Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моббингті жеңу үшін үнсіз қалмау керек

29.06.2026, 12:20 64

HALYQLINE.KZ

«Моббингті жеңу үшін үнсіз қалмаған дұрыс. Көп жағдайда адамдар қорқыныштан немесе ұяттан бұл мәселені жасырады. Алайда дер кезінде көмек сұрау, қолдау табу және мәселені заңды әрі мәдени жолмен шешуге ұмтылу – психологиялық денсаулықты сақтаудың маңызды қадамдарының бірі» дейді психолог-сарапшы Анаргүл ИБРАИМБЕКОВА.

Біз психологпен моббингтің (басшылықтың немесе әріптестерінің бір қызметкерге жүйелі түрде психологиялық қысым жасауы) себеп-салдары, ұжымдағы қорлаудың кең таралған түрлері, диджитал-моббингтің (кибермоббинг) кәдімгі өмірдегі қудалаудан айырмашылығы және онымен күресу жолдары туралы ашық, риясыз әңгіме өрбіттік.

— Анаргүл Маулиқызы, моббинг деген не? Бұл құбылыс қоғамға, қарапайым адамға қандай қауіп төндіреді? Адамдардың бір-бірін қорлауының себеп-салдарына кеңірек тоқталсаңыз.

— Моббинг – бұл адамның жұмыс орнында, басқа ұжымда бір немесе бірнеше адамның тарапынан жүйелі түрде психологиялық қысым, қорлау, келемеждеу, оқшаулау жасау. Бұл – бірреттік жанжал емес, біраз уақыт бойы қайталанатын әрекеттердің жиынтығы. Моббингтің салдарынан адамның өзін-өзі бағалауы төмендеп, күйзеліске, үрейге, депрессияға, эмоционалдық тұрғыдан күйіп кетуге, ұйқының бұзылуына тап болады. Тіпті мұндай күй психосоматикалық ауруларға әкеледі. Ал қоғам үшін мұндай жағдайлар еңбек өнімділігінің төмендеуіне, сенімсіздік пен агрессияның артуына, кәсіби кадрлардың жоғалуына себеп болады. Моббингтің негізгі себептері мыналар:  төмен эмоционалдық интеллект; өзіне деген сенімсіздік пен ішкі комплекстер; билік жүргізуге немесе үстемдік етуге ұмтылу; қызғаныш пен бәсекелестік; ұжымдағы дұрыс емес корпоративтік мәдениеттің қалыптасуы. Ал моббингпен қалай күресу керек? Онымен күресу үшін ең алдымен, ұжымда өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру керек. Моббингке қатысты нақты ішкі ережелер енгізген жөн. Басшылар мен қызметкерлерді жанжалдық жағдайларды басқаруға үйрету керек. Моббингті жеңу үшін үнсіз қалмаған дұрыс. Көп жағдайда адамдар қорқыныштан немесе ұяттан бұл мәселені жасырады. Алайда дер кезінде көмек сұрау, қолдау табу және мәселені заңды әрі мәдени жолмен шешуге ұмтылу психологиялық денсаулықты сақтаудың маңызды қадамдардың бірі дер едім.

— Анаргүл ханым, ұжымдағы қорлаудың қандай түрлері бар? Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?

-Ұжымдағы қорлаудың кең таралған түрлеріне тоқталайын. Вербалды моббинг – мазақ ету, кемсіту, дөрекі сөздер айту. Әлеуметтік оқшаулау – адамды әдейі әңгімеге араластырмау, жиналыстардан шеттету. Кәсіби моббинг – жұмысына негізсіз сын айту, маңызды ақпаратты жасыру, орындалмайтын тапсырмалар беру. Психологиялық қысым – қорқыту, беделін түсіру, жалған қауесет тарату. Басшылық тарапынан болатын моббинг (боссинг) – жетекшінің қызметкерге жүйелі қысым көрсетуі. Қызметкерлер арасындағы моббинг – әріптестердің бір адамға қарсы бірігіп алып, психологиялық, физикалық қысым көрсетуі. Моббингтің кең таралған тағы бір түрі – диджитал-моббинг (кибермоббинг). Ол әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде немесе онлайн-платформаларда адамның ар-намысына тиетін пікірлер жазу, қорлау, жалған ақпарат тарату, қорқыту немесе әдейі келемеждеу арқылы жүзеге асады. Кибермоббингтің ерекшелігі – ол тәуліктің кез келген уақытында жалғасуы мүмкін және ақпарат өте жылдам таралады. Бұл адамның психологиялық жағдайына ауыр әсер етеді. Диджитал-моббингтің алдын алу үшін қысымға ұшыраған адамға интернеттегі қауіпсіздік ережелерін үйрету; қорлайтын аккаунттарды бұғаттау; дәлелдерді сақтап, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну бәрінен маңызды.

— Сізге моббингке ұшырап, психологиялық қысым көріп, көмек сұрап келген адамдар болды ма? Нақты фактілердің бірнешеуін мысалға келтіре аласыз ба?

— Иә, маған психологиялық қысым көрген адамдар кеңес сұрап жиі келеді. Құпиялылық қағидатын сақтай отырып, бірнеше жалпыланған мысал келтірейін. Бірінші мысал. Балабақша қызметкері әріптестерінің тұрақты келемеждеуі мен кәсіби қабілетін төмендететін пікірлеріне байланысты мазасыздық пен ұйқысыздыққа шағымданды. Психологиялық қолдау мен өз шекарасын қорғау дағдыларын дамыту нәтижесінде оның эмоционалдық жағдайы жақсарды. Екінші мысал. Жас маманға ұжым маңызды ақпаратты әдейі бермей, кейін жіберген қателіктері үшін көпшілік алдында сын айтқан. Соның салдарынан өзіне деген сенімі төмендеп, жұмыстан кетуді ойлаған. Психологиялық кеңес беру барысында өзін қорғау стратегиялары қарастырылып, басшылықпен конструктивті диалог жүргізуге дайындалды. Көбіне өзіне-өзі сенімсіз адам басқа адамды қорлауға, жасырын түрде төмендетуге ұмтылады. Мұндай жағдайда агрессордан қорықпау керек. Себебі қорланған адам қорқынышқа бой алдырып, әлсіздік танытқан сайын агрессордың әрекеті күшейе түседі. Заң аясында қорықпай әрекет ету маңызды.

— Цифрлық технологиялар дамыған сайын, моббингтің жаңа формалары пайда болды. Бұрын біреуді бетпе-бет, я болмаса кеңседе жәбірлейтіндер енді ұжымдық чаттарда, әлеуметтік желілерде қудалауға кірісті. Моббингтің бұл түрінің бір қауіптілігі: айналадағы адамдарға көрінбейді; әлеуметтік оқшаулау моральдық жағдайға қатты әсер етеді; цифрлық кеңістіктегі кемсітудің түрлі амалы жасалады. Моббингтің осы түрімен қалай күресуге болады?

— Диджитал-моббинг қазір қатты белең алды. Әлеуметтік желілерде және месенджерлер арқылы келетін қорлайтын пікірлер мен хабарламалардың скриншоттарын сақтап, дәлел жинап қою керек. Себебі қорлайтын адам өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Қорлайтын аккаунттарды бұғаттап (блоктау) және әлеуметтік желі әкімшілігіне шағымдануға да болады (репорт). Бұған қарсы тұрудың бір жолы, жоғарыда тұрған басшылыққа хабарлау, себебі ұжымдастар басшылыққа шындыққа жанаспайтын басқа ақпарат беруі мүмкін. Ондай жағдайда жақын адамдардан, әріптестерден және психологтан көмек сұрауға болады. Егер қорлау жүйелі түрде жалғасса немесе жалған ақпарат таратылса, ұйым басшылығына немесе құқық қорғау органдарына жүгіну дұрыс болады. Шешілмейтін мәселе жоқ. Диджитал-моббингке ұшыраған қызметкер өзінің психологиялық ресурсын қалпына келтіру үшін ассертивті қарым-қатынасты дамытқаны жөн. Өз ойы мен сезімін басқа адамның құқығын бұзбай, ашық, сенімді және құрметпен жеткізе білу. Оны дамытудың мынадай тиімді жолдары бар: 1. «Жоқ» деп айтуды үйрену аса маңызды. Келіспеген жағдайда өз пікірін сыпайы, бірақ нақты білдіру. 2. «Мен-хабарламаларын» қолдану. 3. Өз шекарасын белгілеу. Қандай қарым-қатынасқа келісетінін, қайсысын қабылдамайтынын анық айтуы керек. 4. Көз байланысын сақтау, дауыс ырғағын сабырлы ұстау. Бұл сенімділікті көрсетеді. 5. Эмоцияны бақылау. Ашумен емес, фактілерге сүйеніп сөйлеу маңызды.6. Өз пікірін кінәлі адамдай сезінбей айту. 7. Әр адамның өз ойын айтуға құқығы бар екенін есте ұстау. 8. Күнделікті жаттығу. Қарапайым жағдайлардан бастап өз ойын ашық жеткізуге дағдыландыру.

Стресс пен мазасыздықты толықтай жою мүмкін емес, өйткені олар – адамның табиғи эмоциялары. Бірақ оларды дұрыс басқаруды үйренуге болады. Стресс пен мазасыздықты басқару жолдары ретінде эмоцияны мойындап, «Мен қазір мазасызданып тұрмын» деп өз сезімін қабылдау – оны басқарудың алғашқы қадамы. Терең тыныс алу жаттығуларын жасау көмектеседі. Баяу дем алып, деміңді шығару жүйке жүйесін тыныштандырады. Дене белсенділігін арттыру да маңызды. Жаяу серуендеу, спорт немесе жеңіл жаттығулар стресс гормондарының деңгейін төмендетуге көмектеседі. Ұйқы мен тамақтану тәртібін сақтануға көңіл бөлу керек. Ұйқының жетіспеуі мазасыздықты күшейтеді. Жақын адамдармен сөйлесу, уайымды іште сақтамай, сенімді адаммен бөлісу эмоционалдық жеңілдік береді. Жағымсыз жаңалықтар мен әлеуметтік желілерді шамадан тыс қарамау, демалуға уақыт бөлу, музыка тыңдау, кітап оқу, табиғатта серуендеу немесе сүйікті іспен айналысу пайдалы.

— Моббингке ұшыраған адамға психолог ретінде тағы қандай пайдалы кеңес берер едіңіз?

— Мұндай жағдайда басқалардан көмек сұраудан қорықпаған дұрыс. Психологиялық қысым кез келген адамның басында болуы мүмкін. Адам жұмысында табысқа жеткен сайын, қызғаныштан кедергі келтіретін адамдар көбейеді. Адамды әдейі жұмыс чатында елемеу, маңызды ақпараттан шеттету немесе пікірін ескермеу диджитал-моббингтің белгілерінің бірі болуы мүмкін. Мұндай әрекет адамның өзін жалғыз сезінуіне, өзіне деген сенімінің төмендеуіне және эмоционалдық күйзеліске әкеледі. Сондықтан мұндай жағдайды үнсіз қалмай, мәселені мәдениетті әрі конструктивті түрде шешуге ұмтылған дұрыс. Қысым көрсеткен адаммен бетпе-бет сөйлесу қажет. Егер чатта әдейі елемесе, «Менің хабарламама не себепті жауап бермей жатырсыз» деп нақты сұраған абзал. Ахуалды бағалап, шын мәнісінде не болып жатқанын нақты анықтау бәрінен де маңызды. Бұл бірреттік жанжал ма, әлде жүйелі моббинг пе? Осыған көз жеткізіп алу керек. Моббингке ұшыраған адам үшін ең бастысы – психологиялық тұрақтылықты нығайту. Ол жайдан-жай нығая салмайтыны анық. Ең алдымен, стресті басқару жаттығуларын жасаған жөн. Одан кейін ұйқы мен демалыс тәртібін сақтауға көңіл бөлу қажет. Жақын адамдардың қолдауына сүйену де көп нәтижеге жеткізеді. Тағы бір айтар кеңесім, коммуникацияны жоспарлауға көңіл бөлсе. Қысым көрсеткен адаммен немесе басшылықпен сабырлы қалыпта сөйлесіп, барлық мән-жайға қанықса дұрыс болады. Ол жерде өз ойын нақты әрі сөйлесетін адамына құрметпен жеткізуге ден қойса. Сондай-ақ, ресми көмекке жүгінуге де болады. HR бөліміне немесе басшылыққа мәселені толық жеткізудің пайдасы зор. Қажет болған жағдайда заңгердің немесе құқық қорғау органдарының көмегіне жүгіну мәселенің шешілуін тездетеді. Адам іштей мықты екенін, оған ешкім қысым көрсетіп жатқан жоқ екенін көз алдына елестетіп, өзін солай сезініп отырса ұжымда беделі арта түспек. Себебі кез келген мәселе ішкі сенімімізге де байланысты болады.

— Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан  Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: