Сыр бойының диқаны көктемде атызға су жібергенде, сол судың қайдан, қандай жолмен келгенін көп ойлай бермейді. Шындығында әр тамшы судың артында төрт мемлекеттің мүддесі, ондаған бөгет пен су қоймасы, жарты ғасырдан бергі келісімдер мен дау-дамай тұр. Қызылорда облысының күріші мен бау-бақшасын суарып отырған Сырдария Қазақстанда басталмайды, ол алыстағы Тянь-Шань тауларынан бастау алып, үш елді кесіп өтіп, ең соңында ғана Сыр өңіріне жетіп жығылады. Сондықтан біздің атыздағы судың молшылығы да, тапшылығы да көп жағдайда өз қолымызда емес, жоғарыда отырған көршілердің шешіміне де байланысты. Осыны түсіну үшін судың бастан-аяқ жүріп өтетін жолын танып алған жөн.
Сырдария Қырғызстан мен Өзбекстан жеріндегі Тянь-Шань тауларынан ағатын Нарын мен Қарадария өзендерінің қосылуынан пайда болады. Сол жерден бастап өзен 2200 шақырымнан астам жол жүріп, Қоқан, Худжанд, Түркістан, Қызылорда қалаларын сумен қамтып, ақыры Арал теңізіне құяды. Өзеннің су жинайтын алабы 800 мың шаршы шақырымды құрағанымен, су іс жүзінде соның төрттен бір бөлігінен ғана жиналады. Ең маңызды жайт, өзеннің негізгі су қоры Қырғызстан мен Тәжікстандағы биік таулардың мұздықтары мен қарынан түзіледі. Демек судың тірегі – жоғарыда, ал ең көп мұқтаж жұрт төменде отыр. Қазақстан Сырдарияның ең төменгі сатысында, яғни өзеннің құйрық жағында орналасқан, сондықтан жоғарыдағы үш елдің суды қалай пайдаланғаны бізге тікелей әсер етеді. Жоғарыда су ұсталса, төменге жетпейді, жоғарыда артық су жіберілсе, төменде тасқын басталады. Бір кем дүние…
Бұл судың тағдыры кеңестік дәуірде белгіленген бір тетікке әлі күнге тәуелді. Сол кезде бүкіл Орталық Азия бір мемлекеттің құрамында болғандықтан, су мен энергияны бөлудің ортақ жүйесі жасалған еді. 1982 жылы шығарылған шешім бойынша Қырғызстан Нарын өзеніндегі Тоқтоғұл су қоймасына қыс мезгілінде 18 миллиард текше метр су жинап, жазда сол суды егін суаратын төмендегі республикаларға жіберуге міндеттелді. Оның есесіне Қырғызстан қыста қажетті жылу мен энергияны Қазақстанның көмірі мен Өзбекстанның газынан алатын болды. Сөйтіп су мен энергияны айырбастайтын тұйық жүйе пайда болды, әркім өзіне керегін екіншісінен алып, тепе-теңдік сақталды. Тәуелсіздік алғанда осы жүйе быт-шыт болды. Әр ел өз алдына мемлекет болғанда, бұрынғы айырбас тоқтап, әркім өз мүддесін бірінші орынға қойды. Дәл осы жерден Сырдария төңірегіндегі бүгінгі түйткілдің тамыры басталады.
Су саласының тарихын терең білетін мамандар осы тетіктің бұзылуын бүгінгі дағдарыстың түп тамыры санайды. Қазақстанның су шаруашылығы министрлігін жиырма жыл басқарған белгілі гидротехник Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, кеңес заманында Сырдарияның суын кімге қанша беруді орталық жоспарлау комитеті қатаң белгілеп отырған, ал ол жүйе ыдырағанда су бөлудің бұрынғы тәртібі де күшін жойған.
Су саласы бойынша халықаралық сарапшы Ерлан Бадашев те осы ойды нақтылай түседі. Оның сөзінше, елдер кеңестік келісім негізінде суды әлі күнге дейін жақсылы-жаманды бөлісіп келеді, бірақ сол келісімнің өзі бүгінгі шындыққа сай емес.
– Ол келісімнен он шақты жыл болды, Қырғызстан шығып кетті. Тағы бір айтатынымыз, ол келісім ратификациядан өтпеген. Сосын ең қызығы, ол кездегі су бөлу схемасымен жасалады. Сырдарияның суын өзбекке қанша, бізге қанша деп бөліп беретін схеманы сол кездегі кеңес өкіметінің мемлекеттік жоспарлау комитеті жасаған, — дейді сарапшы.
Қазіргі дау-дамайдың түп себебі қарапайым, өзеннің жоғары жағындағы Қырғызстан суды энергия көзі деп қараса, төмендегі Қазақстан мен Өзбекстан оны егін суаратын тіршілік көзі деп біледі. Қырғызстан үшін Тоқтоғұл су қоймасындағы судың мәні зор, өйткені Тоқтоғұл су электр станциясы ол елдің электр қуатының 40 пайызға жуығын береді. Қыста электр қуатына сұраныс күрт артқанда Қырғызстан су қоймасының суын турбиналар арқылы көптеп жіберіп, энергия өндіруге мәжбүр болады. Бірақ дәл сол қыста жіберілген мол су төмен қарай ағып, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде қатер тудырады. Қыс ортасында өзенге сыймаған су елді мекендерді басып қалу қаупін төндіреді, мұндай жағдай бұрын бірнеше рет болған. Ал жазда, керісінше, егін суаруға су ең керек кезде Қырғызстан суды қоймада ұстап, келесі қысқа жинай бастайды. Сонда төмендегі диқан су аңсап отырғанда, жоғарыда су бөгеліп қалады. Бір елдің энергетикалық мүддесі мен екінші елдің аграрлық шешімі дәл осы жерде қайшыласады, ал екеуінің ортасынан суға тәуелді болып, Сыр өңірі сол тартыстың салдарын көреді.
Бұл тартыстың түйінін су мамандары айқын түсіндіреді. Су маманы, климаттың өзгеруі жөніндегі сарапшы Құралай Яхиеваның айтуынша, елдер арасындағы келісім бойынша Қазақстан өзіне тиесілі су көлемін алып отырғанымен, басты мәселе сол судың қажет мезгілде келмеуінде болып тұр.
– Елдер арасындағы келісімге сай біз өзімізге тиесілі су көлемін алып отырмыз. Бар мәселе – оның қажет мезгілде, керек кезде келмеуінде. Бұл мәселені министрлік реттеуі керек, кездесу өткізіп, отырыс жасап, келіссөз жүргізу – солардың жұмысы. Сондай кездесуде Сырдарияның жоғарғы ағысынан Қазақстанға қашан және қанша су келуі керегін нақты келісу керек, — дейді маман.
Тәуелсіздіктен кейін бұл мәселені реттеу үшін аймақ елдері жыл сайын келісімге отыратын болды. Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасында Сырдария бассейнінің су-энергетика ресурсын пайдалану туралы келісім бар, оның негізінде жыл сайын су жіберу кестесі бекітіледі. Мысалы, 2026 жылдың көктемінде Ташкентте үш елдің су және энергетика саласының басшылары бас қосып, алдағы суару маусымына Тоқтоғұл су қоймасынан қанша су, қандай режімде жіберілетінін келісіп, үшжақты хаттамаға қол қойды. Қазақстан тарапынан келіссөзге екі министр, яғни Энергетика министрі мен Су ресурстары және ирригация министрі қатысты, бұл судың Қазақстан үшін қаншалықты стратегиялық мәселе екенін көрсетеді. Мұндай келісім жыл сайын қайталанады, өйткені табиғат пен әр елдің мұқтаждығы үнемі өзгеріп тұрады. Бұл ретте су бөлудің нақты сандары да жария етіледі. Соңғы деректерге сүйенсек, бір кезеңде Орталық Азия елдеріне арналған судың 90 пайыздан астамы Өзбекстанға тиесілі болса, Қазақстанға, Қырғызстан мен Тәжікстанға қалған бөлігі бөлінген. Бұл сандар су ресурсының аймақта қаншалықты қызу таласпен бөлінетінін аңғартады.
Жоғарыдан келетін судың тұрақсыздығынан қорғану үшін Қазақстан өз жерінде бірнеше ірі су қоймасын салды. Оңтүстіктегі Шардара су қоймасы бұрыннан өзеннің суын реттеп келеді, бірақ оның мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, қыста жоғарыдан мол су келгенде ол суды толық сыйдыра алмай қалатын. Дәл осы мәселені шешу үшін 2011 жылы Шардарадан төмен қарай Көксарай су қоймасы салынды. Көксарайдың міндеті айқын, қыста Қырғызстан энергия өндіру үшін жіберген артық суды осы қоймаға жинап алып, тасқынның алдын алу, ал жазда сол суды егін суаруға жұмсау. Сөйтіп Қазақстан жоғарыдағы елдің энергетикалық режіміне толық тәуелді болудан біршама арылды. Дегенмен, бұл бөгеттер мәселені түбегейлі шешкен жоқ, өйткені олардың да белгілі бір сыйымдылығы бар, әрі уақыт өте техникасы тозады. Соңғы жылдары Көксарай су қоймасының өзі күрделі жөндеуді қажет етіп отырғаны айтылып жүр, демек, судан қорғанатын құрылғының өзін де үнемі күтіп-ұстау керек. Бүгінгі ең үлкен қауіп тіпті басқа жақтан төнуде. Сырдарияны нәрлендіретін Тянь-Шань мен Памир мұздықтары климаттың жылынуынан жедел еріп барады. Бір қарағанда мұздық еріген сайын су көбейетіндей көрінгенімен, шындығында бұл – уақытша құбылыс. Мұздық тұтас еріп бітсе, өзенге су беретін табиғи қойма жоғалады, сонда жаз айларында өзен мүлде тартылып қалу қаупі бар. Орталық Азиядағы су тапшылығы жыл санап күшейіп келеді, мұны бүкіл аймақ мойындайды. Соңғы жылдары елдер мұздықтарды сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөліп, халықаралық деңгейде арнайы конференциялар өткізе бастады. Қазақстан үшін бұл өмірлік маңызды мәселе, өйткені өзеннің ең соңында отырған біз – мұздық еріген кезде ең алдымен әрі ең қатты зардап шегетін елміз. Жоғарыда су азайса, төменге тіпті жетпейді.
Осы орайда сала сарапшысы Нариман Қыпшақбаев мәселенің тек сыртта емес, ел ішінде де жатқанын ашына айтады. Оның пайымынша, Сырдарияның бойындағы тозығы жеткен каналдар арқылы өзен суының бестен бір бөлігіне жуығы, яғни 7-8 миллиард текше метрі жолда босқа жоғалып кетеді.
– Кейінгі жиырма жылда бәрін Астанада отырып-ақ басқарамыз деген оймен биліктегілер облыстық, аудандық су мекемелерінің жұмысын тоқтатты. Салдарынан ақыл айтып, шара қолданатын мамандар қалмады. Меніңше, шындыққа тура қарайтын уақыт келді, су мәселесі енді жылдан-жылға күрделене бермек, — дейді гидротехник.
Су ресурстарын зерттеп жүрген маман, техника ғылымдарының кандидаты Әмірхан Кеншім трансшекаралық өзеннен алатын үлесті нақтылау маңызды екенін айтады. Оның сөзінше, су ресурсын ұқыпты пайдаланса, өз суымыз өзімізге жетеді, бірақ ол үшін трансшекаралық өзендерден алатын үлес нақты белгіленуі шарт.
– Егер дұрыстап пайдалансақ, өз суымыз өзімізге жетеді. Бірақ су үнемдеу мен трансшекаралық өзендерден алатын үлесіміз нақтылануы қажет, — дейді сарапшы.
Дәл осы себептен мамандар судың тапшылығын тек көршіге сілтемей, ең әуелі ел ішіндегі ысырапты тыю, су есебін цифрландыру, үнемдейтін технологияға көшу арқылы жеңуге болатынын айтады. Н.Қыпшақбаев бұл түйінді көрші елдермен ашық сөйлесіп, ескі келісімді жаңғырту арқылы шешуді ұсынады.
– Кеңес үкіметі құлай сала екі айдан кейін бес елдің су министрі Шымкентте бас қосып, комиссия құрдық. Қазақстаннан мен қол қойдым. Сол тәртіп бойынша қоймада қанша су бар, қанша су келеді, бәрін есептеп, әр мемлекеттің су үлесін анықтайтынбыз, — дейді ол.
Осы ұзақ жолды танып болған соң бір ақиқат айқындалады. Қызылорда облысының күрішші диқаны атызға су жібергенде, ол судың молдығы тек өз тағдырына емес, сонымен бірге Бішкектегі энергетикалық шешімге, Ташкенттегі келіссөзге, Тянь-Шань мұздығының жай-күйіне де байланысты. Осыны түсінген адам су тапшылығы кезінде тек жергілікті билікті кінәламай, мәселенің тамыры тереңде, төрт елдің мүддесі түйіскен жерде жатқанын аңғарады. Сондықтан Қазақстан соңғы жылдары суды үнемдейтін технологияға көшуге, тамшылатып суаруға, су аз ішетін дақылдарға басымдық беруге ден қойып отыр. Себебі жоғарыдан келетін суға мәңгі арқа сүйеуге болмайды. Сыр өңірінің болашағы көп жағдайда осы өзеннің суын қаншалықты ақылмен, үнеммен жұмсай білуімізге байланысты. Атызға жеткен әр тамшы судың артында қаншама келісім мен тартыс тұрғанын білген диқан ғана сол суға барынша ұқыпты қарайтыны сөзсіз.
Е.ҚАЛИЕВ.
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!