Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде жас медицина мамандарының халықаралық конференциясы өтті

23.04.2026, 16:40 71

Бүгін Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың қатысуымен «Денсаулық сақтау жүйесіндегі жас мамандар: медициналық колледждердің халықаралық диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шара барысында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы өңірде халықаралық деңгейдегі басқосудың өтуімен құттықтап, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол мұндай кездесулердің тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды ортаға салуға және жас мамандардың кәсіби көкжиегін кеңейтуге жол ашатынын атап өтті.

Салтанатты жиында бұдан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адам ресурстарын дамыту департаментінің «Мейіргер ісін дамыту» басқармасының басшысы Гүлмира Алмағамбетова, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Y-PEER өңірлік үйлестірушісі, UNFPA Kazakhstan өкілі Надежда Хе, Білім беру қорының президенті әрі «Global Sapa» халықаралық академиясының құрылтайшысы Тлектес Шинчужинова сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.

Өнер орталығында басталған іс-шара одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасып, кейін Қызылорда медициналық жоғары колледжіндегі конференциялық жұмыспен сабақтасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі мақсаты – болашақ медицина мамандарының кәсіби және ғылыми әлеуетін біріктіру арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар жиын аясында медициналық білім берудегі инновациялық идеялар мен цифрлық технологияларды ілгерілету, сондай-ақ қоғам игілігі жолында мейірімділік пен жауапкершілік құндылықтарын насихаттау көзделіп отыр.

Осындай мазмұнды алаң жас мамандардың заманауи денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлін айқындап қана қоймай, халықаралық әріптестік аясында жаңа бастамалардың қалыптасуына да серпін береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: