Ақылбек ШАЯХМЕТ
«Туған жерім, ең асыл, қасиетті,
Сақтап жүрмін бір сөзді саған деген…» деп жырлаған қаламгер, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік Университетінің профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және тәуелсіз «Алтын қалам» сыйлығының иегері Ақылбек Шаяхметтің туғанына 75 жыл толып отыр.
Ақылбек Шаяхметтің оймақтай ойлар деп аталған миниатюралары бұдан бұрын «Оңашадағы оқшау ойлар» деген кітабында жарық көрген болатын. Осы ойлардың жалғасы бірнеше жыл бұрын «Жұлдыз» журналында жарияланды. Біздің газетте де оның оймақтай ойлары жиі жарияланып жүр. Қаламгер шағын проза жанрында әлі де қалам тербеп келеді. Оқырмандарға оның кейінгі жазған, әлі сиясы кеппеген жаңа туындыларын мерейтойы тұсында ұсынып отырмыз.
Құрғақ уәде
Құрғақ уәде әдемі қағазға оралған тәтті кәмпит секілді. Ауызға түскенше сену қиын.
Салыстыру
Совет Одағы кезінде өмір сүрген кейбір тұрғын үнді шайын сағынады. Кейбіреулері орыс арағын сағынады. Қазір шайдың да, арақтың да түр-түрі табылады. Оларды салыстырып не қылады?
Өмір өтіп барады
Орыстың «Вся жизнь впереди» (Бар өмірің алда тұр) дейтін танымал әні бар. Сол әннің ішінде «Надейся и жди!» (Үміт үзбе, күте бер!) деген жолдар бар. Біздің молдалардың «Сабыр қыл, тәубе де!» деген сөздерімен үндес. Әрине, сабыр түбі – сары алтын. Тәубеден артық не бар? Алайда, өмір өтіп барады ғой.
Бірдей емес
Бұл жалғанда соғыс болады, ауру болады, апаттар болады. Бірақ өлгендер туралы әртүрлі айтылады. Дүние салды, мерт болды, өмірден өтті, ғұмыры үзілді, бақиға кетті деп те айтады.
Қайтыс болу мен қаза табу – синоним емес, пенделердің қалай өлгенін білдіретін сөздер. Кейбір журналист осы сөздерді дұрыс қолданбайды.
Шовинистік дерт
Орыс отаршылдығын қолдаушылар арасында танымал қаламгерлер де болды. Орыстың ақындары да шовинистік дертке ұшырады. Пушкин: «Басыңды и, Кавказ, Ермолов келеді» («Смирись, Кавказ: идет Ермолов!») десе, Лермонтов өз жерін қорғаған ерлерді залым шешен (злой чечен) деп жазды. Орыс отаршылары жауыздығын ашып жазған Лев Толстой («Қажымұрат» повесі) болды.
Жауынгер ме, басқыншы ма?
Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге құрмет көрсетіліп жатады. Олардың қай-қайсысы да бұйрықты орындадық дейді. Өз жерін қорғаған ауғандықтарды өлтіргенін мақтан тұтатындар да бар. Солардың бірде-бірі «біздің басқыншылық соғысымыз дұрыс болмады» деп айтпайды, керісінше Үкімет тарапынан сый-сияпат күтеді. Бұл біздің ұлттық идеологияның жетімсіздігін дәлелдейді.
Жаңа жыл
Григориан күнтізбесі бойынша жаңа жылды тойладық. Қытай күнтізбесі бойынша жаңа жылдан да өттік. Шырша қойдық. Шырақ жақтық. Шығындалдық. Сүйтіп жүріп Наурызға да жеттік. Енді оны қарсы алуға қаржы таппай отырмыз.
Үндемейміз
Әдетте ірі қалаларда автобустар, жеңіл автокөліктер және велосипедшілер жүретін жолдар болады. Бұл ережені бұзатындар да табылады. Оларға айыппұл салынады.
Біздің қоғамда да қалыптасқан, бұлжымайтын ережені жиі бұзатындар бар. Көріп жүрміз, кім екенін де біліп жүрміз. Үндемейміз.
Ертегілер ескірді
Өмір өзгерді. Ертегілер ескірді. Баяғының ертегісіндегі алтын балық табаға қуырылды. Қазақ ертегісіндегі Көлтауысар Аралдың суын жұтып жатыр деген сөз шықты. Ұр тоқпақ Қаңбақ шалды өлтірді. Шығайбайды алдаған Алдар көсе абақтыға қамалды. Ұшатын кілемді жел көтеріп әкетті. Сыпырғыш мінген Мыстан кемпір дронға мініп алды.
Қазаққа жат
Бір кездері орыс тілі мен әдебиетіне ден қойған зиялылар орыс тіліндегі сөздерді неғұрлым жиі қолданса, сауатты болып көрінетін. Сол үрдіс енді араб тілінен де бізге ауысқан сыңайлы. Өйткені, мешіттегі имамдар сәресіні сухур, бесінді зухр, екінтіні аср, ақшамды мағриб, ауызашарды ифтар, рамазанды рамадан деп айтады. Бұл сөздерді біреу түсінсе де, біреу түсінбейді. Керемет, құдірет деген сөздерді мұғжиза десе, Құдайға сенімді ақида дейді. Мәһр деген тағы бір сөз шықты. Атам заманнан қазақта болмаған бұл дәстүрді молдалар неке сыйы есебінде жариялап жүр. Осыған дейін ел ішіндегі кейбір кісіні орысқұлдар деп айтып келсек, енді арабқұлдар деген сөздер пайда болуы осындай сөз қолданыстарына байланысты секілді. Тіл байлығы орасан қазаққа жат сөздерден келер пайда жоқ.
Сөзді ұзарту дұрыс па?
Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Абай туралы: «Жалғыз-ақ міні бар. Ол мін – өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағаны. Оның оқығанда я әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді, мысалы, төселіп, желіп келе жатып шоқытып кеткен сияқты, тайпалып жорғалап келе жатып текіректеп кеткен сияқты. Бұл кемшілікті түзетуге болады» деп жазған екен. Абайдың 41-ші қара сөзінде рақымдылық, мейірбандылық деген сөздер бар. Дұрысы рақым және мейірім ғой. Бұл ойым Абайды сынау емес. Алайда, Абайға еліктеушілер енді сабырды сабырлылық, қиянатты қиянатшылдық дегендей қазақтың сөзіне жалғау қосып, сөзді ұзарта берсе, оның несі жақсы?
Тіл бұзу
Қостанайдағы жергілікті «Алау» телеарнасынан тізгінші қазақ қызы сөйлеп отыр. Аузы аузына жұқпайды. Бір сөзін тыңдасаң, екінші сөзін естімей қаласың. Он минуттай тыңдағанда оның аузынан «керекпіз», «болып табылады», «ақпараттар аяқталды», «неге хабарламасқа», «неге ой қоспасқа» деген сөз тіркестерін естідім. Қазақ осылай сөйлеуші ме еді? Журналистердің өздері тілімізді бүлдіретін болса, басқаларға не жорық?
Сауал және жауап
Аудиторияда сөз сөйлеудің де, сұрақ қоюдың да реті бар. Жауапқа көңілің толмайтынын біле тұра сауал қоюдың не қажеті бар?
Обыр мен тобыр
Обыр тобырды жақсы көреді. Тобыр оған сенеді. Тобыр оған қарсы болмайды. Не істесе де обырды қолдайды.
Ірі мен ұсақ
Ірі көлемдегі ақша ұсақ тиындарға мұрынын шүйіріп: «сендерден бағым да басым, бағам да артық» деп мақтанса керек. Сонда ұсақ тиынның бірі: «Оның рас, бауырым! Бірақ, сен қағаздан жасалғансың, жыртылып қалуың да, отқа жанып кетуің де оп-оңай екенін ұмытпа. Мен болсам тот баспайтын қатты металдан құйылғанмын» деген екен.
Миллион және миллиард
Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатының №1 қорының №1 тізбесінде көрсетілген №1 ісінде «1871 жылы Жітіқара болысында 8635 түйе, 37 мың жылқы, 9 мыңнан астам қой, бес мың ешкі болған» деген дерек келтіріліпті. Қазіргі уақытта Қостанай облысына қарасты Жітіқара ауданында бірде-бір түйе жоқ. Бұл көрсеткіш нені білдіреді? Көшсе көлік, жесе азық болған түйе тұқымын құрту сол кездегі саясаттың салқыны екені анық. Қазіргі билік орыс өктемдігінен құтылмаса, ендігі кезекте жылқыны да қырып жіберуі мүмкін. Өйткені оларға доңыз өсіру пайдалы. Мәселен, 2023 жылы жылқыға 52,9 миллион теңге бөлінсе, шошқаға 2,1 миллиард теңге бөлінген. Сүйтіп талпақ танау жылқыдан озып тұр.
Тігу және сөгу
Ертеде әжелеріміз тозған көрпенің тігісін сөгетін. Шешелеріміз жаңа көрпе тігетін. Мата қат болған соң көрпенің тысы мен астарын басқа қажетке жарататын. Құрақ көрпе енді жоқтың қасы. Қазір мата қиқымы қоқысқа тасталады.
Қоғамда тігуді білмесе де, сөгуді білетіндер көбейді. Олар ескі матадан құрақты да жасай алады. Тез тозатынын білсе де, қымбат матаға ақшасын қимайды.
Секілді
Кейбір ер-азамат басына қалпақ киіп, бойын ұзартқысы келетін секілді. Кейбір келіншек аяғына биік өкше туфли киіп, ел көзіне түскісі келетін секілді. Аласада да тамаша көп. Болса болды өтімді.
Азамат адал болады
«Адал азамат» деген ұғым пайда болыпты. Осындай атауы бар бағдарлама да бар екен. Азамат деген сөздің өзінде адалдық деген түсінік бар. Азаматты адал, арам деп бөле алмаймыз ғой. Адал болмаса, азамат емес. Азамат деп адалдықты ту қылып көтеретін кісіні айтамыз. Осындай сөз тіркестерін қандай надандар ойлап тапты екен?
Ереже
Футболда допты тебу орнына балтырдан тебетіндер болады. Бокста кіндіктен төмен немесе желкеден ұратындар болады. Төрешілер бәрін жіті қадағалайды. Ереже бұзылса, оларға айыппұл салынады немесе басқа жаза қолданылады.
Өмірде де ереже жиі бұзылады. Алайда оларды бақылайтын төрешілер жеткіліксіз секілді.
Ауызбасар
Ел үстінен күн көрген бұрынғы басшы Астанада мешітте ауызашар беріпті. Астан ауыз тигендердің біразы алғыс айтып, мәз болып жатыр. Бұл ауызашардан көрі ауызбасарға көбірек ұқсайды.
Бір сағаттық немесе бір жылдық
Кейінгі уақытта үлкен қалаларда бір сағаттық күйеу (муж на час) деген кәсіп пайда болды. Оның пайдасы да аз емес. Өйткені үйдегі отағасының қолынан келе қоймайтын шаруаның барлығын бір сағаттық жалдамалы күйеу жасап береді. Кейде ойлаймын: мемлекетте де бір жылдық басшы болса, ол қолынан барлығы келетін іскер болса, еліміздегі қаншама кем-кетік бір-ақ жылда жөнделіп қалар еді.
Құтылдық па?
Біз орыс отарлаушыларының озбырлығынан құтылдық дейміз. Бірақ қазақтарды қырған казактар ұйымы бар.
Біз коммунизмнің құрығынан құтылдық дейміз. Бірақ партияның атын өзгертіп алған «Халық партиясы» өкілдері Парламентте отыр.
Абай бол!
Көшеден «Абай бол!» деген жазу жазылған билбордтарды жиі көреміз. Бұл сөз тіркесінің екі бірдей мағынасы бар. Алдымен «аяғыңды аңдап бас, абайлап жүр!» дегенді айтса, екіншіден, «Ұлы Абайдай бол!» деген тілек шығады.
Абайдай бола аламыз ба, жоқ па, оны бір Алла біледі, алайда, абайлап жүргеніміз жөн.
Аталы сөз
Көшеден, моншадан, т.б. жұрт жиналатын ортадан боқтық сөздерді жиі естимін. Көбісі өзге ұлт өкілдері, арасында бірен-саран қаракөздер де бар. Ауыздан шыққан боқтық тоқтықты білдіре ме, әлде рухани аштықтың нышаны ма? Осындайда бабамыздың «сөйлеуді білмейтін ауыздан т… к… артық» деген аталы сөзі есіме түседі.
Ет асату және тіс шұқу
Бұрында қонақтардың қолына су құйып, батасын алатындар болды. Енді олардың орнын кран басты. Алайда мәртебелі қонақтың әр сөзіне қошемет көрсетушілер азайған жоқ. Солардың қайсыбірі: «Сіздің қолыңыздан ет асаудың өзі – мерей» деп ежелгі қазақ дәстүрін еске алғансиды. Ет асататындарға тіс шұқығыш болғысы келетіндер де бар секілді.
Заман келді
Жастар бір-бірін сүйіп қосылса да тұрмыстың тауқыметіне төзбей, ақша үшін ажырасқан заман келді. Қыз алып қашудың орнына мәһр сұраған қалыңдықтан күйеу қашқан заман келді. Қолында билігі барлар мен ақшасы көптер асып-тасқан заман келді. Шындық бетін басқан, өтірік өрге басқан, жемқорлық қалыптасқан заман келді.
Су мен от
Кеме судың арқасында жүзеді. Бірақ сол су кемеге кірсе, суға батады. Ошақтағы от үйді жылытады, қазанды қайнатады. Бірақ ошақтан шығып кетсе, өртке айналады. Яғни, су мен оттың тілін тапсаң, дұрыс жұмсасаң, пайдасы көп. Жаза бассаң, зияны көп.
Ия немесе Жоқ
Некеқиярда екі жасқа имам сауал қояды. «Ия!» немесе «Жоқ!» деп жауап қайтару керек.
Референдумда да осындай екі жол бар. Жауап беру қиын емес. Ия немесе Жоқ. Әркім өзінің қалауын жасайды.
Алайда сол жауаптың кейін өзгеріп кетпесіне кім кепіл?!
Адам және пенде
Өзіміз немесе өзгелер туралы «адам екен», «кісі екен» деген сөздерді естісек, мәз боламыз. «Ей, соны қойшы, пенде ғой!» десе, көңіліміз суып кететіні рас. Шынында барлығымыз да пендеміз. Бірақ, адамдыққа жету оңай емес.
Білмеймін…
Құлын күнімнен білгендер де, тайға мінгенімді көргендер де азайды. Бәйгеде қатар шапқандар да, үзеңгі қағыстырғандар да аз қалды. Бірақ, артымнан атқандар да, жолыма қалтарыста қақпан құрғандар да көбейді. Ел-жұртым бұған не дейді? Білмеймін…
Билік
Қазақтар билікті басшылық десе, орыстар руководство дейді екен. Айырмашылығы жер мен көктей. Сөздердің тамырына үңілсек, қолды жұмсау немесе баспен ойлау. Қолды әркім жұмсайды. Баспен дұрыс ойласа болды ғой.
Есебі түгел
Молдалардың есебі жүйрік әрі түгел екен. Олардың сөзін тыңдап отырсаң, ораза айының сауабы санмен өлшенеді екен, олар жай күндерден жүз есе, кейбіреулердің сөзінше мың есе артық екен. Бір күн ораза тұтқан кісі болса, оның жүзін жетпіс жыл бойы тозақ отынан сақтайды деп айтып жүрген дүмшелер бар. Ораза ұстамаған адамдар сол айдың сауабын ақшаға сатып алуына болады екен. Мекке мен Мәдинада жасаған құлшылық үйдегі құлшылықтан пәлен есе артық екен.
Осындай уағызшылар адамдардың жүрегіне үңілді ме екен?! Меккеге жете алмай, оразада ауыз бекіте алмай отырған міскіннің тілегі олардан кем бе екен?
Құлдық мінез-құлық
Ләппай тақсырлар, қара басқырлар өз тағдырымыз өзіміздің қолымызда, құл емеспіз дейді. Аллаға емес, әпербақан адамға құл болып жүргенін сезбейді. Өйткені құлдық мінез-құлық ежелден қалыптасқан.
Ораза айында
Ораза айында көп сөз айтылмай жатыр. Өйткені, ауыз ғана емес, көз де, құлақ та жабық. Көп ұзамай айт келеді. Айт деген атының өзі айт деп тұр ғой. Сонда көкейде бұғып жатқан талай сөз сыртқа шығып, айтылатын шығар.
Қазақ сөзін ұрлаған
Орыс қолбасшысы Александар Невский айтты деген: «Қылышпен келген қылыштан өледі» деген сөзді Невский айтпаған. Бұл сөзді оның аузына салған режиссер Сергей Эйзенштейн. Бұл оның да сөзі емес. Қазақтың әйгілі биі Тоқсан Жабайұлының: «Достықпен келсең – құшағым дайын, қастықпен келсең – пышағым дайын» деген сөзінің аудармасы немесе баламасы.
Білу қиын
Футбол алаңындағы айқасты немесе шахмат тақтасындағы шайқасты әділетті деп есептеуге болатын тәрізді. Әрине, онда да аяқтан шалу, тәртіп бұзу, астыртын әрекет ету болады. Бірақ, кім жау, кім дос екені футболшылардың үстіндегі бірдей киімінен, ал шахмат тақтасында кім ақ, кім қара екені фигуралардың түсінен білініп тұрады.
Қоғамдағы қым-қуыт айқас пен шайқаста кімнің кім екенін біле алмайсың.
Қалай?
Билік өзіне келгенде ережені бұзып, өзгеге келгенде сызып тастайтыны қалай? Өзіне келгенде тез арада жалғап, өзгеге келгенде үзіп тастайтыны қалай? Жазықсыз жанды айыптайтыны, қамығып отырғанды қызықтайтыны қалай?
Қазаққа жат
Орыстілді жазушы Бигелді Ғабдуллин тіл туралы сөз қозғап: «Мы разные, но равные» деп жазыпты. Ия, біз әртүрліміз, бірақ, бірдей емеспіз. Ана тіліміз орыс тілімен тең емес, қатар емес. Шығармалары орыс тілінде шығып жатқан қаламгердің бұл түсінігі – қазаққа жат. Ана тілі үстем болуы үшін Қазақ елінде тұратын барлық ұлт өкілі қазақ тілінде сөйлеуі керек. Өзге тілді меңгерсе артық емес. Алайда, ең алдымен өз тілін құрметтесін.
Қасиет
Кеудемді бастырмасам, басымнан сөзді асырмасам, ол – менің кемшілігім емес, ата-баба өсиетін орындаған қасиетім.
Ертедегі мәтелдер
Ертеде айтылған мәтелдер: «К… атымды жақтырмайды, атым к… жақтырмайды». «Сөйлей білмейтін ауыздан т… білетін к… артық». Осындай мәтелдер қазір таптырмайды. Осы мәтелдер бүгінге байланысты айтылғандай.
Кесапат және шарапат
Әулеттің абыройын әулекілер кетіреді. Дәулеттің таза бұлағын дәлдүріштер бүлдіреді. Жаманның кесапатынан жақсының шарапаты құтқарады.
Мәз болады
Есек үстіне ер салғанға мәз болады. Бірақ, оған адам мінетінін білмейді. Тауық шашқан жемді жегеніне мәз болады. Бірақ, ертең оны сойып жейтінін білмейді.
Әрқилы әсер
Бір кітапты қарап шықтым. Түгел оқуға шыдамым жетпеді. Кітаптың кейіпкері не істеді? Туды. Жүрді. Өлді. Қалың кітап осы үш сөз үшін ғана жазылғандай әсер қалды.
Өмірде көресіз
Сценарийлер жазылады. Спектакльдер қойылады. Комедия да, трагедия да болады. Бірақ, соның барлығын көбіне сахнадан емес, мына өмірде көресіз.
Неге?
Көп жұмыс істеген кісінің қолы ауырады. Көп жүрген кісінің аяғы ауырады. Көп қараған кісінің көздері талады. Ал көп сөйлеген кісінің тілі неге ауырмайды екен?!
Дос пен қас
Досым көп дейді. Көп достың ішінде шын достың кім екенін білмейді. Қасым жоқ дейді. Көптің арасында аяқтан шалатындар бар екенін білмейді.
Кездеседі
Біреуге жақсылық қылса, міндетситіндер кездеседі. Ақша үшін елді алдап, ем жасағанситын емшілер кездеседі. Дәрі ішудің орнына ем-дом туралы дәріс оқитындар кездеседі. Қарақан басынан басқа жоқ олардың өзге есебі.
Артық
Байдың мінген көлігінен денің сау болып жаяу жүргенің он есе артық. Байдың берген асынан үйіңде отырып ішкен шайың жүз есе артық. Байдың ұсынған бір құшақ гүлінен сүйген жігітіңнің берген бір тал гүлі мың есе артық.
Рақат
Қостанайда осыдан біраз жыл бұрын жаңа салынған монша мен дүкенге қазақша атау беру туралы ұсыныс жасалып, жергілікті шенеуніктер моншаны «Рақат», дүкенді «Самал» деп атайық деген ұйғарымға келеді. Алайда оларды дұрыс түсінбеген орындаушылар ұсынысты шатастырып, моншаға «Самал», дүкенге «Рақат» деген ат қойыпты. Сүйтіп, тұрғындар рақатты моншадан емес, дүкеннен көріп жүр. Моншаға келсек, сыртында болмаса, ішінде самал жоқ.
Кім біледі?
Аса көрнекті қаламгер деген тіркес жиі айтылатын болды. Қаламгер көрнекті болса, несі айып. Ал сол сөздің алдына асаны қосу көрнектіден де асып кетті деген мағынаны білдіре ме?
Әже мен немере
Немересін арқасына салып көтерген талай әжені көзіміз көрді. Сол немерелер қартайған әжесінің еңбегін қайтара ма? Әжелердің көбі: «Жарайсың! Еңбегімді қайтардың» деп айта ала ма?!
Біліп айта ма?
Үйлену тойында тілек айтушылар Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай бол дейді. Олардың қосыла алмай өліп кеткенін білмейді.
Төлеген мен Қыз Жібектей бол дейді. Төлеген қаза тапқан соң Қыз Жібектің Сансызбайға тигенін білмейді.
Мәжнүн мен Ләйлідей бол дейді. Мәжнүннің есі ауысып, жынданып кеткенін білмейді.
Несі артық?
Қарындары қампайып, қалталары томпайып, өздері шалқайып жүргендердің көңілдері ортайып жүргендерден несі артық?!
Кім ақылды?
Ақылмандар да атылды, сатылғандар да атылды. Бүгін оқып отырсам дейді бәрі ақылды. Өлтіргендер ақынды, аямағандар жақынды, дәріптеліп жатқанда кім қорғайды хақымды?!
Тобырға обырлар бас болса…
Иса пайғамбарды ағашқа керген, Мұхаммед пайғамбардың басына қоқыс төккен, Жүсіп пайғамбарды және Шәкәрімді құдыққа тастаған, Бруно мен Жанна д`Аркті өртеген, Сократқа у беріп, Ұлықбекке шоқпар сілтеген, Абай мен Ыбырайға да қол көтерген, Алаш арыстарына жала жапқан тобырдан үлгі алғандар бізді де жай қоймайтын секілді. Тобырға обырлар бас болса, халық зардап шегеді.
Соқыр, Саңырау және Мылқау
Әлеуметтік желіден жақында мынадай әңгімені оқыдым. Орманда Соқыр, Саңырау және Мылқау үш кісі бірге тұрыпты. Бірінің жоғын бірі жоқтатпай, әп-әдемі өмір сүріпті. Бір күні Саңырау қайтыс болып кетіпті. Мылқау оның қаза болғанын Соқырға қалай айтады? Қиналған жері осы болыпты.
Қазіргі қоғамда да осыған ұқсас жайлар кездеседі. Еститін, көретін және сөйлей алатын қоғам ғана көптің көңілінен шығатыны анық.
Қайсы жазықты?
Біздің қазақ: «Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ» дейді. Соны айтқан ауыз неге жазықты болады?
Ішкіштер
Бір жиында ішкі істер басқармасының бір өкілі тілі келмей ішкі істер деген сөзді ішкіштер деп айтып қалды. Сол сөздің астарында шындық та бар еді. Полицейлердің, әскери қызметкерлердің көбі шен алғанда, иыққа пагон, кеудесіне сөлкебай таққанда ащы суды ішіп жататыны рас қой.
Жалпы, елімізде ішкіштер аз емес. Арақ ішкіштер өз алдына, қазіргі уақытта екі кісінің бірі дәрі ішкіш. Біреулер денсаулық үшін деп ішеді, енді біреулер денсаулықты сақтау үшін ішеді.
Түсінбедім
Мұхтар Шаханов: «Рухсыздыққа кім шын мінез көрсетпесе қырғидай, Ондайлардың бүгінгі аты – Ырбигүл мен Жырбибай» деп жазған екен. Мырқымбайды таныған қазақ ырбаңдаған кыз-келіншекті Ырбигүл, жырбаңдаған еркекті Жырбибай деп айтқан шығар деп ойлауы кәдік. Ақын Сымбибай деген сөзді де қолданыпты. Сөздің төркіні сымпиғаннан шықты ма, әлде басқа ма, түсіне алмадым.
Жағымды және жағымсыз
Жағымды және жағымсыз кейіпкер болады. Бір кісіні мақтасақ, жеті қат аспаннан асырып жібереміз. Бір кісіні жамандасақ, жеті қабат жер астына кіргізіп жібереміз. Жағымсыз кейіпкердің жағымды жақтарын неге байқамаймыз? Жағымды кейіпкердің жағымсыз қылығын неге айтпаймыз? Адам періште емес. Жақсы қасиеті де, кемшілігі де болады. Ендеше барды бар, жоқты жоқ деп айтудың несі ерсі?!
Ресей және АҚШ
Жақтайтындар, ақтайтындар Ресейді, орыстардың уын жұтып есейді. Үлгі қылған, пір тұтқандар АҚШ-ты, ойлайтындар атүсті. Біздің қазақ екеуін де олардың, алып ел деп шатысты.
Еңкею және шалқаю
Бұрын қазақ: «Еңкейгенге еңкей, басың жерге жеткенше. Шалқайғанға шалқай, төбең көкке жеткенше» дейді екен. Енді байқап тұрсам шалқайғандарға еңкейетіндер, еңкейгендерге шалқаятындар көп екен.
Болт пен гайка
Бір суретте гайка мен болтты салып қойыпты. Екеуінің де бір-бірінсіз күні жоқ. Зер салып көрсеңіз, гайка ұрғашы, болт еркек секілді. Екі жарты бір бүтін болса ғана кәдеге асады екен. Жеке қалса, ешкімге қажеті жоқ.
Ерте-кеші жоқ
Жұрт та қызық. Лауазымы жоғары кісілер биліктен кеткен соң сын айтсаң, кезінде неге айтпадың дейді. Қайтыс болып кеткен кісінің кемшілігін айтсаң, тірі кезінде неге айтпадың дейді. Кезінде айтылған сөздердің дер кезінде құлаққа жетпегенін білмейді.
Игіліктің ерте-кеші жоқ. Сынның да ерте-кеші жоқ деп ойлаймын.
Метр және келі
Мұхтар Мағауин кітап сөрелеріндегі кітаптарды метрлеп өлшейтінін айтқан екен. Кейбір қалың кітаптардың салмағын келілеп өлшесек, нағыз бағасын білеміз бе, білмейміз бе?! Ішінде суы көп кітап, әрине, ауыр болады.
Кресло
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров: «Қызметімнен кеткен күні отырған кресломды бірге ала кетемін» депті. Орынтақтың қадірін білетін «азамат» екен. Креслодан түскен соң ешкімге керек болмай қалатынын түсінсе керек. Тағы бір шенеунік Елбасымен дастарқандас болып, тостаған түйістірсе керек. Оның тапқан тәбәрігі – арақ құйған рюмкені қалтасына салып алыпты. Бұл да – үлкен мақтаныш! Не деген «көрегендік!»
Өмір
Өмір – өлең.
Өлеңнің мазмұны мен үйлесіміне сенем.
Өмір – әңгіме.
Байланысты тек саған – мәнсіз бе, әлде мәнді ме?
Өмір – роман.
Кейіпкері бола қалсаң жүр аман.
Өмір – драма.
Комедия ма, трагедия ма?
Соңына жетпей сұрама…
Айтылады
Өтірік айтылады әйелді мақтау үшін. Өтірік айтылады шындықты таптау үшін, ақиқатты соттау үшін, ал кейде сол өтірік айтылар әділетті жақтау үшін. Өтірік кейде айтылар жаныңды сақтау үшін. Қарағым! Соны түсін!
Ақылдылар мен ақымақтар
Ақылдылар оқысын деп жазып едім кітапты. Ұзақ уақыт жатып қалды сөреде. Ақымақтар оқысын деп кітап жазды жазарман. Тез арада ол өтіп кетті.
О, неге?!
Тобыр
Тобыр табын секілді. Айдағанға жүретін, айтқанына көнетін. Қай мал барар өріске? Қай мал кетер сойысқа? Бақташылар біледі оның ретін.
Көрдім
Біраз жасқа келдім. Бір кісідей өмір сүрдім. Бір-бірімен бақталас болып, босқа таласқандарды көрдім. Қалада асқа таласқандарды көрдім. Қағбада тасқа таласқандарды көрдім. Бұл жалғанның баянсыз екенін білдім.
Бар екен
Лапылдаған өртті де қызықтаған бар екен. Қарлығаштай қанатымен су сеуіп сөндіруге ұмтылғандар аз екен. Жүректегі жалынды лаулатудың орнына өшіргендер аз емес. Ошақтағы отыңа отын әкеп жағатындар көп емес.
Несі айып?
Бір танысымның: «салақ қатынды, олақ қатынды талақ қылса несі айып?» деп айтқаны бар еді. Үйі таза, қабағы ашық, асы адал әйел – ерінің бағы. Көргенді келіншек бір сабақ жібін де ұқыпты ұстайды.
Оң аяқ
Оны басшының оң қолы деп таныстырып жатыр. Бірақ, көбіне қолы бос емес. Менің ойымша ол басшының оң аяғы секілді. Өйткені аяғымен басшыға жақпаған кісілерді тебуге даяр.
Еркіндік
Мойыннан қарғы, қолдан кісен, аяқтан бұғау алынғанды толық бостандық деп есептеуге болмайды. Ми бостандығы, тіл еркіндігі болғанда ғана еркіндікке емін-еркін қол жеткізесің.
Осы дұрыс па?
Құманның ішінде не барын білмейсің құйғанша ыдысқа. Қыздың қандай келін болатынын білмейсің шыққанша тұрмысқа. Белі қылдай болса да ауыр жүкті көтереді құмырсқа. Тек ішіп-жеуді ғана білген кісі ерінеді жұмысқа. Айналаңа зер салып, ойлап көрші, осы дұрыс па?!
Бір Аллаға аян
Осы күні «Алма, піс, аузыма түс!» дейтіндер көбейіп тұр. Алайда алманың да түр-түрі бар. Піскені бар, үсігені бар, шірігені бар. Сізге қандай алма тап келетіні бір Аллаға ғана аян.
Біле білсең…
Тыңдауды білгеннің айтары да мәнді. Үйренгені көптің үйретері де аз емес.
Байқап тұрсаң…
Аяқтан шалғаны – қызғаныш болғаны. Балақтан тартқаны – көре алмау артқаны. Жағадан алғаны – ойлаған жоқ қой деп қорғаны.
Сауал біреу, жауап басқа
Бұрын балалардан «өскенде кім болғың келеді?» деп сұрайтын болсаң, «мұғалім боламын, дәрігер боламын» дейтін. Бүгін балалардың көбі: «Бастық боламын, депутат боламын» деп жауап береді.
Не шара?!
Көз көріп, құлақ естіп тұрса да, тіл отыз тістен шыға алмаса не шара?! Асқазаның жеген асты қорытып тұрса да, миың ойды қорыта алмаса не пайда?!
Үндеме
Білмесең – үндеме! Көрсең – күндеме! Жек көрсең – тілдеме!
Ашуды басу
Бір ұнамсыз іс көрдім. Келіп кетті ұрысқым. Үйге кіріп, су іштім. Бастым сүйтіп ашуды. Ал осыдан, дос, үлгі!
Білмейді екенмін
Кітапхана кісілердің атында, оқу орны кісілердің атында. Әуежай да кісілердің атында. Мұражай да кісілердің атында. Кейбірінің аты әйгілі. Қалғандары кім десем? Мен өзім де еш мәлімет білмейді екем ол кісілер хақында.
ТҮЙЕ және ТҮЙМЕ
Түймедейді түйедей қылып жүргендер аз емес. Түйедейді түймедей қылатындар да бар.
Өкініп жүрмеңдер!
Бұйрыққа көнгендер, құйрыққа кіргендер, теперіш көргендер! Бітер іс біткен соң өкініп жүрмеңдер.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!