Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астанада Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум өтіп жатыр

19.05.2026, 15:35 63

Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Іс-шараның ашылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.

Халықаралық жиынға әлемнің 20-дан астам елінен делегациялар келген. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

Президент симпозиумның ашылуында Алтын Орда тарихы Еуразия кеңістігіндегі аса ірі саяси және өркениеттік құбылыс ретінде талай ғылыми зерттеуге негіз болғанын айтты.

«Баршаңызға Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумға қош келдіңіздер деп айтқым келеді. Ең алдымен, Астанаға арнайы келген қадірлі меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Менің алдымда сөз сөйлеген атақты ғалымдар мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс айтамын. Сөздеріңіз мағыналы, мазмұнды болды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Алтын Орданың тарихи орнын айта келе, оның Батыс пен Шығысты жалғаған ірі саяси құрылым болғанына назар аударды.

«Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек. Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда мұрасын зерттеу ұлт жылнамасы ғана емес, әлем тарихы үшін де маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты халықаралық ғылыми қауымдастықпен бірлесіп жалғастыруға ниетті.

«Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы», деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына алғыс айтты. Ол симпозиумның беделді халықаралық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік деңгейдегі мәнін көрсететінін жеткізді.

«Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді. Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз. Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар бастаған делегация да қатысып отыр.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ЮНЕСКО қолдауымен бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырғанын айтты. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері және бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Сонымен қатар еліміздің материалдық емес мәдени мұрасын дәріптеу бағытында да жұмыс жүргізілген.

Президент былтыр «Хандар шежіресі» деп аталатын бірегей қолжазбаның әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. Бұл құжатта ел билеген тұлғалар туралы мәліметтер жинақталған, соның ішінде Алтын Орда кезеңіне қатысты деректер де қамтылған.

«Сондықтан біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңызды шаруа», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерттейтін түрлі ғылыми мектеп өкілдерінің басын қосып отырғанын жеткізді. Президенттің айтуынша, бұл тақырып бір ғана елдің шеңберімен шектелмейді.

«Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады. Сонымен қатар Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады», деді Президент.

Мемлекет басшысы Алтын Орда жылнамасын адамзатқа ортақ тарих деп атады.

«Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих. Бүгін өтіп жатқан бірегей симпозиум әлемдік ауқымдағы мұраны жүйелі зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтереді деп сенемін. Осы жерде отырған ғалымдар мен сарапшылар бұл міндетті іске асыруға елеулі үлес қосуда. Бұл маңызды жұмыста сіздер оң нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықаралық симпозиум бірнеше күнге жалғасады. Жиын барысында Алтын Орда тарихы, археологиялық мұрасы, мәдени ықпалы, мемлекеттік дәстүрі, тарихи бірегейлік мәселелері және Ұлы дала өркениетінің әлемдік тарихтағы орны талқыланады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: