– Бүгінде республика бойынша 6 010 ауыл ғана қалды. Осы 35 жылда 1 500 ауылды картадан жойдық. Бұл – өте ауыр жағдай. Ауылдың жойылуы – қазақ үшін трагедия. Әрбір қазақтың қаны, жаны, тамыры – ауылда. Кезінде саяси қателік жібердік. Ауылдардағы, ауыл шаруашылығындағы колхоз-совхозды таратпау керек еді. Бәрін таратып, баяғы 2 мың колхоз-совхоздың орнына әртүрлі формадағы 300 мың шаруашылық құрдық. Не басы, не аяғы жоқ. Ауылды осындай халге жеткізіп, салдарынан ауыл инфрақұрылымы тозып, табыс болмаған соң ел қалаға үдере көшті. Қазір урбанизацияға да тоқтау болмай тұр. Бұл – жақсы үрдіс емес. Енді сол 6 010 ауылды сақтап қалудың амалын жасауымыз керек. Оған мүмкіншілік бар. Соңғы уақытта президент бұл жағдайды түсінді. Қазір ауылға көңіл бөліне бастады. Оған сенің де, менің де үлесім бар. Астанаға келгеніме 6 жыл болды, содан бері «Ауылды көтермесек, ауыл шаруашылығын қалпына келтірмесек, ауылға жағдай жасамасақ, жастарды ауылға тартпасақ, оларға қаржылай көмектесіп, үй-жай, жұмыс бермесек, ауыл шаруашылығын көтере алмаймыз» деп талмай айтып келемін. «Ауруын жасырғанды өлімі әшкере етеді» деген сөз бар ғой. Жіберген қателіктің бәрін қазір жаймен қалпына келтіруіміз керек. Ауылды оңалтуды қолға алу қажет. Ауылда бір жұмыс орны ашылса, қалада жеті жұмыс көзі ашылады екен. Былтыр депутаттық сауал жолдап, бір жылдың ішінде ауылдан 167 мың адамның қалаға көшкенін анықтадым. Олардың баспана жалдауына, оқуы, баласын балабақша мен мектепке орналастырып, киіндіруіне, тамақтануына шамамен 2 трлн теңге қаражат керек екен. Елдің бәрін үш мегаполиске жинап алып, қалада мал өсіріп, егін екпейміз ғой. Одан да сол 6 010 ауылды сақтап, оларға жағдай жасайық. Ауылдағы тұрғындардың қолына қармақ бер, мал сатып аламын десе, төмен пайызбен несие бер, жұмыс істеймін дейтін адамға мүмкіндік жаса. Алдында малы, жұмысы бар адам қалаға көшпейді ғой. Мұндай мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек.
Жигули ДАЙРАБАЕВ,
экс-депутат.
(«Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан)
Фото: ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!