Қызылорда облысында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда бет-жүзді тұмшалауға қатысты заң талаптарын тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шара құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында қолға алынған.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, бүгінде қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім үлгілерін киюге болмайды. Бұл талап балаклаваға, медициналық мақсаттан тыс маскаға, никабқа және адамның жүзін анық көруге мүмкіндік бермейтін өзге де киім түрлеріне қатысты.
Полиция өкілдері аталған шектеудің дінге қарсы бағытталмағанын, басты мақсат қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін түсіндірді. Яғни, заң талабы адамның жеке сеніміне емес, қоғамдық орында жеке басты анықтауға кедергі келтіретін жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада бірқатар ерекше жағдай қарастырылған. Атап айтқанда, қызметтік міндетін атқару кезінде қорғаныс құралдарын қолданатын мамандарға, медициналық көрсеткіш бойынша маска тағатын азаматтарға, төтенше жағдай кезінде, қолайсыз ауа райында, сондай-ақ спорттық, мәдени және мерекелік іс-шаралар барысында бет-жүзді жабуға рұқсат етіледі.
Түсіндіру жұмыстары барысында полиция қызметкерлері тұрғындарға жаңа талаптар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде ар-ождан және діни сенім бостандығын сақтау қағидаттарына сай жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Құқық қорғау органдары мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелеріне түсіністікпен қарауға шақырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!