Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәуір бедерін бейнелеген арна

07.05.2026, 7:40 32

Сыр өңірінің ақпарат кеңістігінде уақытпен бірге тыныстап, елмен бірге есейген, экран арқылы талай тағдырды сөйлеткен қара шаңырақ  бар. Ол – QYZYLORDA телеарнасы. Бұл  арнаның  35 жылдық белесі – тұтас өңірлік журналистиканың жүріп өткен жолын, қоғамның өзгерген қалпын, көрермен талғамының өскен биігін аңғартатын айтулы кезең.Телеарна туралы сөз қозғағанда, әдетте, алғашқы эфир, алғашқы диктор, алғашқы студия, алғашқы хабар деген деректер айтылады. Мұның бәрі қажет. Бірақ арнаның шынайы болмысы тек сол деректермен өлшенбейді. Оның шынайы салмағы халық жадында қалған бейнелерден, ел есінде жүрген дауыстардан, уақытында айтылған сөзден, экран арқылы шешімін тапқан мәселелерден, ауылдағы қарапайым адамның еңбегін көпшілікке жеткізген кадрлардан көрінеді. QYZYLORDA  телеарнасының  35  жылдық тарихы – осының  бәрін ішіне  сыйдырған  кең  шежіре.

1991 жылдың 30 сәуірі. Кешкі сағат 21:15. Қызылорда облыстық телеарнасы дәл осы уақытта алғаш рет эфирге шықты. Алғашқы хабар небәрі 30 минутқа созылған. Бүгінгі өлшеммен қарағанда бұл өте қысқа уақыт көрінуі мүмкін. Бірақ сол кезең үшін жарты сағаттық жергілікті эфирдің өзі Сыр жұртшылығы үшін үлкен жаңалық еді. Өйткені сол күннен бастап Қызылорда өз жаңалығын өз экранынан көре бастады. Бір күннен кейін, 1 мамырда, қала орталығындағы мерекелік шеруден 45 минуттық тікелей репортаж ұсыныл­ды. Жаңа ғана ашылған телеарна үшін бұл үлкен тәуекел, үлкен жауапкершілік  болатын.

Сол алғашқы эфирдің артында бүгінгі көрермен елестете бермейтін еңбек тұрды. Жылтырап тұрған дайын студия, мол техника, қалыптасқан телевизиялық мектеп болған жоқ. Сыр өңірінде жергілікті телеарна ашу туралы мәселе 1989 жылдан бастап көтеріле бастаған. Кейін шығармашылық және техни­калық топ жасақталып, алғашқы құрал-жабдықтар әкелініп, мамандар жаңа саланың тілін меңгеруге кірісті. El.kz жариялаған деректерде алғашқы техникалық жабдықтардың бірі «Останкино» телеорталығынан әкелінген «Кадр» 3 ПМ маркалы магнитофон болғаны, кейін Ленинградтан жылжымалы телевизиялық станция жеткізілгені айтылады. Сол кезеңдегі жалғыз Panasonic MS-1 маркалы камерамен барлық жаңалықты түсіруге тырысқан оператор Айтбай Оспановтың еңбегі де арна тарихының  алғашқы  бетінде  тұр.

Осындай деректерді оқығанда, телеарнаның тарихы тек шығарма­шылық тарих емес, төзім тарихы екенін түсінесің. Қазір бір сюжет түсіру үшін камера да, телефон да, монтаж бағдарламасы да, интернет те қолда тұр. Ал ол кезде бір кадрды эфирге шығару үшін техни­камен де, уақытпен де, тәжірибе тапшылығымен де күресу керек еді. Бірақ сол қиындықтың бәрі жаңа істің қуанышын баса алмады. Керісінше, алғашқы буынның бо­йындағы құлшыныс арнаның қазіргі беталысын қалыптастырды. Қызыл­ордалық телевизияның бойында содан бері сақталып келе жатқан бір қасиет  бар. Ол – оқиғаның сыртында емес, ішінде жүру.

Арнаның алғашқы жылдарында Жақсылық Бекқожаев, Айткүл Шалғынбаева, Баян Исламбае­ва, Хұсейін Әмір Темір, Болат Әлжанов, Айтбай Оспанов және басқа да мамандар жаңа саланың іргетасын қалады. Олар Сыр өңірінде бұрын болмаған экран мәдение­тін қалыптастыруға атсалысты. 1991 жылдың наурызынан бастап көр­кемдік-шығармашылық топ құрылып, бас режиссер, редактор, дыбыс режиссері, диктор, оператор, суретші, әкімшілік қызметкерлер қабылданды. Тәжірибе аз болды, бірақ талап жоғары еді. Мамандар Мәскеу мен «Останкиноға» тәжірибе алмасуға барып, көрген-білгенін елге әкеліп, әріптестеріне үйретті. Алғашқы дикторлардың тағдыры да – арна тарихының бөлек бір әдемі тарауы. 35 жыл бұрын экранға шыққан бейнелер бүгінгі көрермен үшін архивтік кадр ғана болуы мүмкін. Бірақ сол кезде олар облыс халқына жаңа дәуірдің үнін жеткізген адамдар еді. Арнаның ресми сайтында алғашқы дикторлардың бірі Асылбек Жамансариевтің еңбек жолы туралы дерек берілген. Ол Алматыдағы Театр және көркемсурет институтын бітірген, кейін мәдениет саласында еңбек еткен. Облыс орталығына жұмыс сапарымен келген кезінде кастингке қатысып, екі кезеңнен сүрінбей өтіп, диктор болып қабылданған. Бұл оқиғаның өзінде телевизияға тән бір тылсым  бар. Кейде экран  адамды өзі  таңдайтын  сияқты.

Qyzylorda телеарнасының бір ерекшелігі – ол өңірлік арна бола тұра, тар шеңберде қалып қойған жоқ. Оның эфирінен ауылдың шаңы да, қаланың қарқыны да, Сыр бойының өнері де, Аралдың мұңы да, ел ішіндегі қуаныш пен уайым да қатар көрінді. Бір күндері экранда еңбек адамдары сөйлесе, енді бір күні мәдениет майталмандары, ұстаздар, дәрігерлер, шаруалар, спортшылар, жас таланттар көрінді. Арна халық­тың алдынан биік мінбер болып шықпады. Ол көбіне сол халықтың орта­сына  барып, сол жерден сөйледі.

Осы тұста телеарнаның бұрынғы басшылары мен ардагерлері айт­қан ойлар ерекше мәнге ие. «Сыр бойы» газетіне берген сұхбатында «Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры болған Жағыппар Қарабала алғашқы кезеңде арнаның облыстардағы ең жас телеарналардың бірі болғанын жеткізеді. Оның айтуынша, Сыр елінде телеарна ашуға ынта болғаны­мен, дайын типтік студия болмаған. Бірақ ел көштен қалмауы керек деген ұстаным басым түскен. Алғашқы жарты сағаттық хабардың сәтті шығуы, ертеңі­не 45 минуттық тікелей репортаж жасалуы телеарна үшін үлкен бастама болған. Ол телевизияны бір адамның емес, тұтас ұжымның еңбегі деп бағалайды. Расында, телеарнадағы дайын хабарды көрермен экраннан бір ғана жүргізуші арқылы қабылдауы мүмкін. Бірақ сол хабардың артында редактор, тілші, опера­тор, режиссер, монтажер, дыбыс маманы, жарық қоюшы, инженер, продюсер, жүргізуші, әкімшілік қыз­мет­кер тұрады. Бір кадрдың дұрыс түсуі, бір сөйлемнің дәл айтылуы, бір дыбыстың таза естілуі – бәрі ортақ еңбектің нәтижесі. Телевизияның көрінбейтін  бейнеті  осында.

Арнаның 35 жылдық жолына қара­ғанда, оның тек ақпарат таратушы құрал емес, қоғамдық ойға ықпал еткен алаң болғанын да көреміз. Танымал журналист Айт­күл Шалғынбаева ұзақ жылдар бойы тікелей эфирде аналитикалық хабар жүргізіп, өңір үшін маңызды мәсе­лелерді көтерген. Сол кезеңде Аралдың экологиялық ахуалына байланысты әлеуметтік қосымшалар мәселесі де эфирде талқыланған. Қоғамдық мәні бар тақырыпты экранға шығару арқылы телеарна тек ақпарат беріп қойған жоқ, мәселенің қоғамдық салмағын арттырды. Мұндай мысалдар өңірлік теле­визияның күшін көрсетеді. Кейде үлкен мәселенің дауысы ауданнан, ауылдан, жергілікті телеарнадан шығады. Өйткені өңірлік журналис­тика  халықтың күнделікті тіршілігіне  жақын.

Мерейтой қарсаңында арна «Көрерменмен көзайым – 35 жыл!» атты үш сағаттық үзіліссіз телемара­фон ұсынды. Телемарафонда арнаның тарихы, өткені мен бүгіні, даму кезеңі, жетістіктері сөз болды. Теле­арнамен тағдырлас азаматтармен, тұрақты көрермендермен, шетелде қызмет істеп жүрген әріптестермен сұхбат ұйымдастырылып, құттықтаулар мен лебіздер айтылды. Телеарна өз көрерменімен қайта қауышады. Күнделікті жаңалықтың қарбаласында айтылмай қалатын алғыс, естелік, сағыныш, өкініш, мақтаныш осы кезде ортаға шығады. Экранда бір кездері жүрген адамдар қайта сөйлейді. Көрермен бұрын көрген дауысты, таныс жүзді, ескі кадрды  көріп, өзінің де сол тарихтың  ішінде  жүргенін  сезеді.

Телемарафоннан бөлек, Достық үйінде аймақ басшысы мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен мерекелік іс-шара өтті. Оған Қазақстан телерадио корпорациясының әр өңірдегі филиал басшылары келіп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, арнаның ардагер қызметкерлеріне марапат  берілді.

Телеарнаның 35 жылдығына орай, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әріптестерді мерейтоймен құттықтап,  лебізін  білдірді.

– Аймағымыздың жетекші арнасы ел өміріндегі саяси маңызды оқиғалар туралы ақпаратты жылдам тара­тып, жағымды жаңалықтардың хабар­шысы болуда. Телеарна эфирге шыққан 35 жыл ішінде халық шығармашылығын дамыту мен жергілікті музыкалық  контентті  қалыптас­ты­руға айрықша басымдық берді, — деді аймақ  басшысы  өз  құттық­тауында.

Бүгінде Qyzylorda телеарнасы цифрлық форматта тәулігіне 15 сағат хабар таратады. Екі тілдегі жаңалықтар тікелей эфирде тәулігіне 8 мәрте жарыққа шығады. 35-тен астам хабар дайындалады. Бұл туралы телеарнаның ресми сайтында жарияланған мерейтойлық мақалада айтылды. Онда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «Қазақстан» Рес­публикалық телерадио кешенінің бас редакторы Болат Мүрсәлімнің арнаға арнайы келіп, жергілікті медиаорталықтың жұмысымен танысқаны  да  жазылған.

–       Сыр елінің басты арнасы – Qyzylorda телеарнасының ақпарат тарата бастаған күні. Осы жылдар ішінде шығармашылық ұжым  ұлкен белестерден өтті, үлкен кезеңдерді басынан кешірді. Қазіргі уақытта өз шығармашылық жағынан толысқан, аймақтың басты арнасына айналды. «Қазақстан» телерадио корпорация­сының осы өңірдегі филиалы бүгінде шығармашылық, сондай-ақ, техникалық жабдықтандыру жағынан болсын озық арналардың бірі болып тұр. Мықты мамандар жұмыс істеу­де. Респуб­ликаға танымал бірнеше бағдарламасы бар, оның ішінде «Құдайы қонақ» бағдарламасы көрер­мен көзайымына айналуда. Тағы бір атап айтарлығы, бұл арнаның жоғар­ғы сападағы контент дайындау шебер­лігі де бүгінде басқа филиалдарға үлгі боларлықтай деңгейге жетті, — деді «Қазақстан» телерадио корпорациясы Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлбаршын Құламбаева.

35 жыл ішінде дәуір ауысты. Экранның түсі өзгерді. Камера жеңілдеді. Монтаж жылдамдады. Эфирдің форматы жаңарды. Көрер­меннің көзі үйренген бейне тілі де басқа арнаға түсті. Бірақ бір нәрсе өзгер­меді. Ол – ел өз өмірін экраннан көргісі келеді. Адам өзінің көше­сін, ауылын, мектебін, еңбегін, қуаны­шын, мұңын, жеңісін, мәселесін көргісі келеді. Өңірлік телеарна осы қажеттілікке жауап бергенде ғана тірі организм  сияқты  тыныстайды.

Дәуір  бедерін бейнелеген арна деген атаудың мәні де осында. Өйткені бұл телеарна уақытты сырттай бақылаған жоқ. Ол уақыттың ішінен сөйледі. Елмен бірге қуанды, елмен бірге алаңдады, елмен бірге өсті. Енді сол сенімнің жібі үзілмей, Сырдың сөзі, Сырдың үні, Сырдың шежіресі экраннан әлі талай жыл жарқырай  берсін.

Перизат ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: