Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысы Қытаймен әріптестікті жаңа деңгейге көтеруде

04.05.2026, 10:15 57

Мемлекет басшысының инвестиция тарту, өндірісті дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысы шетелдік әріптестермен өзара тиімді байланыстарды жүйелі түрде нығайтып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – облыс әкімінің орынбасары Асылбек Зебешев бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары болды.

27–29 сәуір аралығында өткен іссапар аясында делегация Бейжің, Далянь және Чанчунь қалаларында бірқатар жоғары деңгейдегі кездесу өткізіп, стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларды талқылады. Кездесулердің басты өзегі – өндіріс, ауыл шаруашылығы, су үнемдеу, машина жасау және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы өзара ықпалдастықты кеңейту болды.

Далянь қаласында қала әкімінің орынбасары Чжао Дунмен өткен кездесуде агроөнеркәсіп кешені мен су ресурстары саласындағы әріптестік мәселелері қаралды. Тараптар ауыл шаруашылығын жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу және ирригациялық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы ынтымақтастыққа басымдық берді. Атап айтқанда, «Юлин» компаниясымен Қызылорда облысында заманауи суару технологияларын енгізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл бастама су ресурстарын тиімді пайдалануға, аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға және шаруашылықтардың мүмкіндігін кеңейтуге жол ашпақ.

Чанчунь қаласында Цзилинь провинциясының басшылығымен өткен кездесуде машина жасау және теміржол индустриясындағы бірлескен жобалар сөз болды. Соның ішінде «Марал-Нұр» ЖШС негізінде вагон жасау зауытын қытайлық серіктестермен бірлесіп іске асыру мәселесі қарастырылды. Бұл жоба өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға, технология трансферін қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Бейжің қаласында өткен келіссөздер де мазмұнды болды. «TICA» компаниясымен желдету және ауаны баптау қондырғыларын өндіру жобасы талқыланып, жергілікті «Тау Групп» компаниясымен меморандумға қол қойылды. Жобаның алғашқы кезеңін 2026 жылы іске асыру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің өнеркәсіптік базасын кеңейтіп, жаңа технологиялық өндірістерді жолға қоюға серпін береді.

Сонымен қатар «HongDa» компаниясымен Жаңақорған ауданында қорғасын-мырыш кен байыту фабрикасын салу жобасы пысықталды. Құны 120 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл ірі жоба бойынша ынтымақтастықты тереңдету мәселесі талқыланды. Ал құрылыс жұмыстары 2027–2028 жылдары жүзеге асырылады деп күтілуде. Жоба іске қосылған жағдайда ауданның өндірістік әлеуеті артып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Іссапар аясында «XINDA TRANSFORMER CO., LTD» компаниясымен де маңызды келіссөздер жүргізілді. Кездесу барысында трансформаторлар өндіру және индустриялық парк құру жобасы қаралды. Бұл бастама аясында бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорын ашу көзделіп отыр. Мұндай жобалар өңір экономикасын әртараптандырып қана қоймай, Қызылорда облысының өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы саласында да жаңа бағыттар ұсынылды. Қытайлық “Yunguan Xinjia Supply Chain Management” компаниясымен техникалық қарасора өсіру және оны терең өңдеу арқылы фармацевтикалық өнім шығару жобасы талқыланды. Бұл бастама ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, жаңа өндірістік бағыттарды дамытуға және инновациялық тәсілдерді енгізуге жол ашуы мүмкін.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бірқатар қытайлық компаниялармен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру Қызылорда облысына инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың құрылымын әртараптандыруға оң ықпал етеді.

Жалпы, Қытай Халық Республикасымен дамып келе жатқан стратегиялық әріптестік Қызылорда облысының өндірістік мүмкіндігін кеңейтіп, инвестициялық белсенділікті арттыруға және өңір экономикасын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығаруға негіз болып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: