Олжас СӘНДІБЕКҰЛЫ
Олжас Сәндібекұлы 1984 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққолқа елді мекенінде дүниеге келген. Х Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. «Уәде», «Беймаза шақ» жыр жинақтарының авторы. ҚР Жазушылар одағының мүшесі.
СЫР БАЛЛАДАЛАРЫ
Сырыңды аш маған, Сыр анам,
Сырыңды аш сенен сұранам.
Сапарлап кеткен ұлың ем,
Сақтаулы шығар сыбағам.
Бүк түсіп жатқан бел жайлы,
Бауырыңда өскен ер жайлы,
Толғасам деп ем сол жайды,
Толғасам деймін сен жайлы.
Сырыңды аш маған, Сыр анам,
Сырыңды аш сенен сұранам.
Бір Тәңір куә көктегі,
Не тағдыр сенде өтпеді.
Біреулер ерте бүрледі,
Біреудің күз боп көктемі.
Тағдыры ерте сынаған,
Жетім қыз қайда жылаған?
Бәріне өзің куәсің,
Сырыңды аш маған, Сыр анам.
Өзіңдей мен де тулайын,
Ұлың боп бекер тумайын.
Сырыңды аш маған, Сыр анам,
Мақамға салып жырлайын.
Өзіңдей мен де шерлімін,
Өзіңдей және кеңдігім.
Сырыңды аш маған, Сыр анам,
Сапарлап кеткен келді ұлың.
СЫРДАРИЯ
Мен сенен өзімді көрдім,
Өлең жаза алмай булыққан кезімді көрдім.
Үзік-үзік мағынасыз сөзімді көрдім,
Суый бастаған сезімді көрдім.
Мен сен болсам деп едім,
Сенің мен болғаның не?
Көктемде тасып сел болсам деп едім,
Сенің шөл болғаның не?
Екеуміздің мұнымыз не?
Ертеңгі күніміз не?
Сен ақпасаң,
Мен жазбасам,
Ағайынға құнымыз не?!
Тасыған асау арының қайда?
Баяғы сұлу қалыбың қайда?
Сапардағы ұлды ойласаң нетті,
Сағынып келгенде сағы сынбай ма?!
Ағысқа өрлеп оза алмай бір күн,
Қайырда қалған сазандай ұлмын.
Тағдырдан сен де қаша алмадың-ау,
Төгілтіп мен де жаза алмай жүрмін.
Жырақтан келіп жаныңа барғам,
Жай емес тағы, сағына барғам.
Бойымда тулап жүреді ылғи,
Бір тамшы суың қаныма тамған.
ҚЫЗЫЛОРДА
Нуым жоқ деме жұртта бар,
Тауым жоқ деме бұлт қонар.
Кие бар сенің қойныңда,
Сор топырағыңда құт та бар.
Қорқыттан сонау мақтаулы ең,
Көрмедім сені тақтан кем.
Сол топырақ қой киелі,
Сор топырақ боп жатқанмен.
Атақта Аймен жарастың,
Ғарышқа тура жол аштың.
Астана болдың сан мәрте,
Анасы болдың Алаштың.
Адырлы белде ажар бар,
Үп еткен желден саз аңғар.
Киелі жердің айшығы –
Ахуннан қалған мазарлар.
Өзіңде туып ер жетіп,
Жырларын селдей тасытқан
Тұрмағамбет, Базарлар.
Тайдырмас дұшпан қанша арбап,
Қонайын десе аңсар бақ.
Өзіңнен шыққан, сан тұлға,
Танылған көпке жер шарлап.
Жүз жыл бұрын төріңде
Арыстар жүрген алшаңдап.
Көз тіккен түгел Алашың,
Көнеден жеткен жаңасың.
Қойнауынан тарихтың,
Түлеген қайта қаласың.
Дарияға шомылған
Айлы түнгі арудай
Ажарланып барасың.
Көмілген шоқтай қоздаған,
Қобыздай болып боздаған.
Сырым бар менің өзіңдей,
Жырым бар әлі жазбаған.
Өзегі сенсің жырымның,
Биігі сенсің тұғырдың.
Маңдайды саған тірейтін,
Туған жер, сенің ұлыңмын.
Елемей бірі өтсе де,
Енесі қанша тепсе де,
Еті ауырмайтын құлынмын.
ӘКЕ ТӘРБИЕСІ
Қалада мынау еңсемді басып ауыр мұң,
Ерттеусіз мінген ессіз тірліктен жауырмын.
Еркелеп келіп өбетін желі бетімнен
Арайлап атар аңсадым таңын ауылдың.
Қайнатып қойып, қырғауыл деген құс етін,
Кеспе ғып турап, түстікте апам ішетін.
Көк аспан жерге түсердей болған ыстықта,
Әкемнің еккен әңгелектері пісетін.
Күбіге пісіп, айырып алған сары майдан,
Айранның дәмі кетпейді әлі таңдайдан.
Түс қайта келіп, көлеңкесіне теректің,
Жиналушы едік әңгелек жеуге сарғайған.
Ақкөңіл жанға, бір Алла нұрын құйсын тек,
«Бақшада бар ғой, піседі талай жейсің» деп.
Жартысын бөліп жұмсайтын әкем көрші үйге,
Елде бар дәмнен олар да ауыз тисін деп.
Ұға алмай мәнін, Әкеге үнсіз қараймыз,
Барлығымыз да бір тойып жеуді қалаймыз.
Бас-басымызға бір тілік жетсе мәз болып,
Таңдайға басып тәтті екен десіп тараймыз.
Жүргенде солай, жаз айы бітіп, күз келді,
Әңгелектерді тараттық елге біз де енді.
Кейіннен ұқтым, тәрбиелепті сонда әкем,
Жомарт қып әрі қанағатшыл ғып біздерді.
ЖЫРАУ
(Баллада)
Бұл дала кең жазықты, боз жыралы,
Қатпары сан тарихты сөз қылады.
Қорқыттан жеткен сонау қобыз сарын,
Тыңдасаң делебеңді қоздырады.
Бұл дала көп жусанды, бетегелі,
Қиялымды қияға жетеледі.
Сыр бойы Қорқыт жатқан, қобыз дауыс,
Ежелден жыраулардың мекені еді.
Әңгімені беріден қайырайын,
Арыны айтсам тарихқа кетер еді.
***
Жан еді шындығында ер дейтұғын,
Намысын найза ұшында бермейтұғын.
Тағдыры қапияда тұзақ құрып,
Тап болды жетімдікке шердейтұғын.
Өзі жас, өзегі аш жетімектің,
Ащы өксік көкірегін кернейтұғын.
Кедейліктің қамытын кимейін деп,
Мал бақты, егін екті көрмей тыным.
Тумысы арғы атадан жырау еді,
Жырласа таңнан таңға сермейтұғын.
Мұның да танауы кең, көмейі ашық
Бойында өнер бар-ды өлмейтұғын.
Алайда бойындағы ұлы өнерді
Өзге түкіл өзі де білмейтұғын.
***
Сыр бойы – бұл қазақтың кең даласы,
Қол жайып сұрағанға берді Алласы.
Бір кездегі елеусіз жетім ұлдың,
Болған кез есін жиып, ел ағасы.
Қорасы төрт түлікке түгел толып,
Атын мақтай бастады ел арасы.
Құдайдың бергеніне шүкірлік қып,
Отырар асып-таспай мейманасы.
Алыстан келгендерді мейман қылып,
Жегізбей жібермейтін қонақасы.
Жарының да төркіні – жырау елі,
Сөз төркінін осыдан шамалашы.
Бұл Құдай перзентке де зар қылған жоқ,
Он ауылға айналды он баласы.
Жыраулық бойындағы кейде маздап,
Салады сан мақамға ара-арасы.
Мал бағып, ат үстінде жырлағанда,
Тыңдайтын қызыл құмның сары даласы.
Ұлы өнер қанындағы жоғалсын ба?
Белгілі жырау болды бел баласы.
***
Үлгі боп ұрпағына өнегесі,
Керіліп кең жайылды керегесі.
Көсіліп нағыз жырау жырлағанда,
Қозбай қалмас тыңдарман делебесі.
Қисса, дастан, жыр, терме төкпелетер,
Дегендей тыңдарманға керегі осы.
Әрі ақын, әрі жырау болғаннан соң,
Жел сөзді аяп қалар неменесі.
Бір сынақтың соңынан сүйіншілеп,
Құдайым кейде қабат берді осы.
Уақыт құмдай көшіп бара жатқанмен,
Ат тұяғын тай басар деген осы.
Құрсақтан құлағына мақам сіңіп,
Бала жырау болды енді немересі.
***
Жас жырау сан мақаммен жырлайды дүр,
Қарт жырау басын шұлғып тыңдайды дүр,
Барады көз алдында дәурен көшіп,
Қай кезде болып еді тұрлаулы өмір.
Жел айдаған қаңбақтай бұл уақыт,
Ешқашан орнында тұрмайды бір.
Шырмады қарт жырауды түрлі сезім,
Еске алып өмірінің нұрлы кезін.
Жас жырау қасындағы нөсерлетіп,
Толғайды Тұрекеңнің үлгі сөзін.
«Отырма уайымсыз ажал барда»,
Дегенді үш тыңдады. Білді ме өзін.
Бір сәтке маңайына көз жүгіртті,
Дегендей қоштасатын келді кезім.
Бала жырау атанған немересін,
Тыңдап жатып қарт жырау жұмды көзін.
Мінді қарт келместің сол кемесіне,
100 жыл ғұмыр берді Алла пендесіне,
Ұлы өнер бойындағы тұншыққанмен,
Апарып көрге бірге жерлесін бе?
Ұшқыны ұрпағының отын жағып
Көз жетті шын өнердің өлмесіне.
СЕН МЕНІҢ ЖЫРЛАРЫМДЫ ОҚЫ
Сен менің жырымды оқыма,
Ырду да дырду тойларда.
Пенделік құшақ жайғанда,
Сезімнің сөзі сіңбейді,
Дүние сіңген ойларға.
Сен менің жырымды оқыма,
Соншалық қатты дауыстап,
Әлдекімдерге бағыштап.
Көбелек сезім жырларым,
Үркіп ұшады алыстап.
Сен менің жырларымды оқы,
Ғашық боп, сүйіп қалғанда,
Қол созған кезде арманға.
Тыныштық орнап бар маңға,
Өзіңмен-өзің қалғанда.
Сен менің жырларымды оқы,
Кезіңде бәрін түсінген,
Өзіңді жеңіп кішірген.
Сен менің жырларымды оқы,
Оңаша және ішіңнен.
***
Мұңын тыңдап мақпалдай қара түннің,
Кірпік ілмей тағы бір таң атырдым.
«Дәурен көшіп барады қарайламай»,
Осы әнге мен де ұзақ салатынмын.
Мезгіл өтіп барады,
Өкінбеймін,
Мазамды кетіргендей не күй деймін.
Өмір өтіп барады расында,
Арасында сенделтіп не түрлі ойдың.
Мақпал түн мұңлы әуенге тербетуде,
Күй кештік әлдеқандай мен де, түн де,
Тіршілік байқалғандай қар астында,
Бір шыбық гүлдегендей жер бетінде.
Қиялым қатар шарлап көк пен жерді.
Отырмын есіме алып өткендерді.
Мезгіл өтіп барады, өкінбеймін,
Үміт сыйлап тағы бір көктем келді.
***
Өлердей қорқам. Білмеймін неден,
Үреймен жүрем үнемі.
Құлатып биік, батырып терең,
Түсіме нелер кіреді.
Тереңге батып, биіктен құлап
Жүрсем де әлі тірімін.
Маза бермейтін мендегі сұрақ,
Бұл қорқыныштың пірі кім?
Барайын іздеп. Басына түнеп,
Қатемді болса кешірсін.
Қара ниеттер тастаған күрмеп,
Байлауы болса шешілсін.
Көтерген шыңға. Батырған және тереңге,
Жанымды қысып, сыйғызбай шексіз көлемге.
Түсіме кіріп, төбемде жүрген айналып,
Мен жазбай жүрген өлең бе?
Жазылмай жүрген өлең бе?
ЕЛЕҢДЕ, КӨҢІЛІМ…
Елеңде, көңілім, елеңде,
Байланбай тірлік көгенге.
Өлместей қылып жазуға,
Уәде бергем өлеңге.
Алаңда, көңілім, алаңда,
Бұл бес күн – сынақ саған да.
Алаңдамасқа шама жоқ,
Дүбірге толы заманда.
Арудың сүйген керімін,
Бірі едім мен де серінің.
Елеңдеп әлі қоясың,
Беу, менің дүлдүл көңілім.
Алаңда көңілім, алаңда,
Жыр жазу керек әмәнда.
Былғамай ағын парақтың,
Қиянат қылмай қаламға.
Елеңде, көңілім, елеңде,
Бір уәде берген едім өлеңге.
Көк те, жер де куә де,
Сол уәдем – уәде.
***
Бақыттың қадірі кетті,
Ақшаға сатылған бәрі.
Уақыттың қадірі кетті,
Ақырет жақындағалы.
Діннің де қадірі кетті,
Алаяқ Құдайды алдады.
Тәрбие тәлімің кетті,
Сөзде де шырай қалмады.
Ағаның қадірі кетті,
Інісі жағадан алып.
Баланың қадірі кетті,
Тумастан далада қалып.
Даламның қадірі кетті,
Бір кезде береке қонған.
Адамның қадірі кетті,
Құдайға халифа болған.
***
«Битке өкпелеп, отқа салма тоныңды»,
Қаншама арман жөргегінде көз ілген.
Ешкім сенің кесе алмайды жолыңды.
Жақсылық та, жамандық та – өзіңнен.
Бойыңдағы Рахым нұры сөнбесе,
Жүрегіңнен жарық шашқан әуелде.
Мейірімге мұқтаж болғың келмесе,
Мейірімді бол әлемге.
Қарау керек күллі әлемге күлімдеп,
Ақшамын да, арайлаған таңын сүй.
Сүйсін десең сені Құдай құлым деп,
Адамзаттың бәрін сүй.
Жақсылықтан үмітіңді үзбе сен,
Өзге ештеңе көздеме.
Мына өмірден шын бақытты іздесең,
Бақыт сыйла өзгеге.
Жабыққанның жан жарасын сен емде,
Жаны жүдеу жұрт аз ба?!
Маңайыңнан қолдау күтсең егер де,
Қолыңды соз мұқтажға.
Ешкім сенің кесе алмайды жолыңды,
Қарау керек ақылмен һәм төзіммен.
«Битке өкпелеп, отқа салма тоныңды»,
Жақсылық та, жамандық та – өзіңнен.
ЖОҒАЛҒАН АУЫЛ
Дейді жұрт, «ауылыңа барасың ба»?
Жыңғыл,
шеңгел,
сексеуіл арасында
шағын ғана бір ауыл болған еді,
Жайылған дарияның жағасында.
Ел көшті,
еңсе түсті,
жоғалды ауыл,
Ауыл жайлы сөз бастау маған да ауыр.
Аралап сай-саласын,
сағым-белін,
Өткен жер ең бақытты шағым менің.
Бұл күнде дария жоқ, ауыл да жоқ,
Қалғаны қыр басында қалаң қорым.
Ел көшкенде көшпеген,
Жатыр әлі,
Жатысы жанды мұңға батырады.
Бізге басып жүруге бұйырмаған,
Сендерге жайлы болсын топырағы.
Сырласуға жан таппай, мұңдасуға,
Сансыз ойлар сенделіп бір басымда.
Желмен бірге күбірлеп жалғыз өзім,
Құран оқып отырмын қыр басында.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!