Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күл астындағы шындық

07.05.2026, 6:00 35

Қараша. Күн жаумаса да бір дымқыл сыз бар. Таң ата Қазына ауылының үстін қалың тұман бас­ты. Ауадағы иіс – түтін мен дымқыл топырақтың аралас иісі. Бұл кезде ешкім көшеде ұзақ жүргісі келмей­тін. Ертерек тұрған Сәрсенкүл сиыр саууға далаға шыққанда, көрші Тұрысбайдың иесіз қалған үйінен түтін шығып жатқанын байқап қалды. «Мынау түтін бе, басқа ма?». Көзіне сенбей, біраз тұрып қалды. Үйдің мұржасынан жіңішке көкшіл түтін бұрқырап көкке көтеріле берді. «Бұл үйге біреу кірген бе?» деп күбірледі  ол.

Тұрысбай шал осыдан екі ай бұрын қайтыс болған еді. Ол үйде жалғыз өзі ғана тұратын. Туыстары да, балалары да, әйелі жоқ. Содан бері үй бос тұрған. Есігі құлыптаулы, терезелеріне мал не ойнаған балалар сындырып кетпесін деп тақтай қағып тастаған еді көршілері. Енді сол үйдің мұржасынан түтін шыққаны… Түсініксіздеу…

Ол дереу учаскелік полиция өкілі Шәріпке хабарласып, болған жайтты жеткізді. Аудан орталығынан алыс орналасқан бұл ауылға келудің өзі біраз уақыт алатын. Жылдам жүрсе керек, жарты сағат өтпей Шәріп те жетіп, Тұрысбайдың үйі алдына тоқтады. Ол алдымен үйдің ауласын шолып шықты. Үй есігі ашық. Құлып бұзылған. Ескі ағаш есік желмен ашылып-жабылып, сықыр-сықыр етеді. Сыртта жан баласы көрінбегесін ол үйге кірді. Үй салқын, бірақ пеш ыстық екен. Пештің айналасы күл, ал пештен күйген иіс мүңкіп тұр.

Шәріп қолшамын жақты да, пешке үңілді. Әуелі көмір сияқты көрінген нәрсені көзі шалды да, дереу қолғап киіп, темір қысқышпен күлді түртіп қарай бастады. Сол кезде темір қысқыш күл арасынан бір нәрсені іліп алып шықты. «Тас па екен?» деп ойлап, қолымен түртті де, әлгіні үрлеп жібергенде… Шошып кетіп, бо­йын тіктеді. Көзі шарасынан шықты. Бұл адам саусағы еді. Дереу аудандық полиция бөліміне хабарласып, жедел тергеу  тобын  сұратты.

Облыстық ПД-нің басшылары қылмыстың ауырлық дәрежесіне қарай және резонансты іс болғандық­тан, бұған аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, полковник Абылай Қайсеновты арнайы жіберуге шешім қабылдады. Абылай 42 жаста, отбасылы, полиция академиясын үздік бітірген, бойы сұңғақ, көзі өткір, адам байқамайтын кішкене детальдар­ға мән беретін, тік мінезді, өз ісінің мама­ны еді. Алайда оның бір аптадан кейін демалысқа шығатыны, Астана қаласында тұратын әке-шешесіне бармақшы екені жайлы басшылар білгенімен, бұл істі басқа тергеушіге сеніп тапсырудың өзі қиын, мұндай күрделі істі ашу тек тәжірибелі маманның ғана қолынан келері белгілі еді.

Қызметтік  телефон  шырылдады.

– Қайсенов Абылай тыңдап тұр!

– Қайсенов, маған жолығып кетші, саған тапсырма бар, — деді облыстық ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Әділжан Баймұратов.

— Құп болады! — деп Абылай дереу қызметтік кітапшасын ала басшы каби­нетіне беттегенде, «Осы күл арасынан табылған саусақ үшін шақырып жатқан секілді. Менің келесі аптада еңбек демалысына шығуым керек екенін білетін еді ғой…» деген ойда еді. Сәлден соң ол Әділжан Баймұратовтың кабинетінің есігін қақты.

— Кіріңіз. Абылай… жақынырақ отыр!

— Тыңдап тұрмын, бастық мырза!

— Абылай, сенің келесі аптада еңбек демалысына шығуың керек екенін білемін. Алайда оны кейін­гі қалдыруға тура келер. Қазына ауылында пеш ішінен, күл арасынан саусақ табылып жатыр. Осы істі ақырына дейін жеткізіп барып еңбек демалысына шығуға қалай қарайсыз?

Абылай әке-шешесін көруге асыққан болатын, алайда басшылық­тың өзіне сенім артқаны оны жігерлендіріп:

— Құп болады! Іске қатысты түпкілікті шешім қабылдаған соң сізге баяндаймын, — деп бөлмеден шығып кетті.

Ол іссапарға шыққан ауыл да, ол ауыл қарайтын аудан орталығы да облыс орталығына алыс емес болатын. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде жедел тергеу тобының авто­көлігі Қазына ауылындағы оқиға орны­на  жетті.

Болған жайтты Шәріп баяндап болысымен Абылайдың бұйрығымен Тұрысбайдың үй ауласы лентамен толық қоршалды, өзі оқиға орнын қарап тексеруді бастап кетті. Үй аула­сынан тергеу қызығушылығын тудыратын дәлелдемелер таппаған соң ол үй ішіне кірді. Үй асүйді қосқанда екі бөлмелі, орындық пен үстел, көне жиһаз бен көне пеш. Тек адамның аяқ іздері бар, заттар шашылмаған, барлығы өз орнында. Үй ішінде төбелестің де белгісі жоқ, қан немесе өзге белгілер байқалмайды. Пеш айналасы шашылған күл. Бәлкім учаскелік полиция қызметкерінің пешті қа­рауы­нан кейінгі салдар шығар. Ол пештің ішін қарай бастады. Қабыр­ғалары ыстық, мұндай ыстық тек көмір жаққан кезде ғана болады, ал ағаштан бұндай қызу шықпайды және пеш осыншама уақыт қызып тұрмайды. Яғни, біреу әдейі от жақ­қан сияқты. Көмір қайдан келген? Не үшін от жаққан? Неге осы үйде? Сұрақ  көп…

Пештен біртүрлі иіс шығады, Абылай бұл иіспен бұрын да кезіккен еді. Иә, бұл күйген сүйектің иісі болатын. Ол бұл иісті ешнәрсемен шатастыр­мас, мұны тек мәйіттермен жұмыс істеген адамдар ғана түсінеді. Сүйектің өзіндік, тек өзіне ғана тән иісі болады. Оны  сөзбен  жеткізу мүмкін  емес.

Пеш ішінде толық өртеніп біткеннен кейінгі күл ғана қалған. Күлдің арасында сақинасы бар сұқ саусақ жатыр. Саусақ шамамен 8-10 см, от сақина болған соң саусақты толық өртей алмаған. Шамасы күл астында қалып, от толық тимей қалды-ау. Буындары мен тырнақ қалдығы байқалады. Саусаққа қарап, адам денесі ірі екенін болжауға болады. Бірақ адам өртелсе, бұл жерде күл көп болушы еді. Дереу саусақты алып, дактилоскопиялық іздер алып, ары қарай медициналық сараптамаға жіберді. Үй ішінде басқа ешнәрсе жоқ.

Сол күні кешке ауыл іші гу ете қалды. Әркім әртүрлі болжам айтып жатты.

— Данияр жоғалған еді ғой, соны өлтіріп, пешке жаққан шығар…

— Мына жақта баяғыда бір қаңғыбас жүретін, сол шығар…

— Жын-пері болмағай…

Абылай оқиға орнынан оралған соң аудандық полиция бөліміне хабарласып, ауылда із-түзсіз жоғалып кеткен адамдар туралы деректерге сұрау салды. Арада жарты сағат өткенде, алғашқы мәлімет келді. Екі апта бұрын Данияр Қосмұрынов есімді ауыл тұрғынының жоғалып кеткені тіркелген екен. Бұл екі бөлек іс болғанымен, бір адамға қатысты секілді. Дереу саусақтың Даниярға тиесілі ме, жоқ па екенін анықтау үшін ДНК сараптамасына жіберілді.

Данияр – 38 жаста, жалғызбасты, ауданға жақын тұстағы шахтада жұмыс істейтін, жұмысынан ешқашан қалмайтын, көп сөйлемейтін тұйық, тәртіпті, бірақ көпшілікпен араласа бермейтін жігіттердің бірі болатын. Шешесі ерте қайтқан, ал әкесінің бұларды тастап қалаға кетіп қалғанына жиырма жылдан астам уақыт өткен. Туған-туысы жоқтың қасы. Ауыл тұрғыны Айжан Шөкеева деген әйел оның жоғалғанын алғаш байқаған.

Бұған бастапқыда ешкім мән бермей, «Қалаға кеткен шығар», «Жұмыспен жүр» дегендей сөздер айтылып жүрді. Тек үш күн өткен соң ғана оның телефоны сөнгені, ешкімге хабарласпағаны, тіпті банк картасынан да ешқандай әрекет болмағаны жайлы жедел уәкілдің баянаты тіркелген. Оны қайтып келер деген оймен қылмыстық істі дұрыс тергемеген  екен.

Абылай тергеуді алдымен Да­нияр­дың үйін қарап, тексеруден бас­тау керек секілді деп, солай қарай бет алды. Көне үй. Қабырғадан сыз сезіледі. Ішке кіргенде оның бірден аңғарғаны – заттар орнында, ұрлық болмаған. Ас үй үстелінде су құюлы шайнек, тоңазытқышта қуырылған тауық тұр. Төргі бөлме есігінен коридорға шығар есікке дейін іздер байқалады – бұл жерден асығыс кеткен адам болмағаны байқалады. Бірақ ең таңғаларлығы – жатын бөлмеде үстелдің үстінде қара сиялы қаламсап жатты. Бояуы үстел үстіне жұққан, жазылғаны анық, бірақ қағаз жоқ. Ол кереует маңынан қоқыс салған пакет тауып алды. Ішінде умаждалған парақ жатыр екен. Парақты ашып қарай бастағанда қара сиямен жазыл­ған: «56 240.19» деген сандарды оқыды.

Абылай терең дем алды. Бұл сандар нені білдіреді? Біреуге қарыз ақша­ның сомасы ма? Әлде басқа ма? Бұл сандар мәселенің түп тамырына сілтеме сияқты. Осы жазудан бастап тергеу мүлде басқа бағытта өрбіді… Оның нақты Даниярдың қолтаңбасы екенін анықтау үшін қолтаңба сараптамасына  тағайындауға  жіберілді.

Келесі күні оқиға жайлы Айжаннан қайта жауап алу үшін Абылай Қазына ауылына барды. Айжанның үйіне келгенде есік алдындағы орындықта отыздың жуан ортасындағы әйелдің инемен ер адамның киімін жамап отырғанын көрді. Абылай Айжанның бойдақ, қарапайым жан екенін істен оқыған. Ойға келген күдікті  ысыра  ол:

— Саламатсыз ба Айжан апай! Мен тергеуші Қайсенов Абылаймын. Жоғалып кеткен Данияр жайлы қосымша сұрақтар қоюға келіп едім, — деді  танысуын  бастап.

— А-а-а, иә, кел отыр. Бірақ бар білетінімді бұрын айттым ғой, басқа қосарым  жоқ, — деді  Айжан.

— Сіз Даниярдың біреумен төбе­лескенін, жанжалдасқанын, әлде қарыз болғанын, болмаса мінез-­құлқында өзгерістер болғанын байқадыңыз  ба?

— Мен өз үйімнің тіршілігімен жүремін, біреудің үйін бақылап нем бар. Тек Данияр үйінде жоқ екенін біраз уақыт өткесін, малды өріске, жоғары тау бөктеріне шығарып жат­қанда  ғана  байқадым.

— Сіз басқа ешқандай күмәнді зат байқамадыңыз  ба?

— Мен ауыл әйелдері әңгімесінен оның Ғалымжанмен қатты дауласып қалғаны жайлы естідім. Бәлкім, өсек болар… Өзім көрген емеспін.

— Сіз қай Ғалымжанды айтып тұрсыз және оны неге енді айтып отырсыз?

— Менің ол әңгімені естігенім кеше ғана, пеш ішінен табылған сау­сақтан соң, ал Ғалымжан дегеніміз Назаров қой. Басқа сұрағың болмаса, мен тіршілігіме оралайын.

— Иә, рақмет, қосымша сұрақ­тарым болса, қайта келермін.

Осы сәтте Абылайдың ұялы теле­фонына хабарлама келіп түсті. Онда ауыл тұрғындары айтып жүрген қаңғыбастың полиция бөліміне жеткізілгені айтылыпты. Абылай дереу қалаға бет алды. Бөлімге жетісімен қаңғыбасты  шақыртты. Қаңғыбас Рашид Омаров деген 1965 жылы туған, бойдақ, тұрғылықты мекенжайы жоқ, әбден тағдырдың тауқы­метіне түсіп қажыған адам екен. Жауап алу барысында оның тек азанда бөтелке теретіні, кешке араққа то­йып  ішетіні белгілі болды. Бұл біреу­дің саусағын кесіп алмақ түгіл өзін әрең көтеріп жүрген адам, яғни, бұл емес  деген  ойға  келді  Абылай.

Енді кезек Ғалымжанға келді. Ғалым­жан – ауылдағы жалғыз дәне­керлеуші, төрт  баланың әкесі, жұртқа ашық көрінгенімен, Данияр­мен аралары жақсы еместігін ел айтып отыр. Абылай оны учаскеге шақыртты. Ескі болғанмен  жағдайы жақсы «Москвич» көлігімен келген Ғалымжан ештеңеден бейхабар кейіпте. Таза киінген, сақал-мұрты  алынған,  көзі  өткір.

– Ғалымжан мырза, отырыңыз! Сізден Данияр жайлы сұрайын деп едім. Соңғы рет оны қашан көрдіңіз?

– Екі апта бұрын. Көшеде кездесіп қалып, амандастық. Сол күні жұмыста едім. Асығыс болғасын әңгімелесуге  уақыт  болмады.

– Айжан ханым сіздерді бірде сөзге келіп қалды деді. Не болды?

Ғалымжан сәл жымиды.

– Иә, рас. Жай ғана түсініспеуші­лік. Үйімнің жанынан шелекпен су тасып жүр екен. «Аздау тасы, суымды тауысарсың» деп қалжыңдап едім, ренжіп, күңкілдеп, иығымнан итеріп, кетіп  қалды.

– Қолыңыздағы жарақат ізін байқадым. Оны қай уақытта алдыңыз?

Ғалымжан  сәл  іркілді.

– Иә… Шеберханада темір қиып жатып кесіп алдым. Сол мезетте ауыл ауруханасына барып көріндім. Бәрі тіркеуде тұр.

– Түсінікті… Қосымша сұрақ болса өзім хабарласамын, ал қазір боссыз.

Ғалымжанды шығарып салды. Ғалым­жанның бірнәрсені айтпай, жасырып қалғаны анық. Оны анықтау тағы бір бөлек жұмыс болды.

Абылай өзінің қойын дәптерін ашып жаза бастады. Тергеушінің бас­ты қаруы – уақытылы дұрыс шешім қабылдай білу. Сол себепті іс бойынша  фигуранттарды  тізе  бастады.

Сәрсенкүл – марқұм Тұрысбайдың үйінен түтін шыққаны жайлы хабарлаған.

Айжан – көрші, Даниярдың жоғалып кеткенін  бірінші  байқаған.

Ғалымжан – Даниярмен жанжалдасып  қалған.

Рашид – ауылдың маскүнемі, қаңғыбас.

Тұрысбайдың үйі – неге кенеттен дәл  соның  үйінде  от  жағылған?

Дәптерге жаза салысымен, Абылайдың ойында бірнеше сатылы жоспар құрылды. Сол күннің кешінде-ақ тағайындалған сараптамалар қорытындысы келді. ДНК сараптама қорытындысы бойынша пеш ішінен табылған саусақ Даниярға тиесі­лі екенін, алайда күлдің арасында ешқандай адамның іш құрылысы немесе адам денесінің молекулаларының жоқ екені расталды. Дактилоскопиялық сараптама да саусақ іздерінің Даниярға тиесілі екенін растады. Қолтаңба сараптамасы хаттағы жазу Даниярға тиесілі екені жайлы тұжырымдама берген. Демек, өртенген саусақ Даниярға тиесілі болса, онда дене қайда? Ол тірі ме, жоқ па, ол да белгісіз. Дәлелдемелер­ге байла­нысты іс-түссіз жоғалу дере­гі мен кесілген саусақ дерегін бір қыл­мыстық іске біріктіріп  тергеуге шешім қабыл­да­ды. Абылай өзінің ішкі түйсігіне сене­тін. Бұл түйсігі оған: «Бұл жай ғана өрт емес. Біреу ізді жасырып отыр…»  деп  тұрғандай  еді.

Ол тергеудің келесі сатысына өту үшін Ғалымжанның шеберханасына барды. Шеберхана іші тап-тұйнақ­тай болғанымен, оның назарын пештің алдындағы қара күйе аударды және күйік иісі қатты сезілді. Пештің ауқымы үлкен. Бәлкім шеберхана болған соң әдейілеп үлкен қылып салған болуы мүмкін. Пештің ішкі бетінен түрі өзгешелеу ыс байқалды. Абылай дереу сараптама тағайындау үшін  сүртінді  алды.

— Пеш  жақпайсың  ба?

— Кейде от жағам… Бірақ қазір көп қолданбаймын… 

Бұған оның теріс қарап тұрып сөйлегені ұнамады. Шеберхананың ішін қарап шықты, алайда қызығушылық танытатын ештеңе таппады. Абылайдың ойындағы басты сұрақ – Данияр тірі ме?

«Қанша дәлел болса да, ақиқат бір-ақ жерде жатады – адамдардың  жүрегінде және сол жүректің тылсым тереңінде…».

Данияр жоғалған түн – ауыл үшін бейбіт, жай түн болған сияқты. Алайда Абылай егжей-тегжейін тергей келе, сол түні қараңғылық астарында талай сыр жатқанын анықтай бастады. Абылайдың ойында полиция академиясында жиі айтылатын «Идеалды қылмыс болмайды, тек идеалды емес тергеушілер болады» деген нақыл сөз қалып қойған еді. Бұл қылмыс идеал тергеушіні талап ететінін түсінген ол екі есе қарқынмен  жұмысқа кірісті.

Абылай ең алдымен ауыл тұрғындарынан, көршілерден сұрастыру жұмыс­тарын жүргізе бастады. Алды­мен зейнеткер Оразбай ақсақалға барды. Себебі оның ауылдағы барлық жаңалықты естіп, көріп-біліп отыратынын естіген болатын.

– Ассауламағалайкүм ақсақал! Жоғалып кеткен Данияр жайлы сұрас­тыра келіп едім. Ауыл кішкентай  ғой, білген-көргеніңіз  болса…?

– Иә, балам… Осыдан екі апта бұрын түнде құдды біреу айғайлап жатқандай болды. Терезеден қарасам, қараңғыда біреу үйдің артына қарай жүгіріп бара жатыр екен.

– Таныдыңыз ба?

– Жоқ. Анық көрінбеді. Бұзақылар шығар деп бөлмеден шыққан жоқпын.

Абылай осыдан кейін келесі көшедегі Даниярдың үйінің сырт жағындағы көршісі Дина есімді жалғызбасты әйелдің үйіне барды.

– Сәлеметсіз бе Дина ханым! Мен Данияр жайлы сұрауға келіп едім. Соңғы рет қашан көрдіңіз?

– Саламатсың ба, балам! Менің Даниярды көрмегеніме біраз болды. Екі апта бұрын түнгі сағат 02:00 шамасында біреу аула жақтан тарс еткізіп қақпамды жапты. Шам жағып үлгермей қалдым. Бірақ Даниярдың үйі жағынан кетіп бара жатқан біреу­дің көлеңкесін көрдім. Қолында бір зат бар сияқты болды…

– Сіз бұл адамды таныдыңыз ба?

– Жоқ… Бірақ, жүрісі таныс көрінді… Бірақ кім екенін айта алмаймын…

Абылай терең ойға батты. Оқиға куәгерлерінің бәрі бір бағытты меңзеп тұр. Бірақ олардың айтуымен ғана ешкімді кінәлау мүмкін емес. Сол түні Даниярдың не үшін сыртқа шыққаны, не істегені, не көргені жұмбақ болып қала берді. Бірақ енді сол түннің пердесін ашатын бір ғана жол бар еді, ол Даниярдың телефоны болатын. Иә, ол табылса, бәрі белгілі болар  еді…

Абылай тергеуді тереңдете түсті. Ол Даниярдың телефонын табу үшін операторлармен байланысып, соңғы сигнал берген орынды анықтауға тырыс­ты. Байланыс орталығы бір сағат ішінде жауап берді. Даниярдың ұялы телефоны соңғы рет ол жоғалған түнгі сағат 2:17-де белсенді болған. Орны – ауыл шетіндегі ескі диірмен маңы. Абылай сол жаққа қарай  жол  тартты.

Ескі диірмен – ауыл балаларының қорқатын орны. Иесіз жер. Қарағайлардың арасында бұғып тұрған көне ғимарат. Ішінде жартылай құлаған баспалдақтар, тозған қабырғалар. Көп уақыт алса да, іздеу кезінде сол жерден, шөптің арасынан шаң басқан ұялы телефон табылды. Теле­фон жартылай жарамды, экранда жарық жоқ. Абылай оны техникалық сараптамаға жіберді. Бір күннен соң сараптама қорытындысы келді. Телефон жадында бірнеше дыбыс жазбалары бар екені анықталды.

Абылай оларды тыңдай бастады. Бірінші жазба жай ғана күнделікті дыбыстар: Данияр шай құйып жатыр, сірә, кешкі уақыт. Бірақ, екінші жазба бәрін… бүкіл ойды төңкеріп жіберді.

– Сен не істедің, Ғалымжан?! Бұл не сұмдық?!

– Данияр, тыныш бол! Ешкім білмейді. Бұл сенің де мүддеңе сай.

– Жоқ, мен полицияға барам. Бұл адам өлімі!

— Онда… кешір…

Одан кейін шуыл, алыс-жұлыс, ыдыс-аяқ сылдыры, ауыр тыныс алу, артынан тып-тыныш үнсіздік… Абылай жүрегі суып, басын көтерді. Бұл жазба – дәлел. Жазбадағы екі дауыс­тың бірі Даниярдікі екені күмәнсіз. Екіншісі – Ғалымжанның дауысы. Егер жазбада Данияр адам өлімі деп Ғалымжанды кінәлі етсе, өлген адам кім? Бұл іс бара-бара шым-шытырық қиынға тартып барады. Түсініксіз. Тергеу барысында Даниярды өлтірген Ғалымжан ба десек, мына жазба барлығын өзгертетін сияқты ғой. Апырай, ә! Енді не істейміз? Бұл қасақана кісі өлтіру ісі екені анық. Бірақ кімге қарсы? Тағы жұмбақ. Теле­фондағы жазбалар шындыққа жол ашатын есік болды. Бірақ біреуді айыптауға әлі  ерте…

Даниярдың телефонынан табыл­ған жазбадан кейін Абылай полиция бөлімшесіне шұғыл бұйрық беріп, Ғалымжанды тұтқындауға шешім қабылдады. Оған қатысты адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс бойынша күдікті екені түсіндірілді. Ол шеберханада жұмыс істеп жатқан жерінен ұсталды, қарсылық көрсеткен жоқ. Бірақ көзі тік, түрі сабырлы еді. Полиция бөлімінде жауап алу басталды. Абылай алдымен бейтарап сұрақтар қойды. Содан кейін Даниярдың теле­фоны  туралы  айтты.

– Біз Даниярдың телефонын таптық, Ғалымжан. Онда сен екеуің­нің сөйлескендерің жазылған. Өте анық…

Жазбаны тыңдаған Ғалымжан сәл үнсіз қалды. Содан соң мырс етіп күлді.

– Мен сендерге ештеңе айта алмаймын. Басқа айтар жауабым жоқ. Түрмеге жабам десеңдер жабыңдар, бірақ сендер соңында қатты таңғаласыңдар…

Бұдан соң ол бір ауыз тіл қатпады.

Бекмухамбет  ӘБДРАСУЛЛАЕВ,

Қызылорда  қаласы

(Жалғасы бар.)

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: