Тарғыл таудағы тарихы тереңнен сыр шертетін тасқа түсірілген таңбаның құпиясы әлі көп секілді. Ол жазу Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк тас романдарындағы таңбадан айнымайды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бұл жер бетіне шығып жатқан тастың ұшы ғана. Әйтпесе, тастың жер астындағы бөлігінде басқа да жазулар болуы мүмкін». Мұны inbusiness.kz тілшісіне жазушы Нұрлыбек Саматұлы айтып берді.
– Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әзірбек Ілиясбекұлы маған «Қарақұм» экспедициясы деректері бойынша жазған осы өңірдегі көне қоныстар мен тарихи жер-суға байланысты мақаласын жолдаған еді. Сол мақалаға қоса бірнеше фото жіберіпті. Соның ішінде бетіне әлдебір таңба салынған тасқа назарым ауды. Анықтап қарасам, Күлтегін ескерткіш тасындағы жазуға ұқсас 4 таңба тұр. Оңнан солға қарай оқығанда алғашқы екі таңба анық емес, соңғы мынадай 𐰼𐰃 екі таңба көзіме оттай басылды. Осыдан соң-ақ алдыңғы екі таңбаның не таңба екенін ұға қойдым. Демек ол – 𐱅𐰭 таңбалары. Шынында да анықтап қарағанда осы екі таңбаның сұлбасы байқалады. Бәрін қосып оқығанда – 𐱅𐰭𐰼𐰃 болады. Бұл – Теңірі (Теңр – болып жазылады) деген сөз. Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк тас романдарында да дәл осылай жазылған, – дейді ол.
Жазушының сөзінше, музей қызметкері бұл тасты 2023 жылы тапқан. Десе де, тас бетіндегі таңбаның не таңба екенін түсінбей, содан соң «білетін адамдар табылып қалар» деген оймен фотоға түсіріп алған.
«Ол тас әлі де таудың басында дейді. Тұтас тастың жер бетіне шығып жатқан ұшы ғана екен. Тастың жер астындағы бөлігінде басқа да жазулар болуы мүмкін» дейді Нұрлыбек Саматұлы.
– Қайран қаларлық жағдай. Сонау Моңғолияның Орхон өзені мен шалғайдағы Сырдарияға дейінгі (одан да әрі болуы мүмкін) ұланғайыр аумақта өмір сүрген түркі бабаларымыз Тәңірі (Теңірі) сөзін жердің арадағы осыншалық алшақтығына қарамастан еш қатесіз жазуды біліпті. Бұл – көне түркі жазуы түркілір арасында әбден қалыптасқанының, жазуды білетін кісілердің соншалақ сауаттылығының дәлелі.
Сонан соң Әзірбекке хабарласып, бұл тас қай жерде тұрғанын сұрап, білдім. «Тарғыл таудың ұшар басында», – деді. Тарғыл тауы аудан орталығы – Жосалының (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) солтүстік бағытында, шамамен жүз шақырым жерде. Аудан аумағының ең биік жері. Энциклопедияда 160 метр деп жазылған, – деп сөзін жалғайды ол.
Жазушы Нұрлыбек Саматұлы Тарғыл тауы туралы тағы бір деректі еске түсіреді. Ол Қорқыт бабамыздың «Тарғыл тана» күйіне байланысты болса керек. Енді ел аузындағы мынадай бір аңызға кезек берсек.
– Қорқыт желмаясымен ел аралап келе жатса, бір тарғыл тана елге ұстатпай қашып жүр екен. Қашан да жұрттың қамын қамдайтын ұлы бақшы (қазір бақсы деп қата айтып жүрміз) желмаясын тебініп, қуа жөнеліпті дейді. Тарғыл тана желмаяға да жеткізбеген көрінеді. Бір жерлерге келгенде ғана тананың өкпесі өшіп құлап, тасқа айналыпты, мынау Тарғыл тау сол тасқа айналған тана екен дейді ел. «Сол жерде Қорқыт «Тарғыл тана» күйін тартты» дейді ел аузындағы аңыз.
Негізі, «Қорқыт мәңгілік өмірді іздепті, ажалдан қашып дүниенің төрт бұрышын түгел шарлапты, бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқандар кездеседі екен, бұл кімнің көрі десе, «бұл Қорқыттың көрі» дейді екен, сонан соң Қорқыт дарияның бетіне кілем жайып, сол жерде қобызын тартып отыратын болыпты» деп келетін ғажайып әңгімелердің барлығы – ел-жұрттың ой-қиялынан құпиясы жасырылып айтылған көркем туындылар. Мұның барлығы Қорқыттың басынан өткен өмірі екен деуге болмайды. Мысалы, «Қайда барса да, алдынан көр қазғандар кездеседі» дегені Қорқыт қабылдамаған ислам дінінің алды-артын орап, жайылып бара жатқанын білдіреді. Ал ағын су – мәңгілік өмір нышаны.
Бір анығы, Қорқыттың осы Тарғыл тауда болғаны. Мүмкін сол жерлерді жайлаған да шығар. Айтайын дегенім, таудың басына оңашаны сүйетін бақшы болмаса, былайғы ел шыға бермейтіні анық. Демек анау 𐱅𐰭𐰼𐰃 деген жазуды Қорқыттың өзі жазуы мүмкін-ау. Өйткені, Қорқыт сияқты ұлы абыз, ұлы бақшы болмаса, жұрттың бәрі қазіргідей жазуды білмейді ғой. Тастың бетінде қалған таңбадан осындай қиялға сенгің де келеді.., – дейді жазушы Нұрлыбек Саматұлы.
Қорыта айтқанда, бұл Тарғыл тау әлі де зерттеуді қажет етеді. Ал Қорқыт бабамызға қатысты әңгімеде аңыз бен ақиқат астасып жатқан сияқты. Қалай десек те, күллі түркі әлеміне ортақ тұлғаға қатысты құнды жәдігер табылды деуге негіз бар.
Фото: Әзірбек Ілиясбекұлы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!