Басылымның «Халық» аталуының өзінде үлкен сыр, жауапкершілікті жүк бар. Біріншіден, «Халық – Құдайдың бір аты», бұл сөзді ұлан-ғайыр даласы, том-томдаған тарихы бар қазақ халқы текке айтпаса керек. Екіншіден, халық сөзі – ұғынықты ұғым, ұлы атау, аталы жұртымыздың аруақты аты. Қызылорда қаласының құрметті азаматы Ыдырыс Қалиев «Әр алуан атпен шығып жатқан газет көп, қалың бұқараның атын иемденген басылым – осы «Халық» газеті» деп пікір білдіргенінің өзі ел сенімін ақтауға әркез дайын ақпарат тұтқасы екендігін айқындап тұр. Ақпарат айдынындағы көп газеттің бірі ретінде емес, айтар ойы орамды, сөзі салмақты, көздегені шың, көксегені әділдік болатын басылым болуды мақсат тұтты. Және осы сенім үдесінен шығып, оқырманмен етене байланыс орнатып, сараптамалы, талдамалы тұрғыда ақпарат берумен қатар қоғамдық пікірдің қалыптастырушысы, қозғаушысы ретінде республика жұртшылығының қоғамдық-саяси белсенділігін арттырушы ролін атқарып келеді.
Республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті 2000 жылдың 21 шілдесінен бастап аптасына бір рет жарыққа шығып келеді. Газет Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде тіркеліп, тіркеу туралы №1969-Г куәлігін алған.
Басылым қоғамда күйіп тұрған мәселелердің барлығын белгіленген заңдылық шеңберінде қозғайды. Ақпараттар ағыны, саяси сараптама, ұрпақ тәрбиесі, жастар мәселесі, экономика мен әлеумет, білім мен ғылым, кәсіп пен нәсіп, саламат пен сергек, құқықтық сауат ашу, тіл мен діл – «Халық» газетінің басты тақырыбы. Сонымен бірге оқырманның келелі ойларына да, татымды тұжырымына да газет бетінде орын бар. Сондықтан 20 жыл ішінде «Халық» халықтың газетіне айналды.
2000 жылдан «Халық» газеті» ЖШС-нің директоры-бас редакторы қызметін Аманжол Сақыпұлы атқарды. ҚР Мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер одағының мүшесі. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы. 2010 жылдан бері «Сыр медиа» ЖШС-нің Бас директоры қызметін атқарып келеді.
2005-2010 жылдары серіктестіктің бас директорының орынбасары болған Қасымхан Қыдырбаевқа 2010-2015 жылдары «Халық» газеті» ЖШС-нің атқарушы директоры қызметі жүктелді. 2015-2016 жылдары серіктестікке Сағди Жәли директор болды. 2016-2019 жылдары Нұржан Нұрмағанбетов атқарушы директор- бас редактор қызметін қоса атқарды. 2019 жылдың шілде айынан бастап «Халық» газеті» ЖШС-нің атқарушы директоры қызметін Қуаныш Сақып атқарып келеді.
«Ақиқаттың серігі – Ар, екпіні – Еркіндік» дейтін басылым бетінде жарық көрген әрбір мақала қоғам үшін оңтайлы шешім қабылдады. Мұқым елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған газет тізгінін тілінің уыты бар, қаламының қуаты күшті мамандар басқарды. Белгілі журналист Нұрлан Нұрмаханов 2000-2009 жылдар аралығында «Халық» газетінде бас редактордың орынбасары, бас редактор қызметтерін атқарды. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Н.Көбегенұлы 2000 жылы Қазақстан Журналистер одағы Қызылорда облыстық ұйымының «Құрмет грамотасымен» марапатталса, 2003 жылы «Жылдың үздік журналисі», 2005 жылы «Өткір тілді журналист», 2008 жылы «Жыл журналисі» номинацияларының иегері болған. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Алғыс хатымен», 2009 жылы «Қызылорда облысына – 70 жыл» және «Қызылорда қаласына – 190 жыл» медалімен марапатталған.
2009 жылдан бастап «Халық» газетінің бас редакторы қызметін журналист Нұржан Нұрмағанбетов атқарып келеді. Н.Әбжанұлы 2003-2009 жылдары осы газетте жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, әр жылдары облыс, қала әкімдерінің «Алғыс хатымен», ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Құрмет грамотасымен», ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің «Алғыс хатымен», ҚР Журналистер одағының дипломымен марапатталса, 2006 жылы «Өткір тілді журналист», 2009 жылы «Үздік өткір мақалалар авторы» номинацияларын иеленген. «Қызылорда облысына – 70 жыл» және «Қызылорда қаласына – 190 жыл», «Қызылорда қаласына – 200 жыл» медалімен марапатталған.
Басылымның нар көтермес жүгін арқалауда бұл екі азаматтың да өзіндік үні, айтар сөзі бар. Газет бетінде қатталған әр мақала дер кезінде қоғамның әлеуметтік-рухани сұранысына жауап бере білді. Халықтың мүддесін қорғайтын бірден-бір басылым деген бағаны ел аузынан естудің өзі – мәртебе. Кезінде биліктің «Арал экологиялық аймағы» статусын алып тастау ұмтылысына бірден-бір қарсылық білдірген – осы газет. Газет бетіне ойлы, тұщымды, мақалалары арқылы жергілікті мәселелердің қозғалып, қолдау тауып, шешімі шығуына да ықпал еткен. Жарық көріп келе жатқан 20 жыл ішінде өмірмен өрелес, уақытпен үндес бола білген басылым беттерінен халқымыздың тарихы мен тағдырына, ұлтымыздың рухани қазынасына, салт-дәстүрі мен таным тағылымына терең бойлап, тәуелсіздігіміздің бүгіні мен болашағын бағдарлайтын, әлеуметтік-экономикалық өзекжарды мәселелерді қозғайтын батыл ұстанымдағы мақалалар жарыққа шықты. «Халық» газеті жетістіктен де құралақан емес. Ең бастысын айтсақ, «Қанатты қалам – 2008» облыстық фестивалінің «Үш таған» номинациясын, 2008 жылы қала әкімінің «Үздік ақпарат айнасы» номинациясын иеленді. Газет журналистері арқылы елге танылады десек, осы орайда «Халықтың» басшысынан бастап тілшісіне дейін жыл сайын облыс, қала әкімшілігі тарапынан да, әртүрлі конкурстардан да марапатқа ие болып келеді.
Басылымның бет-бейнесін қалыптастырып, тынысын ашып, беделін асқақтатып, сабақтастық жолды жалғап жүрген газеттің тілшілері екені анық. Бұл ретте олардың атын айтпай кетуге болмайды. Мәселен, еңбек жолын 2009 жылы тілші болып бастаған Нұрбике Құдайбергенова 2011 жылы облыс әкімінің «Алғыс хатын» иеленді. 2015 жылы Қазақстан Журналистер Одағының дипломымен марапатталса, 2017 жылы Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың «Үздік саяси шолушы» номинациясын иеленген. 2017 жылы Қызылорда қаласы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қала жастарына арналған «Самғау» жастар сыйлығының иегері. 2018 жылы Қызылорда облысы әкімінің «Алтын дән – 2018» облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жариялаушы үздік журналист атанса, 2019 жылы Қызылорда қаласы әкімінің «Жас қанат» номинациясымен марапатталған. Бүгінде осы басылымда жауапты хатшы қызметін атқарады.
2016 жылы тілшілік қызметке қабылданған Қозы Көрпеш Жасаралұлы – журналист Сахитжан Бермағамбетов атындағы «Ең үздік жас журналист» байқауының жеңімпазы. Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған БАҚ өкілдері арасындағы шығармашылық байқауда «Үздік баспа жарияланым» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен, кәсіби біліктілігі үшін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың «Ұшқыр қалам» номинациясымен марапатталған. Қазіргі күні басылым редакторының орынбасары қызметінде.
«Халық» газетінің саламатты өмір салтын қалыптастыруда да үлесі зор. Жыл сайын журналистер мерекесіне орай өткізілетін мини футболдан халықтық журналистер бірінші орынды қанжығаларына байлап келді. Бұл басылым қызметкерлерінің саламатты өмір салтын ұстанудағы өзіндік көзқарасын айқындап тұр. 2016 жылы газетке тілшілік қызметке қабылданған Рыскелді Жахман – болашағынан зор үміт күтетін жас журналист. 2017, 2019 жылдары облыстық, аудандық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Сондай-ақ, журналистер арасында ұйымдастырылған түрлі байқауларда жоғары жетістіктерге жетіп жүр. Облыс әкімінің, бірқатар басқарма басшыларының «Алғыс хатын» иеленген. 2019 жылы «Қанатты қалам – 2019» облыстық байқауында «Спорт жаршысы», 2019 жылы Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Ең үздік спорт журналисі – 2019», 2020 жылы Қызылорда қаласы әкімдігінің «Ұшқыр қалам – 2020» номинациясын иеленген.
Басылымның әр тілшісі қоғамдық мүддеге орай әрекет етіп, халықтың көкейіндегі мәселенің мәнісі мен байыбына терең бойлай отырып мақаланы жасандылық пен жаттандылықтан ада етіп жазады. Жиырма жыл уақыт бедерінде газеттің өз беделінің артып, оқырман алдындағы адалдығын танытып келе жатқаны да сондықтан. Күнделікті өмірден алынатын проблеманың көрінісін апта сайын жарыққа шығатын басылымға дер кезінде жариялап отырудың өзі – мұраттың асылына жеткендігі.
Өзіндік бағыт-бағдары мен ұстанымынан айнымаған басылымда жұмыс істейтін журналистердің дені – жастар. Бұл ретте Әйгерім Нажмадинқызы да ой-салмағы басым дүниелерімен оқырмандарының жүрегінен орын тауып жүр. Ол – 2014 жылы Сахитжан Бермағамбетов атындағы облыстық қаламгерлер фестивалінің жеңімпазы. 2015 жылы Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатымен, 2016 жылы Қызылорда қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. 2016 жылы «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған жазба айтыстың ІІ орын иегері.
«Халықтың» шаңырағын талай журналистердің қанат қағуына септігін тигізген «шығармашылық ұстахана» десек артық айтқандық емес. «Халық» газетінде жұмыс істеп, шеберлігін шыңдап, қаламы төселіп, білімі мен біліктілігі жоғары екенін дәлелдеп жүргендерінің өзі басылым мәртебесін айқындай алады. Оған дәлел ретінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен облыстағы басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп жүрген түлектерімізді айта аламыз. Мәселен, басылымды құруға атсалысқан, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы бүгінде өз алдына «Әлімсақ» журналы мен «Ұстаз мәртебесі» газетіне бас редакторлық етіп отыр. Одан өзге «Хабар» арнасының бас редакторы Нұрбек Әмиша, «Ақмешіт жастары» облыстық жастар газетіне редакторлық етіп отырған Айжан Абдуллаева, «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев, «Айқын» газетінің экономика және саясат бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Рахман, «Сыр бойы» газетінің тілшісі Назерке Саниязова, «Qyzylorda» телеарнасының арнаулы тілшісі Тәжімұрат Әлжанов, «Qazaqstan» ұлттық арнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жаханов, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының «Ақпарат толқыны» бөлімінің маманы Мөлдір Қожахметова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің оқытушысы Гаухарай Есімова, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Жұртшылықпен байланыс департаменті баспасөз хатшысы Нұрбай Шәкім, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ-да бас менеджері Жазира Әшірбек сынды түлектерімізді мақтаныш етеміз. Сондай-ақ, Жаңабай Кемал, Айгүл Нұртайқызы, Рауан Жаңбырбайқызы, Ләззат Кемелбаева, Гүлнұр Қаржаубаева, Кенжалы Ерімбетов, Эльмира Бәшеева, Ұлықбек Тәңірбергенов, Дастанбек Садық, Жазира Бағлан, Жансая Жүнісова, Құралай Жақсылық, Құттыбике Нұрғабыл секілді тәжірибелі мамандарымыз да өз алдына дербес жұмыстар істеп келеді. Ал басылымның Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі Жұмабек Табынбаевтың шалғайдағы тыныс-тіршілікті жіті қадағалап, газет бетіне мақала етіп жазудағы, ондағы оқырмандардың мұң-мұқтажын тыңдап, алғысын жеткізуде, жазылым жұмыстарын ұйымдастырудағы еңбегі орасан.
Сондай-ақ, басылым журналистерінің жазған-сызғандарын оқырманға мұнтаздай таза, көздің жауын аларлықтай үлгіде қаттап, беттеп жеткізетін маман иесі – дизайнер Айнұр Құрманқызы. Апта сайын оқырман қолына тиетін газет бетіндегі әр үзік пен сызық Айнұр апайдың қырағылығын аңғартып тұрады. 2001 жылдан бастап басылымда еңбек етіп келе жатқан Айнұр Үмбетова 2013 жылы қала әкімі Н.Нәлібаевтың Алғыс хатын иеленген. 2014 жылы «Қанатты қалам – 2014» облыстық фестивалінде «Баспасөз басылымының үздік дизайнері» номинациясымен марапат төрінен көрінген. Еңбегі әркез еленіп отырғандығы маманның білімі мен біліктілігіне де байланысты. Дүйім елдің ішкі дүниесінен сыр шертіп, бұқараның базынасын жеткізіп отырған басылымның қолға ұстағанда көркі болмаса, оқырманның назары да аумас еді. Бұл ретте дизайнер маманның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Соның айғағы ретінде 2018-19 жылдары Қазақстан Журналистер Одағының және облыс әкімі Қ.Көшербаевтың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бүгінде тарихы 20 жылдық уақыт бедерімен толысып отырған басылымның сүйіншілейтін хабары да жеткілікті. «Халық» газеті 2019 жыл қорытындысымен қала әкімінің «Жаңалық жаршысы» номинациясымен марапатталып, жыл үздігі атанды. Заманауи медианың әркелкіленген тұсында оқырманды уақыт шеңберінен тыс кеңістікке алып шығу да оңай шаруа емес. Телеарналар сандық хабар тарату режиміне көшіп, газет-журналдар жылдам хабар таратудың маңызды тетігін орайластырды. Журналистика гипермәтін мен интерактивті онлайн-медиа ақпараттық контентті пайдаланудың жаңа форматын қалыптастырды. Бұл ретте «Халық» газеті де оқырмандарының қажетті дүниесіне оңай әрі сапалы, жылдам қол жеткізуі үшін техникалық тұрғыдан кедергісіз өткелі бар жаңа сайтын осыдан он жыл бұрын-ақ іске қосқан болатын. Бұл ақпараттық кеңістіктегі өз орнының қалыптасуын сол кезде-ақ айқындағанын білдіреді. Ақпараттық тасқын технологиялық өріске айналғалы өзгерістер орын алуда. Жаңа медианы үдерістік жолмен дамытуда басылымның 20 жылдық атаулы датасы қарсаңында жаңадан жарқын жоба дүниеге келді. Ол – «Halyqline.kz» ақпарат агенттігі. Ақпарат алу, тарату адамның ой қорыту жүйесінен де жылдам деңгейде. Сәт санап бұқаралық ақпарат құралдарының адам өміріне араласуы артып келе жатқанын мойындайтын болсақ, «Халықтың» жаңа да жарқын жобасының оқырман көңілінен шығатынына сенім мол.
«Халықты» ақпараттық кеңістіктің құрдымына жібермей, жаңа тасқынға төтеп беріп келе жатқанына халық ықыласының септігі зор.
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!