Алмас АЛМАТОВ,
жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Жыр – ұлттың үні. Өмір – өлшеулі, өнер – өміршең. Сондықтан да болар «Сыр елі – жыр елі» деп ат қойып, айдар таққан өлкенің өнері өміршеңдігімен өрістеуде.
Қазақтың жыраулық өнері ұлттың рухани қазынасы мен ғасырлар бойы жалғасқан асыл мұрасына айналды. Дәстүрлі өнердің өткені мен бүгінінде қандай айырмашылық бар? Бүгінгі қоғам жыраулық өнер иесін өз биігінде құрмет тұта ма?
Қоғам, дәстүр, мәдениет төңірегінде жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Алмас Алматовпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР – ТҮРКІЛЕРДІҢ ОРТАҚ МҰРАСЫ
– Алмас аға, Сыр өңірі жыраулық өнердің қарашаңырағы саналады. Бүгінде осы дәстүр өзінің бастапқы болмысын сақтап отыр ма, әлде өзгеріске ұшырады ма?
– «Әр дәуірдің өзіне лайықты сазы болады…» деп Балқы Базар жырау жырлағандай, әр дәуірдің адамзат дамуындағы атқаратын қызметі немесе өркениеттегі орны болады.
Жыраулық өнердің түп тарихы Түркі қағанаты дәуіріндегі (552-603 ж) Күлтегін, Тоныкөк, Естеміс, Білге қағандардың баянын сына тасқа қашап жазған жырлардан бастау алады. Ол – ұрпаққа қалдырған өсиет, мадақ жыры. Демек, Түркі қағанатының дәуірлеп тұрған уақытында болған оқиғалар мен соған қатысты тарихи тұлғаларды сол кездері деректеп қалдырды. Профессор Ә.Қоңыратбаев еңбектерінде «Түркі қағанаты Жетісу оғыздары, Сыр оғыздары болып екіге бөлінді. Сыр оғыздарының ішінде Жанкент қаласында өмір сүріп, төрт иналбекке* (түркі және кавказ халықтарының тарихында «ханзада», «билеуші» немесе «мұрагер» дегенді білдіреді. -ред.) ақылшы болған Қорқыт ата өмір сүрді» делінеді.
Осылайша, ІХ-Х ғасырлар аралығында Сыр бойында Оғыз-Қыпшақ заманында Қорқыт ата дәуірі орнықты. Сондықтан да Сыр бойындағы ақын, жыраулар мен қобызшы, күйшілер өз өнерлерінің бастауын Қорқыт ата мұрасымен шендестіріп, өздерін баба жырдың мұрагеріміз деп есептейді. Біздің мақсатымыз – мың жылдық мәдениет, жүз жылдық тарихи белдеулерді басып бізге жеткен өнердің қоламтасын қоздатып, ұрпақтың рухани қазынасына айналдыру. Өнер мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлі сипатқа айналады.

ЖЫРАУ, ЖЫРШЫЛАР – АЗАТТЫҚ РУХТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
– Жыраулық өнер – ұлттың рухани коды десек, сол кодтың әлсіреу қаупі бар ма?
– «Қауіп-қатер қай жағымнан қаптайды деп,
Талапты ер түн ұйқысын төрт бөледі…» деп, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлы айтқандай, біз ділге де, тілге де, дінге де, жырға да өте сергек болуымыз керек. Адамзаттың ұясы – отбасы, соңғы тірегі. Рухтың әлсіреуі осы ортадан басталады. Ата мен ана тәрбиесі «тик-токтың» қолына өтті. Ол қатыгездік пен жат қылықтарды насихаттап, отбасылық құндылықтарды талқандауда. Не істемек керек? Президент Қ.Тоқаев халықты кітап оқуға үндесе, ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлақ көзі де – сол деген сөз…
Алтын Орда дәуірінің жыраулар шығармашылығын зерттеген жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алдаспан» атты еңбегінде Қазтуған, Шалкиіз, Үмбетей, Ақтамберді, Тәтіқара, Марғасқа, Бұқар жыраудан Көтеш ақынға дейінгі кезең сол кісінің еңбегі арқылы әдебиет тарихына енді. Және олардың жырларында сол дәуірдің суреттері мен оқиғалары айқын белгіленіп тұрды.
Профессор Әуелбек Қоңыратбаев: «Фольклордың ең басты ерекшелігінің өзі оның тарихшылдығында жатыр» деп айтады. Ал, фольклор деп отырғанымыз – халықтың ақыл-ой, шығармашылық жемісі. Сондықтан қайта айналып егеменді ел, дербес мемлекет болған тұста біз өзіміздің бастау бұлағымызға келдік.
Сонау 60-жылдардан бері қарай, Сыр бойындағы ақындық, жыраулық өнердің ізіне түсіп зерттеген үлкен ғұлама ғалымдарымыз болды. Олар – академик Рахманқұл Бердібай, профессор Әуелбек Қоңыратбаев, фольклор зерттеуші Мардан Байділдаев бастаған кісілер. Қаратаудан Аралға дейінгі Сырдың төменгі сағасындағы ақын, жыраулар шығармашылығын жүйелі түрде зерттеп отырды. Біз осы Әуелбек Қоңыратбаев, Мардан Байділдаев бастаған ғалымдарға шәкірт болдық.
Сол замандарда жыраулардың біреуі шопан, біреуі егінші, енді бірі жасы келген қарт кісілер болатын. Ешқандай әлеуметтік көмек немесе өнеріне жәрдем тимеді. Қарапайым көп адамның бірі болып дүниеден өтіп жатты.
Ойыма келгені, «консерваторияда неге күйшілер, әншілер оқиды? Ал неге жыраулар оқымайды? Бұл өнер неге халықтан мұншалықты алыстап кетті?» деген сұрақтың тарихи, саяси себептерін кейін түсіндік.
Демек, жырау, жыршылар – халқымыздың азаттық рухының жетекшісі. Қоғамда өнер есебінде, әдебиетте жыраулар поэзиясын зерттегенде бұл тақырыпқа шектеулер болып отырды. Бертін келе ғана үлкен табанды еңбектің нәтижесінде жаңа бағытқа қол жеткіздік.
– Қазіргі ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнерде ұлттық сипат пен жаһандану арасындағы тепе-теңдік сақталып отыр деп айта аламыз ба?
– Кезеңі келмей, кезегі келмейді. «Тепе-теңдік» базардағы таразы емес. Тарихтан тағылым алуымыз керек. Алаш ардагерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаевтар бастаған ұлттың рухани сілкінісі мен мақсат-мұраты бүгінгі мемлекетіміздің тұғырлы саясатына негіз болуы керек. Ұлт болып қалыптасу үшін ұрпақ тәрбиесінің мазмұнына баса мән беруіміз керек.
Ол үшін елімізде орта мектептерде «Дәстүрлі өнер» пәнін енгізетін уақыт келді. Бүгінгі ұрпағымыз қазақ мектебінде, аралас мектеп, орыс мектебінде білім алып жатыр. Сондықтан «дәстүрлі ән», «дәстүрлі күй», «дәстүрлі жыр», «дәстүрлі айтыс», «қолөнері» деп жіктеп, өнертанушы ғалымдар мен халықтық педагогика, этнопедагог мамандармен бірлесе отыра орта мектептер үшін 11 жылға арналған кешенді дәстүрлі педагогикалық бағдарлама жасауымыз керек. Тепе-теңдікті ұрпақ бойындағы ұлтжандылық сақтайды. Сол үшін «жаһанданудың» өз қаруымен қаруланып, ғылым мен білімді меңгеріп, өзіне жұмсауымыз керек. Бұл салада біздің іс-тәжірибеміз жетерлік.
Ежелгі шығыс даналығында «Ұстаз – атаңдай ұлық» деген сөз бар. 1976 жылы ғалым Мардан Байділдаев өзімді шақырып алып, «Алмасжан, айналайын! Көшеней Рүстембековты (1946-1973) Мәскеуге оқуға жіберіп жыршы, жыраулық өнерді зерттейді деп жүр едік. Өмірі қысқа болды. Қазақта «Орнында бар оңалар» деген сүбелі сөз бар. Ал, енді өзің секілді азаматтар осыны жалғастыруы керек» деді. Сол күннен бастап ол кісіні ұстаз тұттым.
«Тең атаның баласы тең тұтқанға көнеді, кем тұтқанға көнбейді» деген. Өнердің басқа түрі өркендеп барады. Алды академик болды. Ал, мына Бұқар жырау, Жиенбай жырау, Базар жырау сияқты даңғайыр жыраулардың жатқан өлкесінің өнері неге көтерілмейді? Міне, үлкен мәселе осы жерде қойылды. Содан көп уақыт өтпей іске кірісіп кеттік.
ӨНЕРДІҢ КИЕСІ мен ИЕСІ БОЛАДЫ
– Дәстүрлі өнер жолына қалай келдіңіз? Бүгінгі жастарды жыраулық өнерге жетелейтін күш бар ма?
– 1978 жылы Гоголь атындағы Қызылорда пединститутының музыка факультетіне оқуға түстім. Домбырадан сабақ берілмеді. Ал, соның ішінде атақты күйші, домбырашылар Мүлкаман Қалауов, Көбен Көпжасар деген кісілер болды. Мәскеуден бекіткен оқу бағдарламасы С.Б.Кабалевский әдісі бойынша марш, ән, би (три кита) ғана оқытылатын. Аудан, ауылдарға дейінгі музыка пәніне осы әдіс енгізілді.
Сөйтіп №1 Май мектебінде мемлекеттік тәжірибе емтиханынан өттім. Жетекшім педагогика ғылымының кандидаты Людмила Васильевна Бактугулова болды. Мектеп директорының орынбасары, әдіскерлерімен келісе отырып сабақ тақырыбын «Батырлар жыры» деп бекітіп, музыкалық көркемдігін ән, жыр, күй деп қойдым. Сыныбым жоғары 7-сынып оқушылары болатын. «Қобыланды» жырынан үзінділер оқытып, ән мен жыр, күй сабақтастығын үйретіп, қорытынды сәтте «бес» деген баға алып шықтым. Бұл 1982 жылы болатын. Қолыма диплом алдым. Алдыға қойған мақсат айқын.
Сөйтіп кәсіби білім беру басқармасында, мәдениет үйінде бірінші үйірме ашып, соған шәкірттер қабылдадым. Міне, осылайша әуелі үйірме, кейін мектеп үлгілерін қалыптастырып, бұл өнерді аяғына тұрғыздық.
1990 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда пединституты жанынан «Халық әні» кафедрасын ашып (меңгерушісі А.Алматов), 1998 жылы 0621-«Дәстүрлі өнер жыр» мамандығының мемлекеттік стандартын бекітіп, республиканың жоғары оқу орындарының классификаторына енгізіліп, оқу кешенін жасап шықтық. (Жобаның авторы және жетекшісі – профессор А.Алматов. – авт.). Бүгінде шәкірттеріміз өзімізбен бірге жетілді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ө.ғ.к. Елмұра Жаңабергенова, ф.ғ.к. Берік Жүсіпов, ф.ғ.к. Ұлжан Байбосыновалар республикада ғылым мен өнер-мәдениет саласының дара тұлғасына айналды. Ұ.Байбосынова Францияның «Өнер және мәдениет» орденімен марапатталды.
Сыр елінде жыршы, жыраулардан жас буын шәкірттеріміздің алды PhD дәрежесінде білім алуда. Бұл бұрын болмаған жетістігіміз еді. Олар – жыршы Күнсұлу Түрікпен (Астана), Ақерке Дабылова (Астана), Мәлика Алдамжарова (Анкара). Қызылордадағы мерекелік жиында бұрынғы облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаев ғылым жолында сәтті ізденіс жасап жүрген талантты қыздарымызға айына 300 000 теңге көлемінде стипендия тағайындады. Бір жылдық қаражаттарын докторанттардың есепшотына аударып беріп, бұл стипендия өзінің үнемі бақылауында болатынын хабарлады. Азаматқа ел-халықтың атынан рақмет! Жастарды өнерге талпындырып, осылай қолдап отырса, өнер де, ғылым да өркендеп, ел игілігіне айналады.
– Бүгінгі жыраулар бұрынғы жыр сүлейлерінің деңгейіне жете алып жүр ме, әлде бұл биіктік қол жетпес межеге айналды ма?
– Өнердің киесі мен иесі болады. Москвада букинистен сатып алып, В.В.Вавиловтың генетика ілімін оқыдым. Түсінгенім тұқымдағы қасиет ұрпақтан-ұрпаққа сөзсіз берілетіні болды. Олай болса осы бағытта жұмыс істеуге бел байладым. Сыр бойындағы жыраулық, ақындық өнердің киесі соның тұқымдарында болады. Ал енді оның тұқымдары оқымаған, кәсіптері тіптен бөлек, олардың өнеріне ешкім назар аудармайды. Олар да ерекшеленуге ынталы емес болды.
Ең бірінші, өнер өлмес үшін генофондты, яғни тегін өлтірмеуіміз керек болды. Алғаш 1990 жылы кафедра ашылғанда 15 баланы таңдадық. Ол – Арнұр Көшенеев. Амандық Бүрлібаев, Жадыра Қожатаева, Ақмарал Ноғайбаева, Ұлжан Байбосынова, Айбек Тәңірбергенов, Берік Саймағамбетов, Нұршат Наурызбаева, Салтанат Әлиакбарова, Майра Сәрсенбаева, Шолпан Бимбетова, Серік Жақсығұлов, Айдос Рахметов, Марат Сүгірбай, Күнсұлу Түрікпен, Мұхамбетәлі Бекпейісов, т.б. Міне, генофондты осылай жинау керек болды. Біз соны жауапкершілікпен атқардық.
Бүгінгі күні қазақтың Сыр бойындағы жыршылық, жыраулық, әншілік өнерінің атақты адамдары шықты. «Шын сейістер ат қояр желіде тұрған құлынға» дейді ғой. Сол сияқты біз де олардың тегіне мән беріп отырдық. Ол түскен балалар оқымай қоюы мүмкін, оқуды тастап кетуі де мүмкін, жалқау болуы мүмкін. Сонда да ерінбей отырып, солардың бойындағы өнерді тірілтесің. Сондықтан жеті атасынан жыршылық, жыраулықты мұра қылған тұқым бірінші назарда болуы керек.
Екінші, сол дәстүрдің ортасында өсіп, сол дәстүрді бойына сіңірген талантты тұқым келеді. Бұл – жасампаз тұқым. Бұған қандай тапсырма берсең де, алып кетеді.
Үшінші, музыкалық мүмкіндігі бар, бірақ тұрақсыз. Енді амал жоқ, оған да көңіл бөлесің. Кейіннен: «Аға, мен тастап кеттім, қазір басқа жұмыста жүрмін» дейді.
ХАЛҚЫНЫҢ ТІЛІ, ДІНІ ҮШІН ҚАЙРАТКЕРЛІК КӨРСЕТКЕН АДАМ – БАТЫР
– Бүгінгі қоғамда «батыр» ұғымы қаншалықты құнсызданып барады? Сіздіңше, нағыз батыр кім?
– Нағыз батыр – ұлттың рухани құндылығын жоғалтпай, өзінің биігінде өтіп кеткен адамдар. Рахманқұл Бердібай мен Әуелбек Қоңыратбаев, Мардан Байділдаев – осы үш кісі маған арқа сүйеу болды. Кейіннен Тынысбек Қоңыратбаевты мемлекеттік емтиханға төраға қылып шақырдым. Әңгімелесіп отырып, Әуелбек Қоңыратбаевтың он томдығын дайындап қойғанын айтып қалды. «Ректорға айтайық» деп едім. «Қой, ыңғайсыз болар» деді. Өте сыпайы адам ғой. Нәтижесінде ректор Қ.Бисеновтің қолдауымен Әуелбек Қоңыратбаевтың 10 томдық жинағы жарыққа шықты.
Әуелбек Қоңыратбаевтың он томдығын оқысаң, академияны бітіргенмен бірдей боласың. Сондықтан кітап оқу – үлкен мәдениеттің бастауы, ұлттың рухани тірегі деп ұран шақырып жатыр. Біздіңше, осыған біз де қосылуымыз керек.
– Жетпістің жотасына шыққанда, бүгінгі өнер мен қоғамға көңіліңіз тола ма, әлде алаңдататын мәселелер басым ба?
Демократияның биік шыңы – кәсіби шеберлік. Демократия деген – ой бостандығы, кәсіби шебер адамдардың диалогы. Бір күнің бір күніңнен маңызды болуы керек. Сонда межелі жетістікке жетеріміз хақ. Сіз айтып отырған бүгінгі қоғаммен үндесе отырып, үнемі алға қарай қозғалыста болуымыз абзал.
Өнер бүгінімен қызық, ертеңімен өміршең дейтініміз – сол. Біз өнердің болашағымен айналысуымыз керек.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!