Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара бөлімшесінде қаза тапқан сарбаз Еркебұлан Сағындықтың өліміне байланысты бөлімше бастығына сот үкімі шықты. 26 жастағы басшы Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Сот материалдарына қарағанда, қайғылы оқиға 2025 жылдың қазан айында Қарақия ауданындағы шекара бекетінде болған. Тергеу нұсқасы бойынша, бөлімше басшысы дизель агрегатының істен шыққанын біле тұра, қауіпсіздік талаптарын толық түсіндірмей, екі сарбазға оны тазалау жұмысын тапсырған. Қоймада заңды жанармай құю жабдығы болмағандықтан, сарбаздар жанармайды қолмен құюға мәжбүр болған.
Сот барысында айыпталушының қызметіне салғырт қарағаны дәлелденген. Атап айтқанда, жарығы жоқ қоймада түнгі уақытта жанармаймен жұмыс істеуге болмайтынын біле тұра бұйрық берілгені, ал сарбаздарға міндетті қауіпсіздік нұсқаулығы жүргізілмегені айтылды. Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындаған.
Сот үкімімен сотталған азамат марқұм сарбаздың анасына 10 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Еркебұлан Сағындықтың жанармай иісіне уланып қаза болғанын хабарлаған еді. Алайда сарбаздың туыстары ресми нұсқаға күмән келтіріп, істің әділ тергелуін талап еткен.
Фото: «Тіл кеспек жоқ» телеграм арнасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!