Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаш философиясы: Бөкейханов феноменологиясы

29.05.2026, 14:50 96

HALYQLINE.KZ

Әлихан Бөкейханов:

«Адам баласы қылып жүрген іс ой-ақыл боп басталады, сөз болып сөйленеді, иа, жазылады, ақыл сөз сонан соң барып іске айналады».

Ә.Бөкейхановтың бұл сөзі философия ілімінің іргетасын құрайтын сұрақтармен тығыз байланысты. Философия тарихына көз жүгірткен адам мұны тез аңғарады: ХІХ ғасырда Еуропа философиясыда материализм және идеализм деген екі лагерь арасында қызу шайқас болды. Оның жаңғырығы В.И.Ленин арқылы Ресейге жетіп, революция патшалық империяны құлатты. Мемлекет басына большевиктер келген соң, мемлекеттік идеологияның темірқазығы ретінде марксизм теориясы таңдалды.

Марксизм, революция теориясы ретінде, экономикалық формациялар туралы ілімнен шығады. Ол бойынша, қоғам қозғалысының негізінде антогонистік таптардың қарама-қайшылығы жатады. Мақсаты – материалдық байлық. Яғни, тарихта материя ‑ бірінші, сана – екінші болғандықтан, жұмысшы табы қанаушы буржуазияны жояды. Әділетті қоғамға қол жеткізеді деп жариялады. Осылай дей отырып, маркисизм Гегельдің «адамзат тарихы – идеяның (сананың) өзінөзі ашуы» деген идеалистік теориясын терістеді.

Әлихан Бөкейхановтың революция ісіне араласа бастаған кезден осы теория Ресей империясында насихаттала бастаған еді. Сол себепті, марксизм туралы Әлиханның ойланбауы мүмкін емес еді…

Бірақ, оның жоғарыдағы айтқан сөзі, өзге бағыттағы, яғни, материализмнің жауы «идеалистік» ойдың көрінісі. Неге олай?

Оның себебі мынада:

«Материяның бірінші болуы» философияның онтологиялық сұрақтары қатарында тұрады. Мәселен, дін «бастапқыда Сөз болды» дейді. Яғни, «әуелі идея пайда болды, содан соң бүкіл әлем жаратылды». Ал, материализм бойынша: «материя шексіз, мәңгілік, оның қозғалысы сананы тудырады» делінеді. Қайшылық осы жерде.

Идеалистер Идеяның бастапқы екенін «Құдай санасымен» түсіндіреді, яғни, «мына шексіз әлемді жарату Идеясы әуелі Құдай санасында пайда болған, ол сол себепті ретті, өзара байланысты, бірбіріне себеп және т.т.».

Материалистер мұны эволюция жолымен түсіндіреді: Материя жаратылмаған, ол бар болмыс, мәңгілік. Ол өзінің қозғалысы барысында сананы және саналы тіршілікті тудырады. Яғни, материя – болмыс, ал сана – оның сипаты не бейнесі (көрінісі)».

Осы жерде біз Әлиханның бұл философиялық сұрақты өзгеше түсіндіруге тырысқанын байқаймыз:

«Адам баласы – Құдай жаратылысы, саналы тіршілік иесі. Ендеше, оның ісәрекеті де Құдай болмысына сай. Ендеше, саналы тіршілік иесіне айналған сәттен бастап, адамның өмірінде Идея бастапқы роль атқарады, атқаруы тиіс. Яғни, оның ақылға негізделеген әрекеті тұтас адами болмысты құрайды. Оған, оның қоғамдық өмірінің сипаты, өндірісі, қолданыстағы заттары, өзара қарым-қатынасы және т.т. бәрі кіреді. Саналы тіршілік иесінің өмірінде «бастапқы рольді Сана атқарады» деген қорытынды ойға келеді!

Егер, Әлиханның идеясын қазіргі философиямен салыстырмалы түрде алсақ, онда:

Ол, алдымен, Феноменология бағытына келеді. Яғни, ол бойынша Адам және Ақыл (ақылды адам) – феномен. (Бүгінде оны «энактивизм» дейді). Яғни, «жүзеге асқан ақыл-ой феномені ‑ қайталанбайтын құбылыс.

Екінші вариантында оны Постмодернизм мен Конструктивизм бағытына жатқызамыз: яғни, «өзіміз көріп отырған шындық – белгілі бір ақыл-ойдың нәтижесі».

Үшінші вариантында оны Эпистемология десек болады: яғни, ақыл-ойды күнделікті қолдану үшін білімді жүйелеп, әрекетті не іс-қимылды (тірлікті деңіз) қалай бастау, қалай жалғастыру керек екендігін білу керек.

Осы айтылғандардан Әлихан Бөкейхановтың философиялық ойлары «материалистік догмадан» да (вульгарлы материализм), «идеалистік догмадан» да (спиритуализм мен солипсизм) биік тұрғанын көреміз,

Әрине, Әлекеңнің заманында қоғам «пролетариат – революцияның қозғаушы күші», «материя ‑ бірінші, сана – екінші», «жер –шаруаларға, зауыт-фабрика – жұмысшыларға», ортақ меншік арқылы «әркімге қажетіне қарай, әркімнен қабілетіне қарай (коммунизм)» деген ұрандарды жалаулатып жүргенде, оған қарсы сөз айтудың өзі мүмкін емес еді: бас кетеді!

Бірақ, соған қарамастан, Әлиханның қазақы ойлау жүйесі қазаққа тән прагматикадан алшақ кетпейді. Ол ақыл-ой туралы айта отырып, қазақ даналығын, қазақы ойды алға шығарады. Қатаң өмір сүру жағдайында (көшпенді мал шаруашылығы) өмір сүрген қазақ елі «Құдай сана берсін, бермесе, ала берсін» деген формуланы басшылыққа алған…

Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні осы формулаға бағынған! Міне, халқының осы даналығын Әлихан Бөкейханов одан әрі жалғастырған…

Әрине, өмір тек «феноменологиядан» құралмайды. Онда да небір қайшылықты жағдайлар болған. Мысалы, тарихта «гитлер феномені» деген де термин бар!

Сол сияқты, еліміздің тәуелсіздік тарихында да жақын болашақта «Назарбаев феномені» деген терминнің пайда болуы ғажап емес…

Бүгінде Ә.Бөкейханов айтқан «ой-ақылы» өзгеше мәнге ие. Ол сөз «мемлекеттік даму» мәселесіне байланысты көбірек айтылады. «Ақылдасып пішкен тон келте болмайды» демекші, бүгінде әрбір елдік мәні бар мәселені билік пен халық талқысынан, ой сүзгісінен өткізе қабылдау – әлемдік демократиялық принциптерге сай. Біздің халық осы жолды қалап отыр. Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың да айтпағы – осы СӨЗ!

Ескерту: мақала Әлихан Бөкейхановтың бүкіл шығармашылығын, оның өмір жолын баяндап шығуды мақсат еткен жоқ. Мұнда оның қаламынан шыққан ойлардың бір фрагментін «ойып алып», оның философиялық мағынасын ашуды мақсат еттік. Бірақ, оқырманға осының өзі терең философиялық конструкцияларға жетелейтіні түсінікті шығар деп, мақалаға нүкте қойдық…

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ,

философ

фото: abai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: