Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай облысында менингиттен көз жұмған сарбаз ісі бойынша дәрігерге үкім шықты

06.04.2026, 10:00 57

Абай облысында менингиттен қайтыс болған мерзімді әскери қызметшіге қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды. Семей гарнизонының әскери соты Аягөз әскери госпиталінің дәрігерін кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда ол рақымшылыққа ілігіп, сот залында босатылды. 

Іс материалдарына қарағанда, сарбаз 2025 жылғы 16 мамырда дене қызуы көтеріліп, әлсіреген күйде Аягөз әскери госпиталіне жеткізілген. Дәрігер алғашқы тексеруден кейін оған жедел назофарингит диагнозын қойып, ауруханаға жатқызған. Бірақ келесі күні оның жағдайы күрт нашарлап, қан қысымы төмендеп, құсу белгілері байқалғанына қарамастан, емдеу тактикасы уақытында өзгертілмеген және науқас профильді стационарға дер кезінде жіберілмеген. Кейін ол аудандық орталық ауруханаға ауыстырылғанымен, 19 мамырда жансақтау бөлімінде көз жұмған. 

Сот-медициналық сараптама сарбаздың өліміне іріңді менингит, ми ісінуі, сепсис және өзге де ауыр асқынулар себеп болғанын көрсетті. Сарапшылардың қорытындысында дәрігер ауру белгілерін дер кезінде танымағаны, дұрыс диагноз қоймағаны және менингококк инфекциясына тексермегені айтылған. Мамандар уақтылы әрі нақты диагноз қойылып, ем 16 мамырда басталғанда, жас жігіттің аман қалу мүмкіндігі болғанын көрсеткен. 

Сот үкімімен дәрігер 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, осы уақыт аралығында медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталғаннан моральдық өтемақы, материалдық шығын және өкілдік шығыстарын қоса есептегенде 12 миллион теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім шығарылды. 

Айта кетейік, осы оқиға туралы 2025 жылғы мамырда тараған алғашқы ресми хабарламаларда марқұм сарбаздың 18 жаста екені көрсетілген. Ал үкім туралы кейінгі материалдарда ол 20 жастағы әскери қызметші ретінде аталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: