Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күл астындағы шындық

13.05.2026, 7:00 60

***

Ғалымжан қамақта. Тергеу жалғасып жатыр. Бірақ басты мәселе – Даниярдың денесі табылған жоқ, ал пештен шыққан саусақ қана нақты айғақ. Бұл жеткіліксіз. Абылай пеш ішінен алынған саусақ пен Ғалым­жанның үйінің пешінен қырып алынған күйік қалдықтарын сараптамаға жіберіп қойған еді. Бір апта өткенде сараптама қорытындысы келді. Басты жаңалық – Ғалымжанның пешінен алынған қалдық адамға тиесілі. Бірақ ол Даниярға тиесілі қалдықтар емес. Адам шамамен екі күн жоғары температурада жанған. Сол себепті адам толықтай өртеніп кеткен. Даниярдың саусағы мен белгісіз адамның ДНК-сы басқа. Абылай сараптама қорытындысын оқып отырып, таңғалып, іс бойынша сұрақтарды  ойша  тізе  бастады.

1. Бұл қылмыста нақты қанша адам  өлген?

2. Саусақ Даниярға тиесілі болса, мәйіт  қайда?

3. Өртеніп кеткен белгісіз адам кім?

4. Ғалымжан  не  жасырды?

5. 56 240.19 саны нені білдіреді?

Сұрақтар өте көп болғанымен, жауап мүлде жоқ. «Ауыл тұрғын­дары бір-біріне ренжісе болды саусақ кесіп, пешке өртей сала ма? Тәрбие, әдеп, иман қайда адамдарда? Тек қылмысын жасыру үшін осындай әрекетке  бара ма?» деп Абылай қатты  ойға  кетті.

Техникалық сарапшылар Да­нияр­дың ұялы телефонынан өші­рілген фотоларды қайта орнына келтіріпті. Ол диірмен маңында түсірілген екен. Фото бұлдыр болғанымен, адам жоқ. Құдды бір абай­сызда  түсі­рілген фото секілді. Тек онда үш адамның кө­леңкесі көріне­ді… Бірі – бойы аласа, бірі – орта­ша, үшіншісі – биіктеу. Бұл  үш көлеңкенің біреуі Данияр­дікі, біреуі Ғалымжан болар. Ал үшіншісі – белгісіз адам. Абылай бұл суретті үлкейтіп, кәсіби фототехникалық сарапшыларға берді. Олар көлеңкелердің ұзындығы мен орна­ласуына қарап келесі тұжырымға келді: «Фото диірменге жақын маңда, шамамен таңғы 6:00-де түсірілген. Сол  жақтан бастап санағанда бірінші көлеңке иесі – бойы 167 см, екіншісі – 175-180 см, үшінші көлеңке иесі – бойы 185 сантиметр­ден жоғары, денелі адам».

Демек, үшінші адам – бұл Ғалым­жанның пешінде өлген адам. Абылай ауыл маңындағы ірі денелі ер адамдар тізімін қарап шықты. Солардың ішінде күдік тудыратын бір ғана адам болды, ол – Қанат Жүнісов, бұрынғы учаскелік полиция өкілі, қазір жеке мал шаруашылығымен айналысады. Бұл кездейсоқтық па? Дереу Ғалымжан жайлы сұрау салдырғаны сол еді, учаскелік полиция қызметкерінен Қанаттың туысқандары із-түссіз кету дерегі бойынша арыз жазып жатқанын хабарлады. Енді түсінікті болды, фотодағы үшінші адам осы болды ғой. Нақтылау үшін ДНК сараптамасына Ғалым­жанның пешінен табылған күйік пен Қанаттың жеке заттары берілді. Шама­мен 15 күн ішінде жауабы келді. Күмән сейілді. Белгісіз өртеніп кеткен адам қалдығы Қанатқа тиесілі болып шықты. Туысқандарына адам денесін емес, тек 2-3 келі болатын күлді беру үйреншікті жағдай емес. Қанаттың туыстары да бұны алғаш естігенде түрлері бозарып, есеңгірегендей  халде  болды.

Мәселенің бірі шешілді. Белгі­сіз мәйіт Қанатқа тиесілі. Алайда Ғалымжан бұл бойынша өз кінәсін мүлде мойындамай отыр. Не сөйлес­пейді, не жауап бермейді. Келесі мәселе – Данияр қайда? Мүмкін оны да Ғалымжан өлтірген шығар. Адамды өртегеннен не сұрайсың, адам өлтіру шыбын өлтіргенмен тең ғой бұған. Сөйтіп ойланып отырғанда түн ортасы болғанын да байқамай қалыпты,  асығыс  үйіне  қайтты.

Алдынан жұбайы Айша күтіп алды. Ол қалалық ауруханада дәрігер болып  қызмет  атқаратын.

– Айша, амансыңдар ма? Балалар не істеп жатыр?

– Аманбыз, Медғат пен Қасым демалып жатыр. Ал Еркеназ әкем келген соң жатамын деп сені күтіп отыр.

Бұл сөзден кейін жүрегі елжіреген Абылай ортаңғы бөлмеде күтіп отыр­ған  қызына  барып:

– Күнім-ау! Ұйықтамадың ба, менің  кеш  келетінімді  білесің  ғой. 

– Әке, мен тоғызыншы сыныпты бітірейін деп жатырмын ғой. Соңғы қоңырауға өзіңнің келгеніңді қалаймын. Келесің  бе?

Бұл сөзден кейін әке жүрегінің соғысы жиіледі. «Әрине, қызым» дей беріп еді, ол қуана құшақтады да, бөлмесіне  қарай  кетті.

Тамақтанып болған соң сәл миды тынықтыру үшін Абылай диванға жайғасып, теледидар қосып, бірер минуттан соң ұйықтап кетіпті. Бір кезде Айшаның «Демалсаңшы» деген сөзінен оянып кетті. Теледидарды өшіріп, жатын бөлмеге бармақ еді, теледидар экранынан жүгіртпе жол көрінді. Бір сандар берілуде. Үңіліп қараса: «платина – 32.324,00, алюминий – 12 363,25, никель – 75016,9, паллади – 5056,50, цинк – 10645,13, алтын – 56 240,19». Мұны көрген сәтте Абылай санасында найзағай ойнағандай болды. «Өңім бе, түсім бе?!». Енді тапжылмастан қайта-қайта жаңалықтардың астындағы  жарнаманы қарауға көшті. «Иә, шынымен 56 240.19. Шынымен 56 240.19. Бұл сонда алтынның бағасы болғаны ма? Даниярдың үйінде табылған қағазда алтынның бағасы жазылған ба? Енді мұны көре салысымен менде ұйқы қайдан болсын».

Абылай ой үстінде, таң атқанша көз ілмеді. Ертеңіне сағат 08:30-да жұмысқа келісімен Абылай керекті қағаздарын реттеп, қамақта отыр­ған Ғалымжанға кіруді жөн көрді. Уақытша ұстау абақтысы болғанымен, бұл жер талай адамды ойы­нан айнытқан болатын. Темір тор, тамақ мезгілімен, бас бостандығың өз еркіңде емес, тек төрт қабырға… Әрине, ойландырады.

…Ғалымжанды полиция қызметкері  алып  келді.

– Иә, Ғалымжан, жайғас, бері отыр. Сенің менімен сөйлескің келмейтінін білемін, бірақ саған бір қызық оқиға айтайын ба? Тыңдағың келе ме… Мен алтын жайлы білемін…

Ол әдейі орнынан тұрып, шығуға беттеді. Ғалымжанның түрі бұзылып кетті.

Абылай мұны сезіп, артына қарамастан кете берді. Бірақ Ғалымжанның алтын деген кезінде көзінің жанары үлкейіп, сасқалақтап қалғанын, психологиялық шабуылдың сәтті болғанын сезді. Мұндай психологиялық әдіс-тәсіл өте көп. Тек нақты қолдану уақытын білу керек және де бұл полиция академиясында арнайы  сабақ  ретінде  өтіледі.

Ендігі мәселе алтын жайы боп тұр. Алтынның бағасы неге Данияр­дың үйінен табылды? Бұл жерде алтын үшін Қанатты өртеп жіберген секілді. Ал Ғалымжан мен Данияр алтын үшін төбелесіп, соңғысын осы себепті өлтіріп, саусағын кесіп алды ма? Алтын қылмыс жолымен келген болуы мүмкін. Бұл тек болжам ғана. Нақты  дәлел  жоқ.

Полиция бөлімінен ұрланған алтын жөнінде деректерді іздеп көрді. Алайда соңғы уақытта ешқандай алтынмен байланысты қылмыс болмаған. Демек, алтынның бағасын қағазға жазса, бұл үлкен көлемде болу керек. Егер алтын алқа, сырға болса, оны ломбардқа-ақ өткізе салар еді. Түсінікті, бұлар алтын тауып алған болуы керек. Ауылдың аты да «Қазына»  деп  босқа  аталмаса керек.

Абылай мұрағатқа барып, ауыл жайлы дереккөздерді қарай бастады. Бір жазбадағы ауыл маңына кәмпес­ке-аштық кезінде бір бай бір сандық алтынын тығып кеткен деген дерекке көзі түсті. Бірақ бұл – сенімсіз дерек. Аңыз ба, шындық па, белгісіз. Алайда бұны да ойдан шығармау керек. Не болса да Даниярдың теле­фонынан табылған суреттің абайсызда түсіріліп, одан соң өшірілгені тегін­нен-тегін емес. Сол жерге барып  қайта  тексеру  керек.

Ол көздеген жеріне шамамен 30-40 минут ішінде жетті. Диірмен – сол баяғы диірмен. Ішіне кіргенде, төбесі құлап кететіндей кейіпте. Қабырға­лары  әзер тұр. Аяқ асты толған қо­қыс, қабырғаларда неше түрлі жазу: «89 алға», «Жанар сені жақсы көрем», «Здесь был Антош», т.б. Диірменнің түкпіріне қарай кіргенде үлкен домалақ қақпақтай тас тұр. Қалыңдығы бір елідей, сірә, ұн тартатын диірмен тасы жұқарған түрі болуы керек. Тас қатты соққыдан екі бөлініп, орнынан ығысқан. Астында үлкен қуыс тұр. Іші  бос. Басқа  ештене  жоқ.

Диірмен жайлы сұрау үшін Абылай ауыл қариясы Оразбай ақсақалдың  үйіне  қайтадан  барды.

— Ассалаумағалайкүм, ақсақал! Қалай­сыз… Амансыз  ба?

— Уағалайкүмассалам, балам! Шүкір! Аман-есенбіз. Не сұрағың бар еді, сен әншейін келмеген боларсың?

Абылай  мырс  етіп  күліп:

— Ақсақал, осы ауылдағы диірмен жайлы сұрайын деп едім. Ол қай жылдардан бері тұр, кім тұрғызды, кімдер  жұмыс  істеді?

— Е-е-е, бұл диірменнің тұрғанына нақты қанша жыл болғанын білмеймін. Мен бала кезімнен білемін. Менің өзім 78-демін. Ол оның алдында бар. Патша заманынан қалса керек, бұл совет одағының кезінде жұмыс істеп тұрды да, 1990 жылдан бері қарай жұмыс істемей қалған. Ішінде жұмыс істеген адамдар қазір бұл дүние­де  жоқ.

Күрсіне сөйледі ақсақал.

— Осы диірмен жайлы қандай да бір  әңгімелер  естіп  пе  едіңіз?

— Бала кезімде әжемнен еститінмін, сонау аласапыран заманында бір бай келіп, диірменшіге бір қап ұнға бір сандық алтынды айырбастап кетіпті дегенді. Бірақ диірменші бір сандық алтынды алғанымен, көп ұзамай қайтыс болыпты. Ауыл тұр­ғындары диірменшінің үйіне кіріп, алтынды іздегенімен, ештеңе таппа­ған. Содан бұл тек жай әңгіме екен ғой деп ұйғарады. Бірақ әжем айта­тын, «Қарғыспен келген байлық адам түбіне жетер, жетпесе ұрпағына берілер»  деп.

— Түсінікті ақсақал, аман болыңыз.

— Балам, саған айтарым, не болса да алтын бар жерде қауіп бар, қарғыспен келген заттан сақтан. Сенің не іздеп жүргеніңді білмеймін, бірақ  абай  бол…

Ақсақалдың бұл сөзі бір нәрсені сезіп жорығандай. «Бірақ, алтын табылса, оны мемлекетке тапсырамын ғой». Енді Абылай алтынды табу мақсатында жұмыс істеді. Қаланың барлық ломбардына, базардағы сау­дагерлерге, теледидардан және радио­дан хабарламалар беріліп жатты. Іске қызығушылық танытқандар да аз емес. Соның бірі аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі  Еркін  Шерімбетов  еді.

Оның кезекші бөлім жанынан өткені сол еді, кезекші Шерімбетовтің өзін шақырып жатқанын баяндады. Қылмыстық іс облыстық ПД-нің өндірісінде болғандықтан, бұл жерде тергеу сатысы жайлы баяндалмайды. Алайда Абылай шақыру себебін білу үшін Шерімбетовтің қызметтік бөлмесіне  барды.

— Рұқсат па, полковник мырза. Шақыртыпсыз…

— Иә. Кір, Абылай. Мына жерге отыр. Сенің тергеп жүрген қылмыс­тық ісің жайлы сұрайын деп едім. Қандай алтын жайлы әңгіме болып жатыр?

— Әзірге  белгісіз…

— Бір сандық деп естідім ғой.

— Деректер көзі әлі нақты емес, бұл тек әзірге тергеу нұсқаларының бірі  ғана.

— Абылай, сен бір сандық алтын жайлы ешкімге айтпай тұра тұр. Егер ол жайлы тіс жаратын болсаң, ауыл тұрғындары тергеуге кедергі келтіріп, сенен бұрын Данияр мен алтынды тауып алар. Басқа қылмыс болмай тұрғанда әзірге бұны жасырын ұстау керек. Сол себепті алтынның көлемі мен санын көрсетпей тұра тұру керек.

— Ескертуіңізге рақмет.

Абылайдың ойы сан тарауға бөлінді. «Бұл шынымен маған айт­қан ақылы ма, әлде… Періште алтын көрсе жолдан таяды. Періште жолдан тайса, біз не істер екенбіз? Неге осы уақытқа дейін менің ісіме қызығу­шылық танытпаған адам қазір көмектесе қалды. Табылған саусақ бар, бірақ денесі жоқ, күл болып кеткен мәйіт, қамаудағы адам осының барлығы бола тұра, алтын дегенде ғана мені өзіне шақырғаны қалай? Жо-жоқ. Бұлай болуы мүмкін емес. Бірақ шынында алтын жайлы әзірге  айтуға  болмайды».

Сапырылысқан ойдан басы қатты. Ұйықтаса да, жүрсе де, тамақ ішсе де, осы оқиға есінен кетпеді. «Бұны қалай болғанда да ақырына жеткізу керек. Әйтпесе жынданып өлерміз» деп іштей күле жұмысын ары қарай жасай бергені сол еді, ойы­на бір нәрсе сап етіп түсті. Тоқта!

Мен Даниярдың үйіне барып тексер­генімде, тоңазытқышта қуы­рыл­ған тауық тұрды. Ал Даниярдың жоғалғанына екі апта уақыт өткен. Бірақ тауықтың пісірілгеніне қара­ғанда екі апта уақыт өтпеген. Мен неге бұған мән бермедім. Сонда ол тірі ме? Тірі болса, ол қайда? Әлде түнделетіп үйіне келіп-кетіп жүр ме екен? Бұны білудің тек бір ғана амалы бар. Абылай Даниярдың үйін күзетуді жоспарлады. Алайда ауыл кішкентай, барлық қадамың алақандағыдай көрініп тұрады. Демек, үй ішіне тығылу керек. Бұны іске асыру үшін үй ішіне жалған тергеу әрекетін жасап, өзі үйдің бір жеріне тығылып қалып, қалғандарын қайтарып жібергені жөн сияқты. «Дұрыс, дәл осылай  жасаймын».

Келесі күні Абылай тергеу тобы­мен бірге Даниярдың үйін қарап, тексеру-тергеу әрекетін жасағансымақ болып, үй ішін аралап жүрді. Үй ішінде тығылатын жер көп, бірақ өзіне ыңғайлы жер іздеп жүріп, қоқыс қабына кезікті. Сол жерде қоқыс қабын үстіне киіп, қалғандарын шығарып, өзі күзетуге кірісті. Қалған қызметкерлер өзара дабырлай сөйлесіп, кетіп  қалды.

Барлығы кетті. Үй іші тым тырыс. Жүгіріп жүрген тышқандар ғана. Үнсізд­ік. Түн болды. Аяқ ұйып қалды. Шөл қысты. «Кішкене шөлмек су мен нан алғаным қандай жақсы болды» деп ойлап отырғанда, сырттан тарс ете қалған дауыс шықты. Бірақ бұл көршінің үйінен шыққан дауыс сияқты. Тағы да бір-екі сағат уақыт өтті. Ешкім жоқ, тым-­тырыс. Ол осы уақыт ішінде осы күнге дейінгі барлық іс-әрекетін саралап шықты. Жалғыздықтан адам іштей өзімен-өзі сөйлесіп кетеді екен. «Адам жалғыз болса, философия­ға көп көңіл бөледі екен. Байырғы заман­да үйін тастап, медитацияға не үшін  кетеді  десем…».

Сыртта дауыл басталды, шайқалған ағаш-жапырақтар дауысы, ауланың жабылмай кеткен ағаш есігінің сықырлаған дыбысы шықты. Бір кезде үйдің табалдырығын біреу басқандай болды. Иә, иә, шынымен баспалдақпен біреу көтеріліп келе жатты. Бірақ ол жалғыз емес. Олар екеу. Әйел адамның дауысы шықты. Бірақ желден дым естілмейді. Есік ашылды. Ақырын баса үйге кірді. Қаптан сығалап қарап еді, ол өз көзіне өзі сенбеді. Алдында Данияр тұр, суреттен көріп, санада жатталып қалған бейненің өзі. Данияр тірі ме? Қалайша? Даниярдың артында тұрған әйелдің бет-жүзі көрінбейді. «Еш кідірмей ұстау керек. Әйтпесе айырылып қалармын». Абылай іске кірісті.

– Тоқтаңдар! Полиция! Сендер ұсталдыңдар! — деп қаптан шыға тапаншасын кезегенде, Данияр мен әйел қаша жөнелді. Екеуі де епті екен. Данияр әйелді бірінші жіберіп, өзі Абылаймен арпалыса кетті. Абылай еркін күрес шеберіне үміткер, талай өткізілген турнирлердің жеңімпазы болатын.

— Беріл! Данияр, әшкере болдың. Беріл деймін.

— Не оттап тұрсың, сені осы жерде өлтіріп кетемін сүмелек.

Ол мұны қылғындыра бастады. Осы сәтте кенеттен шыққан дауыс бәрін тоқтатты. Тарс… Тапанша атылды. Құлақ шыңылдап тұр. Қолына жылы қан төгілді. Оқ өкпесіне тиген екен, Даниярдың аузы-мұрнынан қан шыға бастады. Қақалды. Дыбыс жоқ. Көзі ашық, жұмылмай­ды. Өлді… Өлді… Өлді. Мен не істе­дім… Сол жерде Абылай біраз отырып қалды. Даниярдың денесінен жылу кете бастады. Қалтыраған қолымен телефонын алып кезекші бөлімге хабарласып, болған жағдайды баяндады. Белгісіз  әйел  қашып  кетті.

Таң атты. Оқиға орнында аймақ прокуроры, өзіндік қауіпсіздік бас­қармасы, облыстық және аудандық полиция басшылары жүр. Бірақ барлығы қажетті қорғаныс, полиция қызметкеріне шабуыл деп білді.

— Енді белгісіз әйелді табу керек, — деді Әділжан Баймұратов.

— Оның мен кім екенін білемін. Ол көрші Айжан болу керек. Мен Айжаннан жауап алуға барғанымда ер адамның киімін тігіп отырған болатын, алайда ол бойдақ әйел және де Даниярмен оның үйі ауылдың екі бетінде. Малды Даниярдың үйі арқылы тау бөктеріне өріске шығарам деп еді, алайда оның малдары тау бөктеріне емес, тау етегіне жайы­лады екен, — деді Абылай.

Бұндай кәсіпқой маманның өз қарамағында істегеніне мақтанған Әділжан Баймұратов «Дереу Айжанды жеткізіңдер!» деп бұйрық берді. Көп ұзамай Айжан ұсталды. Жауап алу барысында ол өз кінәсін толық мойындап, болған жайтты толы­ғымен ашып берді. Оқиға былай болып­ты.

Данияр, Ғалымжан, Қанат үшеуі көне диірмен ғимаратының ішінде арақ ішіп отырған екен. Сол сәтте Данияр ұялы телефонын қараймын деп байқамай диірмен маңын фотоға түсіріп алып, артынша өшіріп тастаған. Арақтың кесірінен Ғалым­жан мен Қанат арасында жанжал туып, төбелес болған. Төбелес бары­сында диірмен тасына Қанаттың басы тиіп, оны қақ ортасынан жарған сәтте, астынан жылтыраған зат көрініпті. Сөйтсе астында бір сандық алтын бар екен. Сол сәтте өз өміріне қорыққан Данияр екеуінің әңгімесін жазып алған екен. Төбелес кезінде Даниярдың сол қолының сұқ саусағы қайырылып, сынып кетеді. Ғалымжан алтынды екіге бөлуді ұсынған. Бұл ұсыныстан бас тартудан қорыққан Данияр келісіп, жарты сандық алтынды үйіне алып барады да, көптен көңілдес боп жүрген Айжанды шақырып, болған оқиға жайлы егжей-тегжейіне дейін айтып береді. Бұдан соң Айжан дереу Даниярды ертіп Ғалымжанға келіп, түн ішінде оның «Москвичімен» қалаға жетеді де, бұрын өзі медбике болып қызмет істеген аурухана хирургін оятып, Даниярдың қолына ота жасатады. Хирург бұрын көңілдесі болған Айжанның айтқанын істеп, саусақты алып тастап, барлығын ың-жыңсыз бітіреді де, жансыз саусақты бұзылып кетпес үшін арнайы ерітіндіге салып береді. Бұл кезде Айжан санасында туған ойдан барлығы да бейхабар еді. Ауылға оралған Ғалымжан өзінің шеберханасында Қанаттың мүрдесін екі күн бойы өртеген болатын.

Қылмыстық істе Айжанның рөлі басталды. Ол Даниярға Тұрысбайдың пешіне от жағып, жансыз саусақ­қа жүзік кигізіп, от ішіне тастауды тапсырды. Ондағысы – Ғалымжан Даниярды өлтірген екен деген ой туғызу болатын, Ғалымжан сотталса және Даниярдың да көзін жойып, тәйірі, ресми өлген адамды жоқ қылу қиын болып па, бар алтынды иеленбекші болған Айжанның ойы іске асуына  сәл-ақ қалған болатын.

…Іс толығымен тергеліп, сотқа тапсырылды. Абылай еңбек демалысына шығып, отбасымен Астана қаласына кетті. Қазына ауылы баяғы тыныш күйіне қайта оралды. Бірақ ешкім ол оқиғаны ұмытпады. Себебі, бұл ауылда пеш ішінен табылған сау­сақ көп шындықтың бетін ашып берген еді. Бұл оқиға бір ғана ауылда, бір ғана қылмыс айналасында өрбігенімен, адам табиғатының тереңдігін көрсетер, кейде жақсы мен жаманның арасы бір қадам ғана екенін, сенім мен сатқындық, кешірім мен өкініш – бәрі де бір адамның бойында қатар өмір сүретінін көрсетті.

Бекмухамбет  ӘБДРАСУЛЛАЕВ,

Қызылорда  қаласы

(Соңы. Басы  өткен санда)

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: