Қызметтің қызуында жүріп, сөгіс алғанға не жетсін! Өмір бойы бір сөгіс ала алмасаң, несіне адамсың, несіне әкімсің? Сөгіс деген рақат қой, қуаныштан жүрегің атша тулайды! Сөгіс ала алмаған әкімдер қаншама? Мысалы, жуырда еліміздің бірнеше әкімі Президенттен сөгіс алып, кәдімгідей бір марқайып қалды. Ал, сөгіс ала алмағандардың ауыздары аңқайып қалды. Тіпті, сөгіс алған Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке қуанып, қолын қысқандар да көп болды.
– Сөгісіңіз құтты болсын!
– Айтсын!
– Келмей жатып, сөгіс алып жатырсыз, бұл деген рақат қой!
– Иә, қуанышым шексіз!
– Сіз анау-мынау емес, президенттен сөгіс алдыңыз!
– Иә, сол үшін де қуанышым қойныма сыймай, жерге төгіліп жатыр.
– Не деген керемет сөгіс!
Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин мен Павлодар облысының әкімі Ә.Ысқақов қатар келе жатқан. Портфельдерін қолтықтарына қысып. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанады. Өздері өте көңілді.
– Сөгісіңіз сұлу екен! – деді Ақтөбе облысының әкімі.
– Сөгістің де сұлуы бола ма екен? – деді Павлодар облысының әкімі.
– Ойбай-ау, мұндай сөгістерге жеткен де, жетпегендер де бар!
– Солай ма?
– Енді… Сөгіс алу оңай ма?
– Өмірімде бірінші рет сөгіс алыппын.
– Сөгісің сөгістерге жалғассын, сөгісіміздің қызығын көре берейік. Тапқанымыз сөгістерге шашылсын!
– Тойда тост сөйлеп кеткендей болдыңыз-ау?
Осы кезде журналистер қауымы жүгіріп келіп, екеуін қоршай алды.
– Сөгістеріңіз құтты болсын!
– Рақмет, рақмет!
– Не үшін берді сонда?
– Не үшін дейді ғой? Короновирус індетіне қарсы шаралар қабылдауда міндеттерімізді шала орындағанымыз үшін.
– Қуаныштарыңызға ортақпыз!
Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжанов үкімет дәлізінде аяғын алшаң басып келе жатыр еді, алдынан телеарнаның, басқа да басылымдардың тілшілері жүгіріп шықты.
– Қуанышыңыз құтты болсын!
– Иә, әйтеуір алдық қой.
– Қандай сөгіс алдыңыз?
– «Простой» сөгіс қой.
– Менсінбей тұрсыз ба?
– Жоға. «Барымен базар» деген.
– Көңіл күйіңіз нелеу сияқты?
– Енді… Қатаң сөгіс алғанда болар ма еді?
Ал, біраз шенеуніктердің көңілдерінде кірбің, мұрындарында мұз… Өйткені, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиевке ескертулер ғана бұйырыпты. Олар да президенттен сөгіс алғысы келіп еді. Қайтеді енді, сөгіс жетпей қалды… Ел есеңгіреп, жұрт қынадай қырылып жатқанда, бұған да шүкір. Сіздің сөгіс алғыңыз келе ме?
Мұхтар ШЕРІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!