пайыздық оптимистік межені ұстанып отыр.

Болжам жасаған ұйым2026 ж. ЖІӨ өсімі
Қазақстан Үкіметі5,4%
AERC (сұраныс моделі)4,9%
Дүниежүзілік банк4,5-4,6%
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ)4,4%
Нақты көрсеткіш (қаңтар–мамыр)3,7%

Дереккөз: Дүниежүзілік банк, ХВҚ, AERC, ҚР Экономика министрлігі, 2026 ж.

Кестенің төменгі жолы біраз дүниеден хабар береді. ХВҚ-ның осы айдағы  дерегінше, жылдың алғашқы бес айында нақты ЖІӨ өсімі небәрі 3,7 пайыз болған, бұл барлық болжамнан төмен. Себебі – Каспий құбыр консорциумы жүйе­сіндегі төтенше жағдай мен мұнай өндіру көлемінің уақытша қыс­қаруы. Демек мұнайға тәуел­ді ел үшін бір ғана құбырдағы ақаудың өзі бүкіл экономикалық көрсет­кішке  салмақ  салады.

Дүниежүзілік банк сарапшылары қарыз мәселесіне қатысты тікелей ескерту де жасады. Ұйым­ның бағасынша, фискалдық тапшылықты жабу үшін іштен қарыз алу мен Ұлттық қордан қаражат алуға деген тәуелділіктің артуы қордың ұзақмерзімді тұрақтылығына алаңдаушылық тудырады. Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Андрей Михнев фискалдық тәртіптің және кіріс көздерін әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті. Соны­мен қатар банк квазифискалдық операциялардың кеңеюі үй шаруа­шылықтарының өсіп келе жатқан қарызы аясында тұрмыс құнына қысым күшейтуі мүмкін екенін ескертті.

Тағы бір маңызды сан – резерв. «Реформалар толқынында» атты Вашингтондағы дөңгелек үстелде келтірілген дерек бойынша, Қазақ­станның  халықаралық резерві 2025 жылдың басынан бері 23,8 па­йызға өсіп, Ұлттық қордың 62,9 мил­лиард доллар активін қосқанда 129,5 миллиард долларға жеткен. Бұл цифр Ұлттық банктің қысқамерзімді сыртқы қарызды толы­ғымен жабуға қауқары жететінін көрсетеді. Сондықтан мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы он жылдан астам уақыт бойы шамамен 25 пайыз деңгейін­де тұрақты ұсталып  келеді.

Қарыз тақырыбы Парламент қабырғасында да қызу талқыланады. Депутаттар Үкіметтің сырттан қарыз алуға бой ұрғанын ашық сынап жүр. Мәжілістегі бұрынғы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев 2026-2028 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылау кезінде мемлекеттік сыртқы қарыздың шектен тыс өсуін бірінші кезектегі қауіп  деп  атады.

– Қазіргі уақытта мемлекеттік борыш көлемі шекті межеден асып кетті. 2028 жылға қарай жалпы қарыз 57,5 триллион теңгеге жетіп, оған қызмет көрсету шығындары 4,5 триллион теңге болады. Бұл – бюджет шығыстарының он бес па­йызы. Біз қарызды емес, қарыз бізді басқаратын жағдайға жетуіміз мүмкін, — дейді  депутат.

Экс-депутаттың айтуынша, квазимемлекеттік сектордың шамадан тыс қарызы 2026 жылға қарай 70 миллиард долларға жетеді деген болжам бар, бұл ЖІӨ-нің 20,5 пайызына тең. Яғни ел экономикасының айтарлықтай бөлігі осы секторға тәуелді болып отыр. Е.Бейсенбаев Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді шектеуді табанды түрде талап еткенін, өйткені ол қаражат – келер ұрпақтың ақшасы  екенін  баса  айтты.

Бұған дейінгі бюджет талқы­лауларында да осындай дабыл естілген. Сол кездері депутат болған Ерлан Сайыров келесі жылдың өзінде 2,5 триллион теңге тек қарызды өтеуге кететінін ескертіп, осы бағытпен жүре берсек, Латын Америкасы елдерінің деңгейіне жетіп қалу қаупі барын айтқан. Экс-депутат Үкіметке бюджетті оңтайландыруды, қымбат көлік пен жиһаз сатып алуды тоқтатуды, аймақтардағы аурухана мен мектептен басқа әкімшілік құрылыстарды  доғаруды  ұсынған.

Сарапшылар тарапынан да байсалды баға беріледі. Экономи­калық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстан­беков 2025-2026  жылдары сыртқы қарыз­ға  байланысты тәуекелдер өсе­тінін ескерткен. Оның есебінше, жеке  компаниялардың сырт­қы қарызы 101 миллиард долларды құрайды, ал солардың өтеу мерзімі дәл  осы жылдарға  тұспа-тұс  келеді.

– Алдағы екі жыл солардың өтеу мерзіміне тұспа-тұс келеді. Яғни, тағы да капитал шетелге кетеді деген сөз. Бұл өз кезегінде төлем балансына қысым жасап, теңгеге де әсер етуі ықтимал, — дейді Экономикалық саясат институтының  директоры  Қ.Арыстанбеков.

Дегенмен, сарапшылар бір­ауыздан үрей тудырудың қажет емес екенін айтады. Кейбір мамандар, оның ішінде экономист Мақсат Сералы елдің жер байлығы мен қазба байлығына сүйеніп, қарызды толық қайтаруға мүмкіндік бар екенін айтады. Ал «Pro Gente» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат Халық болса, мемлекеттік қарыздың еселенуінен гөрі шикізатқа тәуелділіктен сақтану керектігін, әлемдік мұнай бағасына  байлаулы болудың өзі үлкен  тәуекел екенін  алға  тартады.

Осынша цифр мен пікірдің түйін­ін бір ауыз сөзбен айтсақ, мәселе қарыздың өзінде емес, оны қалай пайдалануда жатыр. Қарыз дегеннің бәрі бірдей зиян емес. Дамыған елдер – Нидерланд, Жапо­ния, АҚШ – триллиондаған долларлық қарызбен өмір сүріп жатыр, бірақ олардың мұртын балта шаппайды. Себебі сол елдер қарыз ақшаны жұмыс істетуді меңгерген. Ал қарызды қайтара алмайтын Солтүстік Корея, Түрікменстан, Ауғанстан сияқты елдерге ешкім  қарыз  бермейді.

Экономистердің тілімен айт­қанда, екі түрлі қарыз бар. Біріншісі – өсім құралы, яғни сырттан алынған ақша экспорттық табыс әкелетін жобаға, өндіріске, жаңа технология мен инфрақұрылымға салынса, ел үшін игілікке айналады. Екіншісі – ауыртпалық, егер қарыз ағымдағы шығынды жабуға немесе тиімсіз жобаға кетсе, бүгін­гі заем ертеңгі жүкке айналады. Қазақстанның басты сынағы осы жерде, алынған қаражатты қай арна­ға  бұрады?

Жоғары  аудиторлық палатаның есебін шалсақ, алаңдауға негіз бар секілді, мемлекет алған қарыздың басым бөлігі экономикаға серпін беретін инвестициялық жобаға емес, бюджет тапшылығын жабуға және бұрынғы заемға қызмет көрсетуге жұмсалады. Квазимемлекет­тік  алыптарда заем ақшаның нақ­ты инвестицияға бағытталған үлесі 25-30 пайыздан аспайды. Дәл осы үрдіс жалғаса берсе, экс-депутат Е.Бейсенбаев айтқан «қарыз бізді басқаратын» жағдай шындыққа айналуы  мүмкін.

Сонымен, о бастағы сұраққа оралайық: Қазақстан қарызға белшесінен батқан ел ме, әлде есеппен қарыз алып отырған мемлекет пе? Цифрлар екеуінің ортасын көр­сетеді. Бір жағынан, мемлекет тікелей жауап беретін қарыз әлі де қауіпсіз деңгейде, резерв жеткілікті, дефолт қаупі жоқтың қасы. Екінші жағынан, квазимемлекеттік сектордың «көрінбейтін жүгі» ауырлап, жыл сайын жаңа қарыз алып ескісін жабу әдеті орнығып барады. Таразының қай басы ауыр тартатынын алдағы бірер жыл, әсіресе мұнай бағасы мен корпоративтік қарызды өтеу кезеңі көрсетеді. Бір анығы – борыш дәпте­ріндегі әр санның арғы жағында бүгінгі емес, ертеңгі ұрпақтың тағдыры тұр. Қорқатынымыз да – осы.

Ердәулет ҚАЛИЕВ,

Коллаж бен инфографиканы жасаған автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: