Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан бюджеті нақтыланды

29.05.2026, 15:10 75

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс 57-ші сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлімдердің басшылары қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліштің төрағалығымен өткен сессияда «2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Қазалы аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №512 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе қаралады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бахытжан Жарылқап баяндама жасады.

Жиында аудан басшысы сөз алып, 2026 жылға арналған аудан бюджетіне енгізілген өзгерістер туралы айтып өтті.

— 2026 жылға арналған аудан бюджетінің көлемі 13,6 млрд теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 14,1 млрд теңге болып нақтыланды, оның ішінде өз кірістеріміздің жоспары 4 млрд 269,4 млн теңге болса, 4 млрд 288,7 млн теңге болып бекітілді. Бүгінгі күні аудан бюджеті нақтыланып, аудан халқының игілігіне бағытталған бірқатар маңызды жобаларға қаржы қарастырылып отыр. Оның ішінде облыстық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен үнемделген қаржылар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталуда. Атап айтқанда, жол жөндеу, автобус аялдамаларын орнату, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру, кент көшелеріне қиыршық тас төсеу, білім беру нысандарына қатысты құжаттамалар әзірлеу, ауылдық елді мекендерді көгалдандыру, аяқ су қызметін ұйымдастыру, ауыл шаруашылығына қажетті техника алу, сондай-ақ мәдениет және әлеуметтік нысандарды жаңғырту секілді жұмыстарға қаржы бөлініп отыр. Осы ретте барша аудандық мәслихаттың депутаттарын, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен мекеме, кәсіпорын басшыларын Президентіміздің, Үкімет басшысының және облыс әкімінің тапсырмалары мен алға қойған міндеттерін жоғарғы деңгейде жүзеге асырып, ауданда басталған игі бастамаларды одан әрі дамыту жолында бірлесе, аянбай жұмыс істеуге шақырамын, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Сессия алдында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізіліп, сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер талқыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: