Қазақстан Қара теңіздегі дрон шабуылдары мен Каспий құбыр консорциумы терминалындағы үзілістерге байланысты мұнай экспортының бір бөлігін балама бағыттарға жөнелте бастады, деп хабарлайды Halyqline.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
«Теңізшевройл» тамыз айында шамамен 100 мың тонна мұнайды теміржол арқылы Грузияның Батуми портына жеткізуді жоспарлап отыр. Мұндай шешім КҚК бағытындағы қауіпсіздік мәселелері мен мұнай тасымалдайтын танкерлер тапшылығынан кейін қабылданған.
Reuters дерегінше, шілдеде КҚК арқылы мұнай жөнелту жоспардан 20 пайыздан астам төмендеген. Тәуліктік көлем 1,2–1,3 миллион баррель шамасында болды. Халықаралық нарыққа күн сайын шамамен 400 мың баррель мұнай кем жеткізілген. Тамыздың алғашқы күндерінде тасымал көлемі тәулігіне 1,1–1,2 миллион баррель деңгейінде қалған.
КҚК терминалындағы үзілістер Қазақстандағы мұнай өндірісіне де әсер етті. Шілдеде өндіріс көлемі маусыммен салыстырғанда 14 пайызға азайған. Энергетика министрлігі КҚК жұмысын толық тоқтату қарастырылмайтынын, жағдай бақылауда екенін мәлімдеді.
Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық арнасы саналады. Құбыр арқылы тәулігіне орта есеппен 1,5–1,7 миллион баррель мұнай тасымалданады. Қазіргі балама бағыттардың қуаты бұл көлемді толық алмастыруға жетпейді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!